Жамбыл облысындағы «Теріс Ащыбұлақ» оқу полигонында 91678 әскери бөлімінің тау қорықшысы ротасы жауынгерлік үйлесімнің кезекті кезеңінен өтуде.
Бұл дайындықтың ерекшелігі – әскери қызметшілердің ғана емес, олардың сенімді серігі саналатын жылқылардың да бір мезгілде оқытылуы, деп хабарлайды DKNews.kz.
Таулы жер жағдайында атпен қызмет атқару – ерекше шеберлік пен төзімділікті талап етеді. Сол себепті жаттығу барысында басты назар атты әскер бөлімшелерін күрделі рельефте тиімді басқаруға аударылады.
Алдымен – жылқыны үйрету
Дайындықтың алғашқы кезеңінде сарбаздардың жеке дайындығымен қатар жылқыларды үйрету жұмыстары жүргізіледі. Себебі әскери бөлімге келген жылқылардың көпшілігі бастапқыда үйретілмеген, бұйрыққа бірден бағына бермейді.
Сондықтан әскери қызметшілер оларды біртіндеп жаттықтырады: алдымен атты басқарудың негізгі дағдылары қалыптастырылады, кейін күрделі тапсырмаларға көшу жүзеге асады.
Тау қорықшысы ротасының командирі, капитан Елнұр Пернебектің айтуынша, бұл процесс бір күнде қалыптаспайды.
«Алдымен әскери қызметші мен жылқының жеке дайындығы жүзеге асады. Кейін бөлімше, взвод және рота құрамындағы іс-қимылдар пысықталады. Жылқы мен сарбаздың өзара сенімі қалыптасқанда ғана күрделі тапсырмаларды орындауға болады», – дейді ол.
Таудағы тапсырмалар – ерекше дайындықты талап етеді
Бір бөлімше жеті атты сарбаздан тұрады. Олар алдымен өзара әрекеттесу тәсілдерін меңгереді. Осыдан кейін ғана жаттығулар взвод және рота деңгейінде жалғасады.
Взвод командирі, лейтенант Санжар Жылқыбаевтың сөзінше, таулы жерде тапсырмаларды орындауда адам мен жылқының үйлесімі шешуші рөл атқарады.
«Тауда қозғалу, кедергілерден өту немесе барлау жүргізу кезінде ат иесі мен жылқының арасында тұрақты байланыс болуы керек. Егер олар бірін-бірі жақсы түсінсе, тапсырманы орындау әлдеқайда тиімді болады», – дейді ол.
Бірлескен іс-қимыл – басты мақсат
Жеке дайындық аяқталған соң сарбаздар бөлімше құрамында бірлескен жаттығуларға кіріседі. Мұндай жаттығулар таулы жер жағдайында қозғалу, бөлімшелер арасындағы үйлесімді әрекет және жедел басқару дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Әскери мамандардың айтуынша, дәл осындай дайындықтар тау қорықшысы бөлімшелерінің кез келген жағдайда өз міндеттерін орындауға толық дайын болуын қамтамасыз етеді.
Жамбыл облысындағы полигонда өтіп жатқан жаттығулар тек әскери шеберлікті ғана емес, адам мен жануар арасындағы сенім мен үйлесімді де нығайтып отыр. Ал бұл – таулы аймақта қызмет атқаратын атты әскер үшін ең маңызды факторлардың бірі.



