ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті Алматы қаласы мен Павлодар облысы аумағында электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз айналымға шығарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тергеу мәліметінше, қолданыстағы заңнамалық тыйымға қарамастан, күдікті тұрақты табыс табу мақсатында вейптерді сатудың жүйелі әрі тұрақты схемасын ұйымдастырған.
Заңсыз сауданы жасыру тәсілдері
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз қызметті бүркемелеу үшін бірқатар тәсілдер қолданылған.
- дүкендер желісі қайта аталып, ресми түрде кальян өнімдерін сатуға бағытталғандай көрсетілген
- іс жүзінде электрондық тұтыну құрылғылары мен олардың қосалқы бөлшектері сатылған
- тыйым салынған өнімдер «Telegram» мессенджері арқылы өткізілген
- жеткізу үшін курьерлік қызмет пайдаланылған
Сонымен қатар құпиялылықты сақтау мақсатында жалға алынған орынжайлар, сенімді адамдар және мессенджерлердегі шифрланған байланыс арналары қолданылған.
131 мыңнан астам вейп тәркіленді
Тергеу барысында заңсыз саудадан түскен қаражат қолма-қол түрде де, жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы да жиналып отырғаны анықталды. Кейін бұл қаражат қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген.
Тінту барысында жалпы құны 711 миллион теңгеден асатын 131 мыңнан астам вейп тәркіленді.
Нысана – жастар
Тергеу деректеріне сәйкес, өнімдерді өткізу негізінен жастарға бағытталған. Оның ішінде кәмелетке толмаған мектеп оқушылары мен студенттер болған.
Бұл олардың денсаулығына тікелей қауіп төндіргені атап өтілді.
Қылмыстық табысқа алынған мүлік
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа:
- 4 автокөлік
- Алматы қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен 4 бөлмелі пәтер
сатып алынған.
Аталған мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Ұйымдастырушы мен қатысушылар қамауға алынды
Күдікті әшкереленіп, бұлтартпау шарасы қолданылғанына қарамастан, ол байланысы бар тұлғалар арқылы топ қызметін үйлестіруді жалғастырған.
Қазіргі уақытта қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен бес қатысушысы қамауға алынды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.