924
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Адам баласы жаратылысынан аспанға ұмтылады. Зеңгір көктің ішіне бүккен құпиясы көп. Сондайда әуе кемесін тізгіндеп, бұлт арасында қалықтап жүрген ұшқыштарға қызығасың. Міне, сондай армансыз ұшқыштың бірі – Ұлттық ұлан авиациясының маманы майор Берікболсын Хабиболла. Ұшқыш өмірінің 900 сағатын аспанда ұшумен өткізген. Оның кезекті сапарына бізде куә болып, ұландық ұшқышпен сұхбат құрған едік.

– Берікболсын мырза, бала арманына қанат бітіріп, қалаған мамандығына қол жеткізетіндер некен саяқ. Солардың бірі көкте биік самғау арманын орындаған өзіңіз екенсіз. Әңгімені сол арманшыл бала жайында бастасақ.

– Мен 1993 жылдың 13 сәуірінде Шымкент қаласында дүниеге келдім. Туған топырағым Оңтүстік өңір болғанымен, тағдырым мені ерте жастан елордамен табыстырды. Бір жасқа толған кезімде ата-анамның қызмет бабымен Астанаға қоныс аудардық. Балалық арман, жастық шағым осы қалада қалыптасты. Ес білгелі көргенім - Есілдің жағасы, кең көше мен көкке бой түзеген ғимараттар. Бұл орта менің мінезімді шыңдап, мақсатымды айқындады. Саналы ғұмырымның басым бөлігі осы шаһарда өтіп, болашаққа деген сенімім де осында бекіді десем артық емес.

Бала күнімнен аспанға қарап, қалықтаған ұшақтарға қызыға қарайтынмын. Ұшқыш болу – менің ең алғашқы әрі ең үлкен арманым еді. «Баланың жақсысы нағашыдан» деген халық. Нағашы ағам ұшқыш болды. Мені бала кезден авиация базасына жиі апарып, алып ұшақтармен таныстыратын. Кейін 9-сынып оқып жүрген кезде арманыма алғаш қадам бастым. Астанада Т. Әубәкіров ашқан Азаматтық авиация орталығында білім алдым. Түске дейін негізгі мектепте сабақ оқып, түстен кейінгі уақытта осы орталықта білімімді жетілдірдім. Бұл мектептің өмірімде алар орны ерекше, әуе серіктері туралы ақпаратты осы жерден меңгеріп, үнемі білімімімді толтырып отырдым. Жазғы демалыс кезінде арнайы сынақтар тапсырып, ұшқыш болу деген арманым еселене түсті.

Жалпы ата-анам маған мамандық таңдауда ешқашан шектеу қойған емес. Қай саланы таңдасам да, қандай арман айтсам да әрдайым қолдау білдірді. Тіпті бір кездері журналист боламын деп те армандағанмын. Қоғамға ой айтатын, шындықты жеткізетін мамандық иесі болу да маған қызық көрінетін.

Бірақ 9-сыныпта көкке көтерілу мүмкіндігі туған сәт тағдырымды түбегейлі өзгертті. Әуеге көтерілгендегі сезім,  еркіндік пен жауапкершіліктің қатар өрілген ерекше күйі – мені бір жола баурап алды. Сол сәтте нақты таңдау жасағандай болдым.

Сөйтіп арман қуып алып шаһар Алматыға жолым түсті. Азаматтық авиация академия қабырғасында арманыма дара жолды салуды жалғастырдым.

Оқу барысында теория мен тәжірибе қатар өрілді. Үшінші курс оқып жүргенде тағдыр маған тағы бір мүмкіндік сыйлады. Оқу орнының жолдамасымен шетелге практикалық білім жетілдіруге жіберілдім. Бұл – мен үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік еді.

Латвия, Литва, Эстония, Германия, Испания елдерінде тәжірибеден өтіп, өзге әуе кеңістігінде ұшу бақыты бұйырды. Әр мемлекеттің авиациялық мәдениеті, талаптары, тәртібі – бәрі де мен үшін жаңа мектеп болды. Piper, Cessna, Texan сынды әуе кемелерінде тағылымдамадан өту кәсіби көкжиегімді кеңейтті.

Міне осылай... Бала күнгі арманым бүгінде мені көк жүзінде ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматқа айналдырды.

– Арманыңыз орындалып, кәсіби жолыңыз айқындалған шақта тағдырыңызды Ұлттық ұланмен байланыстыруға не себеп болды?

– Әрине, ер бала үшін әкесі әрқашан оның идеал тұлғасы болады. Менің әкем Нұрболат Хабиболла көп жылдар ІІМ саласында жауапты қызмет атқарып, полиция полковнигі шенімен зейнеткерлік демалысқа шыққан. Бала ұядан ұшқанын көреді дейді ғой. Кішкентайымнан көрген тәртіп пен елге қызмет санама ерте орныққанына сенімдімін. 2017 жылдың сәуір айынан бері Ұлттық ұландағы 3656 әскери бөлімінде қызметімді бастадым.

Әскери авиацияда жауапкершілік пен тәртіп бөлек. Мұнда әр ұшу – жай ғана рейс емес, нақты тапсырма. Әр бұйрықтың артында мемлекет мүддесі тұрады. Біз арнайы тапсырма орындап, төтенше жағдайларда жұмылып жауапты міндеттерді атқарамыз. Кейде уақытпен жарысамыз, кейде күрделі метожағдайда жұмыс істейміз. Әр көкке көтерілу кәсібилікпен қатар мінезді де сынайды.

Әскери авиациядағы жолым АН-74, ТК-200 әуе кемелерінің командирінің көмекшісі қызметінен басталды. Командир көмекшісі – экипаждың толыққанды мүшесі, ұшу қауіпсіздігіне тікелей жауапты тұлға.

Әр рейс алдында әуе кемесінің техникалық дайындығын тексеру, маршруттық құжаттармен жұмыс істеу, метеожағдайды зерделеу, ұшу барысында навигациялық есептеулер жүргізу – менің күнделікті қызметіме кірді.

Жылдар бойы жинақтаған тәжірибе, жүздеген сағаттық ұшу, әр тапсырмадан алынған сабақ мені жаңа белеске алып шықты.Бүгінде мен АН-74 әуе кемесінің командирімін. Бұл ұшақ 10 мың метрден астам биіктікке дейін көтеріле алады, ал сағатына 600 шақырым жылдамдықпен кез келген бағытқа сенімді ұшады. АН-74 ұшағы ұшқыр ғана емес, жүк тасымалдау мүмкіндігі де жоғары. Ұшақ 10 тоннаға дейін жүк көтеріп, қажетті аймаққа дәл жеткізуге қау-
қарлы. Ең бастысы – бұл әуе кемесі қатал климаттық жағдайдарға бейімделген. Минус 50 градустан, плюс 50 градусқа дейінгі температурада сенімді ұшуға мүмкіндік береді. Сондықтан АН-74 Ұлттық ұланның барлық тапсырманы орындау барысында сүйенетін әуе кемесі саналады.

– Әуеде сынға түскен кездеріңіз болды ма?

-Ұшқыш болу – мінез бен жүйкенің де сыналатын сәті. Өзім үшін әр ұшудың өз тарихы бар. Сондай есте қалған сәттердің бірі – Барселона аспанында болған кез. Төменде жаңбыр, қою сұр бұлттар... біз бұлт қабатын тесіп шыққанда, жоғарыда жарқыраған күн қарсы алды. Сол сәтте күн сәулесі тек бізге ғана тиесілідей көрінді. Осындай көріністі бір рет көргеннен кейін өз мамандығыма деген құштарлығым артпаса кеміген емес.

2023 жылы Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкінісі – кәсіби өмірдегі ең жауапты кезеңдердің бірі болды. Бұл апат тек сол елдерде ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қосымша  гуманитарлық көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау барысында құқықтық тәртіп әскері де шет қалған жоқ.

Ұлттық ұланның 3656 әскери бөлімінің авиациялық экипаж құрамында көршілес елдерге гуманитарлық көмек жеткізуге алғашқылырдың бірі болып біз жеттік. Барлығы алты мәрте – екі рет Түркияға, төрт рет Сирияға ұштық. Жер сілкінісінің салдарын көзбен көру, адамдардың қайғысын сезіну – адамды ішкі жағынан өзгертеді. Біз гуманитарлық жүктерді тасымалдап, құтқару жұмыстарына қажетті көмекті жеткіздік. Мұндай аймақтарда байланыс пен навигацияда қиындықтар жиі кездеседі, сондықтан әр шешім салқынқанды қабылдануы тиіс.

Сол сын сағатта ел сенімін ақтау – біз үшін басты міндет болды. Кейін Президент тарапынан офицерлер еңбегіне алғыс білдірілуі – үлкен құрмет. Ал мен қызметтік борышымды адал атқарғаным үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл марапат бүкіл экипаждың еңбегі деп білемін.

Бұндай гуманитралық миссиялар – әскери авиациядағы қызметтің бір бөлігі ғана. Ел мүддесіне қатысты тапсырмалар аз емес. Кейде лауазымды тұлғаларды жеткізу, кейде арнайы жедел міндеттерді орындау, кейде төтенше жағдай аймақтарына ұшу – бәрі де мемлекет сенімімен жүктеледі. Сондықтан біз үшін әр ұшу – жай рейс емес, Отан алдындағы жауапкершілік.

Бүгінде Ұлттық ұлан сапында аптасына 3-4 рет оқу-жаттығу ұшуларын өткіземін. Кез келген ауа райы жағдайында әуе кемесін басқару шеберлігін үнемі жетілдіріп отырамын. Авиацияда «жеттім» деген ұғым жоқ, әр күн жаңа дайындық.

Қазір шәкірт тәрбиелейтін кезеңге де келдік. Жас ұшқыштарға тек механика меңгеруді емес, тәртіп пен жауапкершілікті үйретуге тырысамын. Өйткені ұшқыш болу үшін физика мен математиканы білу жеткіліксіз. Темірдей тәртіп, мықты денсаулық және ең бастысы – жүректегі сенім қажет.

– Қызметтегі жауапкерші-ік пен әкелік міндетті қалай ұштастырасыз? Ұлдарыңыз сіздің жолыңызға қызыға ма?

– Ұлдарым әлі кішкентай. Үлкен ұлым Абылай 5-те, Альтаир балам 2-де. Әзірге олар үшін әкесінің мамандығы – жай ғана аспанға ұшып барып, қайта оралатын қызық жұмыс сияқты көрінер. Бірақ мүмкіндігінше оларды авиация базасындағы ашық есік күндеріне ертіп апарып, ұшақтармен таныстырып, аспан әлеміне деген қызығушылықтарын оятуға тырысамын. Баланың арманы кішкентай әсерден басталады ғой.

Дегенмен олар менің жолымды жалғастыруын талап етпеймін. Әр тұлғаның өз тағдыры, өз таңдауы бар. Егер болашақта авиация саласын таңдаса – қолдаймын, бастысы - жүрек қалауын тапса екен деймін. Ең маңыздысы – адал, жауапкершілігі жоғары, еліне пайдалы азамат болып өсуі.

Бұл жолда маған үлкен тірек болып жүрген – жұбайым Дина Хабиболла. Әскери авиация – кестеге бағынбайтын қызмет. Қызметтің жиі сапарлары мен жаттығулары кезінде отбасының берекесін сақтап, балалардың тәрбиесіне көңіл бөліп отырған – Дина. Мен аспанда тапсырма орындап жүргенде, жерде отбасының тыныштығы мен тұрақтылығы қамтамасыз етіліп тұрады. Балалардың күнделікті тәртібі, тәрбиесі, көңіл-күйі – бәрі анасының мейірімі мен сабырының арқасы. Әскери қызметшінің артында мықты отбасы тұрмаса, толыққанды қызмет ету оңай емес.

Сондықтан мен үшін отбасы тек жеке өмір емес, ол менің күш-қуатымның, сенімнің қайнары. Ел алдындағы жауапкершілікті абыроймен атқаруыма мүмкіндік беріп отырған да – сол берік тыл.

– Өмірдегі ең басты мақсатыңыз қандай?

– Мен үшін ең басты мақсат – қай рөлде болсам да адал болу. Аспанда – ел сенімін ақтайтын кәсіби ұшқыш, отбасымда олардың қорғаны, балаларыма үлгі болатын әке болу. Уақыт өткен сайын адам атақ пен марапаттан бұрын артында қандай із қалдыратынын көбірек ойлайды екен. Менің арманым – жинаған тәжірибемді жас буынға үйретіп, авиация саласына өз үлесімді қосу және ұлдарыма дұрыс тәрбие мен берік құндылықтарды сіңіру.

Егер бір күні балаларым мені мақтанышпен айтып, «әкем өз қызметіне адал болды» десе мен үшін одан асқан жетістік жоқ!

- Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жанерке Мұратқызы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -