Астана қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы қызмет жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл міндетті орындауда Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына тікелей бағынатын әскери бөлімдердің рөлі ерекше. Елордадағы тыныш өмір — жүйелі әрі үйлесімді атқарылатын қауіпсіздік қызметінің нәтижесі. Бұл міндетті Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері абыроймен атқарып келеді.
Әскери бөлімнің жеке құрамы бас қаланың алты ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әскери жасақтар кешкі сағат 17:00-ден сағат 23:00-ге дейін патрульдік қызмет атқарады. Күн сайын елорда көшелеріне 1000-нан астам ұландық жауынгер қызметке шығып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда.

Елордамыздың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызмет нақты нәтижелермен өлшенеді. Әскери жасақтардың қызметі құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді. Жауынгерлік қызметтің тиімді ұйымдастырылуы өткен кезеңдегі төмендегідей көрсеткіштерден айқын көрініс тапты:
Айта кетсек, 2025 жылдың өткен кезеңінде әскери бөлім жауынгерлік қызметтің 1215 міндетін орындады. Қызмет барысында әскерилер Астана қаласының Полиция департаментіне 4923 азаматты жеткізді. Оның ішінде:
- 4862 адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталды;
- 61 азаматтың әрекеттерінен қылмыс белгілері анықталды.

Сонымен қатар, ұландық жауынгерледің қатысуымен:
- 3 ұрлық фактісі анықталды;
- 56 дерек бойынша есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен және прекурсорлармен заңсыз әрекеттердің жолы кесілді;
- 1 жағдайда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі тіркелді;
- 1 дерек бойынша қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттармен заңсыз айналым фактісі анықталды.
Жауынгерлік қызмет барысында тек құқық бұзушылықтардың жолын кесу ғана емес, азаматтарға көмек көрсету бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, оң нәтижеге ие 236 жағдай тіркелді. Олардың ішінде:
- есірткі заттары салынған бетбелгілерді анықтау;
- жоғалған азаматтарды табу;
- балалар мен жасөспірімдерді құтқаруға көмек көрсету;
- автокөліктердің жану деректерінің алдын алу;
- азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету фактілері бар.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – жоғары жауапкершілік пен қырағылықты талап ететін қызмет. Бұл міндетті атқаруда әскери бөлім сарбаздары күнделікті патрульдік қызметке шығып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда.
Қатардағы Бахтияр Рүстем:
— Біздің қызметіміздің басты мақсаты – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір патрульге шыққанда біз өзімізге жүктелген міндеттің маңыздылығын түсінеміз.
Қатардағы Әділ Досмағамбетов:
— Қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілік. Қызмет барысында заң талаптарын сақтай отырып әрекет ету – біздің басты қағидамыз.

Ұландықтардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жоғары деңгейде қызмет атқаруына қажетті жағдай жасау мақсатында бөлімшенің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі кезең-кезеңімен жаңартылуда.
2025 жылы жергілікті атқарушы орган тарапынан Астана қаласының көшелерін патрульдеу үшін Hilux маркалы 20 дана және Hyundai Staria маркалы 12 дана жаңа қызметтік автокөлік бөлінді. Сонымен қатар, жеке құрамның пайдалануына Yutong маркалы 19 автобус берілді. Алдағы уақытта қосымша 17 автобус жеткізу жоспарлануда.
Аталған техника бөлімшенің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған және жеке құрамның жауынгерлік қызметке дайындығын арттыруға ықпал етеді. Жаңа автокөліктер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жедел әрекет ету және өзге де қызметтік-жауынгерлік міндеттерді тиімді орындау үшін пайдаланылады.

Жалпы алғанда, әскери бөлімнің қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ұландықтардың тәуліктік қызметі елорданың тұрақтылығы мен азаматтардың тыныштығын сақтауға бағытталған.
Лейтенант Әйгерім Балтабаева