814
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Бейбіт күнде нағыз батырды табу  қиынға соғады. Ел басына күн туса, жұдырықтай жүрегін шүберекке түйіп, «қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеп», атқа қонатын алғашқылардың бірі – бүгінгі  мақала кейіпкері. Бұл ойымды ол азаматпен араласып, өткен өмірі мен ұстанымына, алдағы бағдарына қанық болған  әрбір адам құптайды деген сенімдемін. Сұхбат иесі Таулы  Қарабақ қақтығысының ардагері, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік  қолбасшылығының ардагерлер  кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев. Даңқты көшбасшы Бауыржан  Момышұлының ғұмырын бойына тұмар еткен  ардагермен сөз өрбітіп көрдік.

Ардагерлер ардақталған сәт

Биыл Өскеменге жауған алғашқы қар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлім ардагерлер кеңесі төрағаларының бас қосуымен есте қалды. Салтанатты  шара алдында  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие  және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі  орынбасары  подполковник  Арман Сеитов  әскери бөлім  командирлерінің  тәрбие  және  әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен селектор  өткізді. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдермен байланысқа шықпас бұрын, подполковник алыс гарнизоннан келген ардагерлерден жол амандығын сұрап, ауа райының күрт бұзылғанына орай алаңдаушылық танытты. Ардагерлер қауымы қатысқан селектордың негізгі мақсаты әскери бөлімнің ардагерлерге деген құрметі  және олармен  бірге  атқаратын іс-шараларға арналды.

- Үлкенге құрмет,  кішіге  ізет көрсету  бұл адами құндылықтың  бір сипаты.  Өмірін әскери бөлімге арнаған әскери қызметшілер үшін әскери бөлім қашан да ыстық болмақ. Сондықтан, ардагерлерге деген құрмет әрдайым жоғары болу қажет. Өйткені, олардың мерзімді әскери қызметшілердің  бойына жауынгерлік рух дарытуда қажымас қара нардай атқарған шаруалары қыруар. Ұлттық ұлан сапына қосылған мерзімді әскери  қызметшілердің ант қабылдау рәсімінен  бастап, әскери  бөліммен қоштасқан сәтіне дейінгі түрлі жауынгерлік қызмет пен мерейлі іс-шараларда қолдау танытып, әрқашан жандарынан  табылды.  Аға буыннан құралған топтың қамқорлығы тек сарбаздармен шектелмейді. Сондықтан алдыңғы толқын ардагерлерге құрмет көрсету, тығыз  қарым-қатынаста болу қажет, - деді  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие  және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Арман  Сеитов.

Жиында әскери бөлім командирлерінің орынбасаларымен отставкадағы полковник Айдар  Оразбаев та өз пікірін бөлісті. Кеңес төрағасы бұндай жиындардың  артықшылығына  тоқталды.  Ол өңірлік қолбасшылыққа қарасты әрбір әскери  бөлімдегі ардагерлердің рөлі мен олардың ұландықтармен орнаған қарым-қатынасы қаншалықты деңгейде екендігіне тоқталды. Сонымен  қатар, алдағы уақытта жоспарға алынған іс-шараларын ортаға салды.

Бұдан кейін ардагерлерді 5518 әскери бөлімі  клубында салтанатты шара күтіп тұрды. Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің  күніне орай ауқымды деңгейде тағылымға толы іс-шара өтті. Атаулы күннің мақсаты – құқықтық  тәртіптің қалыптасуында елеулі рөл атқарған, қызмет жолында мол тәжірибе жинап, оны жас буынға үлгі еткен ардагерлерге деген құрмет пен ізетті қоғамда нығайту. Салтанатты шарада алғашқы болып "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман  Жұмағалиев сөз сөйледі. Ол жас буынға патриоттық тәрбие беруде өңірлік қолбасшылық ардагерлері  кеңесінің маңызы зор екендігін алға тартты. Сондай-ақ қолбасшы әскери бөлімдегі ардагерлер кеңесінің төрағаларын төс белгімен және мадақтау қағаздарымен  марапаттады.

Әскери қызметшілер және мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысқан жиында келесі сөз «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаевқа берілді. Ардагер арнайы іс-шараға шақырылған әрбір әскери бөлімнің төрағаларына өз сыяпатын ұсынып, атқарылған жұмыстарға терең тоқталды.

Аға буыннан құралған топтың қамқорлығы тек қатардағы жауынгерлермен шектелмейді. Ол көпбалалы әскери қызметшілердің отбасыларына жиі барып, материалдық және моральдық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, зейнеткерлерді де назардан тыс қалдырмай, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөледі. Ардагердің демеушілігімен бірқатар күрделі оталар жасалып, әлеуметтік көмек көрсетілген. Ардагерлер кеңесінің игілікті істері мұнымен шектелмеді. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерге тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгердің есімін беруде елеулі үлес қосты. Ардагерлердің өнегелі жолын дәріптеу және жастар арасындағы патриоттық тәрбиені қалыптастыруға негізделген іс-шараға әскери ардагерлер мен әскери бөлім әскери қызметшілері, сонымен қатар  Өскемен қаласындағы мектептердің басшылығы мен оқушылары қатысты.

– Біздің мектеп үшін «Шығыс»  өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесі атқарған іс-шаралардың ауқымы кең. Әсіресе, кеңес төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаевтың  оқушыларға әскери патриоттық  тәрбие  беруде  қыруар жұмыстар атқарды. Оқушылар Айдар Оразбаевтың арқасында әскердің қандай  екенін өз көзімен көріп, Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріндегі жауынгерлік  қызметімен танысты. Алдағы уақытта Ұлттық ұланмен байланысымыз одан сайын нығая түседі деген ойдамын, - дейді №24 орта білім беретін мектеп директоры  Ләззат Мәуітхан.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесіне тоғыз жүзден  астам әскери қызметші мүше боп тіркелген. Олардың ішінде оннан астам  Ауған  соғысының, Тәжік-ауған шекара қақтығысының  және  Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлері бар. Іс-шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Іс-шараға Ауған соғысының  ардагері Серік Қадыров  қатысты. Мерейлі шақта ол да  сахна төрінен табылып, алдыңғы  толқын  туралы  ойымен  бөлісті.

– Ұлттық  ұланның  ардагерлер  кеңесін  Айдар  Оразбаевсыз елестету мүмкін емес. Ардагердің  атқарып  жатқан  жұмыстары  орасан зор. Әсіресе, өзге де  әскери құрылымдардың  ардагерлер  кеңесімен  бірге бірқатар ілкімді істердің себепшісі атанды. Ол тек қана мектеп оқушыларымен жұмыс жасамайды. Ол  өңірлік,  облыстық  тіпті  республикалық  іс-шараларда  төбе танытып,  мұрындық болады. Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлерін ғана емес, тә­жік-ауған шекарасының, сонымен қатар ау­ған соғысының ардагерлерінің бас қосуына себепкер болып, тағылымдық іс-шараларды жүргізіп, әрдайым ардагерлер қауымының ортасында жүреді. Қазақта «жас келсе іске» дейді. Мен бұл мақалды «Оразбаев  Айдар келсе іске» деп өзгертер едім. Өйткені, ол бастаған бастама соңына жетпей қоймайды. Тайсалмас  қайтпас қайсар мінезі, жұмысқа деген ептілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, ораторлық  шеберлігі азаматтың болмысын одан сайын асқақтатады. Отставкадағы полковник кез келген іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырудың хас шебері. Оқушыларды қойып, ол қамкөңіл қарттарды назардан тыс қалдырмайды. Салтанатты іс-шара­да  ардагерлердің үйлеріне арнайы бар­ып, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен ардагерлердің ауласында шағын концерт ұйымдастырып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының  атынан құттықтау хат­тар мен сыйлықтар табыстайды.

Патриоттық тәрбие партадан басталады

Алшаң жүрісті, еңсегей бойын тік ұсайтын азаматты мектеп директоры ма деп ойлап қалатын білім нысанының ауласынан көргендер. Қолына папкасын ұстап, мектепке кірген  ардагерді көрген оқушылар қауымы қуаныштан  қапсыра құшақтайды. Өйткені, оның  өткізген  ерлік сабағы көңілді әрі қызықты өтеді. Ардагердің күлімсіреген  жылы  шырайы елең еткен оқушыны еліктіріп алып кетеді. Алайда, ардагердің әскери бөлімнің командирі болып, жеке құрамды басқарғанын көбі білмейді.  Ержүрек офицерді сауда орындарынан немесе қала көшесінен көрсе  болды балақайлар жапа-тармағай жабысып, құдды қамқор  ата­ларын көргендей  мәз-мейрам  болып, бір жасап қалады. Таулы Қарабақ қақтығысының майдангері, әскерде  қатал әрі  қайсар жауынгер болғанымен,  оқушыларға келгенде  балажанды. Ізетті оқушыларды қойып, мектеп ұстаздары мен  басшылықтары да  отставкадағы полковникпен байланыстың нығая түсуін әскери патриоттық тәрбиенің жетеріне жеткізіп, тереңдей түсуімен ұштастырады. Қазіргі қоғамда белең алып жатқан оқиғалар еліміздегі мерзімді әскери қызметтің ахуалын күрделендіре түседі. Ал, отставкадағы полковник Оразбаев болса, оқушы қауымға  және бізге шынайы қазіргі әскерді  көруге мүмкіндік берді.  Айталық,  Өскемен қаласына ғана емес, Шығыс Қазақстан облыстарына қарасты мектеп оқушыларына Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне ашық есік күнін ұйымдастырады.

Жасыратыны жоқ, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның академиясына түсушілердің  саны да  бұрнағыдай көп емес. Ал, осы орайда отставкадағы полковник Айдар Оразбаевтың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде үлкен рөл ойнайтындығын біреу білсе біреу  білмес. Әскери оқу орынға қызыққан оқушының байланыс нөмірін жазып алып, қажетті тұлғаларға тапсырып, екі ортада дәнекер болып жүрген де осы азамат. Айта кету керек, ардагерлер кеңесінің жұмысы тек бір әскери бөліммен шектелмей, өңірлік деңгейде де жүйелі түрде жүргізіледі.

Ардагерлер кеңесінің жұмысы әскери бөлімдер орналасқан Абай облысы, Павлодар облысы және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Әскери бөлімдер орналасқан облыстар мен қалаларда қамқорлыққа алынған мектептер, кураторлыққа алынған колледждер мен жоғары оқу орындары бар.

Айдар Оразбаевтың баға жетпес тәжірибесі жас офицерлерге үлкен азық, кәдеге жарайтын жәдігер. Ардагерлер сарбаз аналары комитетімен тығыз байланыс орнатып, көптеген тәрбиелік іс-шара өткізеді. Әскери бөлімдердің құрылған күндерін, айтулы даталарды атап өтеді, үздік шыққан жауынгерлерді марапаттап, сыйлықтар табыстайды, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетеді.

Айдар Ахметқалиұлының айтуынша, әскери бөлімге жас сарбаздар келген кезде ардагерлер бөлімшелерге бекітіледі. Ардагерлер қару табыстау, әскери ант қабылдау, жауынгерлік қызметке алғаш шығу сәттеріндегі шараларға да белсенді қатысады. Олар жас сарбаз қарауылдағы алғашқы ауысымынан кейін қарауыл бөлмесіне кіре бере, оны салтанатты түрде құттықтап, жауынгерлік қызметке шыққанына орай естелік сыйлықтар табыстайды. Осылайша әскерге келген күннен бастап-ақ сарбаз қамқорлық пен қолдауды сезінеді. Әскери бөлімде бұйығы болып жүрген сарбаздар Айдар Ахметқалиұлын көргенде атасын көргендей аңқылдап, бар іштегі сырын ақтарады.  Бұл ардагерге деген шынайы сыйластықты білдірсе керек.

Қарабақ қақтығысының қабыланы

Ішкі істер министрлігі ардагерлерінің алдыңғы сапында запастағы полковник Айдар Оразбаевтың есімі айрықша аталады. Бүгінде ол «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесін басқарып отыр. Айта кетерлігі, бұл ұйымның өткен жылғы жұмысы Ұлттық ұлан бойынша үздіктердің бірі деп танылған. Отставкадағы полковник Айдар Оразбаев 1962 жылдың 15 сәуірінде Семей қаласында дүниеге келген.  Жанұяда әскери қызметкер болмаған. Офицердің әкесі Ахметқали әуесқой түрде былғары қолғап киіп, бокспен шұғылданған. Анасы Гүлшара Ахметқызынан тағылымды тәрбие  алады. Айдар Оразбаев үш жасқа толғанда отбасы Зайсанға қоныс аударады. Бала Айдар бұл өңірде Михаил Ломоносов атындағы орта мектептен білім алады. 1979 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, бала күнгі арманы орындалып, Новосибирск жоғары әскери командалық училищесіне оқуға түседі. Оны 1983 жылы табысты аяқтаған жас лейтенант Қарағандыдағы 6505 әскери бөліміне жолдама алады. Араға бір жыл салып, Айдар Оразбаев 5451 әскери бөліміндегі арнайы мақсаттағы взвод командирі қызметіне іріктеледі. Бірнеше айдан кейін-ақ оның взводы Мәскеуден келген комиссияның инспекторлық тексерісінен сүрінбей өтеді. 1988 жылдың 28 ақпанында аға лейтенант Оразбаевтың басқаруындағы взвод әскери жедел резерв құрамында Кировабадқа (қазіргі Гянджа, Әзірбайжан) жіберіледі. Қазақстандық ішкі әскер жауынгерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету міндетін атқарды. Осы жерде жас офицер алғашқы қақтығыс кезінде жарақат алады. Одан кейінгі қызмет жолы Грузия мен Арменияға жалғасады. 1988 жылдың желтоқсанында олар Ереваннан Армян КСР-індегі Ленинакан қаласына жіберіледі. Бұл жерде жойқын жер сілкінісі болған еді. Әскери жедел резервтің жеке құрамы батальон штабы бастығының міндетін уақытша атқарған Айдар Оразбаевтың басшылығымен үш ай бойы ішкі істер органдарына көмек көрсетіп, бақылау-өткізу бекеттерінде жауынгерлік қызмет атқарды, апат салдарын жоюға қатысты.

1989 жылы олар әскери жедел резерв құрамында Таулы Қарабақта жауынгерлік міндеттерді орындады. Ал 1990 жылы қайтадан Бакуге аттанып, Бинак әуежайы комендантының орынбасары қызметін атқарды.

– Сол жерде мені Павлодар қаласында жаңадан құрылып жатқан 5512 әскери бөлімінің штаб бастығы қызметіне тағайындады, Жаңа қызметте бөлімнің жеке құрамын жасақтап, жауынгерлік міндеттермен қатар шаруашылық мәселелерін де қатар алып жүруге тура келді, – дейді Айдар Ахметқалиұлы.

1991 жылы Айдар Оразбаев алтыншы мәрте Таулы Қарабаққа аттанып, 5512 әскери бөлімінің құрамында қызмет атқарды. Ол кезде Нариштар атты биік таулы заставада бекет бастығы, мотоманеврлік топ командирі ретінде қызмет етіп, колонналарды таулы жолдармен қауіпсіз алып өтуді ұйымдастырды. Қызметті сауатты ұйымдастырып, көрсеткен ерлігі үшін қазақстандық әскери қызметшілер мемлекеттік наградаларға ұсынылды. Алайда сол кезеңде Кеңес Одағы ыдырап, батальондар өз тәуелсіз мемлекеттеріне тарай бастады. Батырдың марапаты кешігіп жетті. Тек 1993 жылы Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен Айдар Оразбаев басқа да офицерлермен бірге «Әскери қызметтегі ерекшелігі үшін» I дәрежелі медалімен марапатталды.

Отставкадағы полковник, жауынгерлік іс-қимылдардың ардагері Айдар Оразбаев үшін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ерекше есте қалды. Ол кезеңде көптеген мамандықтардың қадірі кетіп, қоғамда қылмыс өршіген еді. 1992 жылы Өскеменде орын алған оқиғалар жағдайдың ушығып тұрғанын көрсетті. Төрт бірдей қазақ жасының аса қатыгездікпен өлтірілуі бүкіл өңірді дүр сілкіндірді. Күрделі криминогендік ахуалға біреулер «отқа май құйғандай» әсер етіп, қауесет тез тарады. Сол кезде Тарбағатай, Ұлан аудандарынан және Семейден жастар жаппай облыс орталығына ағылды. Қауіпті аймаққа Алматы, Қарағанды және Павлодарда орналасқан ішкі әскер бөлімдері шұғыл түрде жіберілді.

– Біз әскери жедел топ құрамында қырық тәулік бойы жауынгерлік қызмет атқардық. Газ жинақтау стансасын күзетіп, Овечий ключ елді мекеніндегі шешен ұлты өкілдерінің ықшам қоныстанған ау-мағын қоршауға алып қорғадық. Соның нәтижесінде ұлтаралық араздыққа, тонау мен тәртіпсіздікке жол бермедік,– деп еске алады ардагер.

Жауынгерлік жағдайда шыңдалған офицер кейін өзі еңбек жолын бастаған 5451 әскери бөліміне полк штабының бастығы болып қайта оралады. Ал 1995 жылы Өскеменге полк командирі болып жіберіліп, жаңадан құрылған 5518 әскери бөлімін жасақтауға кіріседі. Осы жылдары Айдар Ахметқалиұлының Қарағанды жоғары милиция мектебінде оқып, екінші – заңгерлік білім алады. Қызметтік жолы одан әрі Ақтауға жалғасып, ол жерде екі жыл қызмет атқарады. Полковник шені Семейде полк командирі болып тұрған кезінде беріледі.  Қызмет бабындағы сансыз сапарлар, күрделі жағдайда орындалған үкіметтік тапсырмалар денсаулығына да салмақ салмай қойған жоқ. 2003 жылы полковник Айдар Оразбаев денсаулығына байланысты құрметті демалысқа шығады.

Батыр қартайса да батыр

Отставкадағы  полковникпен қол алысып, сәлемдескен адам, оның  әлі де бір кісілік қауқарының бар екендігін бірден аңғара алады. Ұстаған алақаныңды мытып, қысып жібергенде көзіңе жас үйіріледі. Алпыстың бел ортасына  таяған жасамыс жанына  әлі күнге дейін спортты серік етіп келеді. Дене шынықтыру жаттығуларын үнемі жасап, бассейнде жүзіп,  салауатты  өмір салтын ұстанады. Айдар Ахметқалиұлының отбасылық өмірі де өнегеге толы. Ол жұбайы Күлпаш Ануарбекқызымен бірге Заура мен Зарина атты екі қыз өсіріп, бүгінде жеті немеренің қызығын көріп отыр.

Айдар Ахметқалиұлының қызметтік әрі өмірлік жолы – жастарға үлгі. Ол «Әскери қызметтегі ерекшелігі үшін» I дәрежелі медалімен (Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығы), «Армениядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқаны үшін», «1988–1992 жылдардағы Закавказьедегі жауынгерлік қимылдарға қатысушы», «Таулы Қарабақтағы бітімгерлік миссиясына қатысқаны үшін», «Ерлік үшін» сынды жиырмадан астам медальмен марапатталған. Закавказье республикаларындағы қызметі кезеңінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Қызметтегі ерекшелігі үшін» I және II дәрежелі төсбелгілеріне ие болып, есімі КСРО ІІМ ішкі әскерлерінің Құрмет кітабына енгізілген. Сондай-ақ «КСРО ІІМ-дегі үздік қызметі үшін» белгісімен және КСРО БЛКЖО Орталық Комитетінің ең жоғары марапаты – «Жауынгерлік ерлік» белгісімен марапатталған. Ардагерлер кеңесінің ұсынуымен, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан зор үлесі мен белсенді өмірлік ұстанымы үшін Айдар Оразбаев «ІІМ-нің құрметті ардагері», «Еңбек ардагері», «Ардагерлер қоғамына қосқан үлесі үшін», «Шығыс Қазақстанның құрметті спорт ардагері» медальдарына ие болды.

Батырға лайық ғұмыр кешіп жатқан офицердің әлі де алда бағындырар біраз белестері бар. Ол жастықтың жалауы артта қалса да, қарқынын бәсеңдетпей үдетіп келеді. Бұл нағыз батырға тән қасиет. Отанға адал қызмет етудің, ерлік пен еңбектің айқын үлгісіне айналған ардагер - ел тыныштығы үшін қауіпті шепте қызмет еткен ерліктің шежіресі іспеттес.

Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -