Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет – Тоқаев

1265
Фотосурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумында сөз сөйлеп, өкілді органдардың рөлін күшейту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президенттің айтуынша, мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу – айрықша маңызы бар міндет.

Депутаттар жергілікті мәселелерді шешуге белсенді қатысуы керек

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің халықпен кездесуі кезінде азаматтардың көбіне нақты мәселелер көтеріп, түрлі сұрақтар қоятынын атап өтті.

Осындай түйткілдердің тиімді шешілуі үшін депутаттық корпус белсенді бақылау жүргізіп, әкімдермен бірлесіп жұмыс істеуі қажет.

Мәслихаттардың жұмыс тәртібі қайта қаралуы тиіс

Президент мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін де жүйелеу қажет екенін айтты.

Оның айтуынша, көптеген құзыреттер әлі күнге дейін нақты айқындалмаған. Бұл жағдай мемлекеттік басқару үдерісіне белгілі бір кедергі келтіріп отыр.

Депутаттардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды

Мемлекет басшысы өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейту қажет екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, мұндай шаралар халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

Мәслихат төрағаларына ротация енгізу ұсынылды

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқарудың барлық деңгейіне біртіндеп ротациялық тәртіп енгізіліп жатқанын айтты.

Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген.

Президент осы тәжірибені мәслихаттарға да қолдану қажет екенін айтты. Атап айтқанда, мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру және олардың өкілеттігін екі мерзімнен асырмау ұсынылды.

Кәсіби депутаттық корпус қалыптастыру маңызды

Президенттің айтуынша, мұндай тәсіл кәсіби депутаттық корпус қалыптастыруға және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -