Астанада өткен сарапшылар алаңында жаңа Конституцияның қоғам дамуына, білім мен технологияға негізделген болашаққа қалай әсер ететіні талқыланды.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі әлемде елдің басты байлығы – табиғи ресурстар емес, білім мен адам капиталы, деп хабарлайды DKNews.kz.
11 наурыз күні елордада Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қауымдастық өкілдері, журналистер мен қоғам қайраткерлері бас қосқан «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сарапшылар алаңы өтті. Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және тұрақты мемлекеттің институционалдық жүйесін қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді талқылады.
Конституция – қоғам құндылықтарының айнасы
Талқылау барысында сөз алған Bilim Group компаниясының негізін қалаушы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Конституция тек құқықтық құжат емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қоғам қабылдаған құндылықтардың көрінісі және елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар.
«Конституция – тек заңдар жинағы емес. Ол мемлекет пен қоғам қандай құндылықтарды маңызды деп санайтынын көрсетеді. Бүгінгі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен білім мен зияткерлік әлеуетке байланысты», – деді сарапшы.
Әлемде «білім ұлттарының» дәуірі басталды
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда әлемдік экономика түбегейлі өзгеріп жатыр. Бұрын мемлекеттердің қуаты табиғи ресурстармен немесе өндіріс көлемімен өлшенсе, бүгінгі күні басты фактор – білім, ғылым және технология.
Мысалы, Финляндия, Оңтүстік Корея және Сингапур сияқты елдер табиғи ресурстары көп болмаса да, білім мен инновацияға сүйене отырып әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл елдердің тәжірибесі білімге инвестиция салу ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің басты кепілі екенін көрсетеді.
Бүгінде университеттер, ғылыми зертханалар мен технологиялық компаниялар экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Цифрлық дәуірдің жаңа талаптары
Сарапшылар жиында тағы бір маңызды үрдіске назар аударды – бұл цифрлық трансформация. Жасанды интеллект, үлкен деректер және түрлі цифрлық платформалар экономиканы ғана емес, қоғамның құрылымын да өзгертіп жатыр.
Осындай өзгерістер аясында азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық теңсіздікті азайту мәселелері барған сайын өзекті бола түсуде.
Рауан Кенжеханұлының пікірінше, жаңа конституциялық өзгерістер осы мәселелерді де қамтуы тиіс.
Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік
Сарапшы Қазақстанның ерекше артықшылығын да атап өтті. Оның айтуынша, елімізде табиғи ресурстар мен адам капиталы қатар бар. Ендігі маңызды міндет – осы байлықты технологиялық және зияткерлік капиталға айналдыру.
«Қазақстанның басты артықшылығы – табиғи ресурстар мен адам капиталының үйлесімі. Ендігі мақсат – табиғи байлықты технологиялық және зияткерлік капиталға айналдыру», – деді ол.
Оның пікірінше, жаңа Конституция осы бағыттағы реформаларды жүйелеп, білім мен ғылымды қолдауға, инновацияларды дамытуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Білімге негізделген болашақ
Сарапшылардың айтуынша, әлемде «білім ұлттарының» дәуірі басталып келеді. Мұндай мемлекеттерде басты инвестиция – білім, ғылым және технология.
Қазақстан да осы бағытты таңдаса, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.
«Жаңа Конституция табиғи байлықты зияткерлік капиталға айналдыруға және қоғамды білімге негізделген даму жолына бағыттауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Рауан Кенжеханұлы.
Сарапшылардың пікірінше, білім мен технологияны дамытуға бағытталған реформалар Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының басты кепілі болмақ.