Астанада өткен тамыз конференциясының отырысында білім беру жүйесін жаңғырту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, ауыл мектептерінің мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ оқушылардың құқықтық және цифрлық мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқылануда. Білім саласындағы қазіргі өзгерістердің мазмұны мен олардың нақты нәтижелері туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Жомарт Симтиков пікір білдірді.
- Соңғы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай артып, мыңнан астам жаңа мектеп салынды. Бұл инфрақұрылымдық жаңғыру білім сапасына және әсіресе ауыл мектептеріндегі білім беру мүмкіндіктеріне қандай нақты өзгерістер әкеліп жатыр?
- Қазақстанда 2020 жылдан бері 1,1 млн оқушыға арналған 1242 жаңа мектеп салынған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4 есеге, апатты мектептер 2,5 есеге, оқушы орындарының тапшылығы 4 есеге қысқарғаны ресми деректерде айтылып жүр. Ол жалпы ауылдың дамуына үлкен әсер еткені белгілі. Осыған орай, ауыл мектептері үшін өзгерістің бірнеше нақты бағытын атап өтуге болады.
Біріншіден, материалдық жағдай жақсарды. Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2 мыңнан астам жаратылыстану-математика бағытындағы зертхана жабдықталған. 2026 жылы мыңнан астам ауыл мектебінде күрделі жөндеу жүргізіліп, 1176 заманауи пәндік кабинет іске қосылған.
Екіншіден, қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылық азайып келеді. «Келешек мектептері» жобасы аясындағы мектептердің едәуір бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан: 217 мектептің 84-і ауылда, ал жаңғыртылатын 1300 мектептің 820-сы ауылдық мектептер.
Үшіншіден, оқу мүмкіндіктері кеңеюде. Заманауи зертханалар, пәндік кабинеттер, цифрлық ресурстар ауыл оқушыларының физика, химия, биология, информатика сияқты пәндерді тек теориялық емес, практикалық тұрғыдан меңгеруіне жағдай жасайды. Электронды оқулықтардың интерактивті форматқа көшуі де білім ресурстарына қолжетімділікті арттырады.
Төртіншіден, инфрақұрылымның жаңаруы автоматты түрде білім сапасының бірден жоғарылағанын білдірмейді. Әсіресе шағын жинақты ауыл мектептері үшін негізгі мәселе — заманауи ғимаратпен қатар білікті мұғалім, пән мұғалімдерінің тұрақтылығы, интернет сапасы, олимпиадаға дайындық, қосымша білім беру және жоғары оқу орындарына түсуге бағыттау. Сондықтан келесі кезеңде инвестицияның негізгі көрсеткіші мектеп саны емес, оқушының нақты білім нәтижесі болуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, ауыл мектебін жаңғыртудың келесі кезеңі «ғимаратты жаңарту» моделінен «білім нәтижесін жаңарту» моделіне көшуі қажет. Яғни, әрбір жаңа немесе жаңғыртылған мектептің тиімділігі оқушылардың функционалдық сауаттылығы, пәндік білім деңгейі, олимпиадаларға қатысуы, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі және цифрлық ресурстарды пайдалану деңгейі арқылы бағаланғаны дұрыс.
Мұнда оң динамиканың бір белгісі де бар екені анық. Ресми мәлімет бойынша, ауыл оқушыларының республикалық олимпиадаларға қатысу үлесі биыл 4,8%-ға жеткен.
Бүгін жаңа мектептер ауыл баласына бұрынғыдан әлдеқайда жақсы инфрақұрылымдық мүмкіндік беріп отыр. Ендігі басты міндет — осы мүмкіндікті сапалы мұғаліммен, заманауи әдістемемен және тең білім нәтижесімен толықтыру. Сонда ғана білім саласына салынған инвестиция әлеуметтік инфрақұрылымға емес, нақты адами капиталға айналатыны сөзсіз.
- Мемлекет басшысы оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жою және ұстаздардың біліктілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Биыл педагогикалық мамандықтарға 12 мыңнан астам грант бөлініп, олардың қатарында 2 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері бар. Білім беру саласына осындай дарынды жастардың көптеп келуі мектептердің дамуына және оқыту сапасына қандай серпін береді?
- Бұл көрсеткішті білім саласындағы сандық өзгерістен сапалық өзгеріске өтудің маңызды белгісі ретінде бағалауға болады. Педагогикалық бағыттарға жоғары нәтижелі түлектердің келуі мұғалім мамандығының тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Бұған педагогикалық мамандықтарға қойылатын талаптардың күшеюі де әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ресми дерек бойынша 2024 жылы педагогикалық бағдарламаларға түсушілердің ҰБТ-дағы орташа балы 105 баллға жеткен, ал «Алтын белгі» иегерлеріне 1,7 мыңнан астам грант берілген.
Менің ойымша, дарынды жастардың мектепке көптеп келуі еліміздің өркендеуіне бірнеше бағытта нақты серпін береді.
Біріншіден, оқыту сапасының интеллектуалдық деңгейі көтеріледі. Жоғары академиялық дайындықпен келген жас мұғалім өз пәнін терең меңгеріп қана қоймай, оқушыны жаттауға емес, талдауға, зерттеуге және өз бетінше ойлауға үйретуге бейім болады.
Екіншіден, мектепке жаңа педагогикалық мәдениет келеді. Жас мамандар цифрлық технологияларды, жасанды интеллект құралдарын, интерактивті әдістерді және жобалық оқытуды белсендірек қолдана алады. Бұл әсіресе ауыл мектептері үшін маңызды, өйткені қазіргі инфрақұрылымдық жаңғыртуды сапалы кадрлық жаңарумен ұштастыру қажет.
Үшіншіден, оқушылардың кәсіби бағдарлануына ықпалы артады. Жас әрі білімді мұғалім оқушы үшін тек пән оқытушысы емес, белгілі бір ғылымға немесе кәсіпке қызығушылық қалыптастыратын тәлімгерге айнала алады.
Төртіншіден, ауыл мектебінің кадрлық әлеуеті күшейеді. Ауылға талантты педагогтердің келуі қала мен ауыл арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартуға мүмкіндік береді. Бірақ мұнда тек грант жеткіліксіз. Жас маманды ауылда ұстап қалу үшін тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, кәсіби өсу, тәлімгерлік және заманауи мектеп ортасы қатар қамтамасыз етілуі керек.
Сондықтан биылғы 12 мыңнан астам гранттың және олардың ішінде 2 мыңнан астам «Алтын белгі» иегерінің болуы — жақсы бастама, бірақ ең басты көрсеткіш грант саны емес, осы жастардың бірнеше жылдан кейін мектептегі нақты білім нәтижесіне қосқан үлесі болуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, келесі кезеңде «дарынды жасты педагогикаға тарту» моделінен «дарынды педагогті мектепте ұстап қалу және кәсіби тұрғыдан дамыту» моделіне көшу маңызды.
Яғни мемлекет үшін мәселе енді тек «мектепке кім келеді?» деген сұрақпен шектелмей, «сол талантты мұғалімнің мектепте ұзақ уақыт жұмыс істеуіне және кәсіби әлеуетін толық ашуына қандай жағдай жасаймыз?» деген сұраққа ауысуы қажет деп ойлаймын. Сонда жаңа мектептер мен мұғалімдер бір-бірін толықтырып, білім беру жүйесінің басты нәтижесіне — оқушының сапалы білімі мен бәсекеге қабілетті адами капиталына айналады.
- Мектеп бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстарының енгізілуі жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды қадам болмақ. Бұл пәндер арқылы оқушылардың Конституцияны құрметтеу, өз құқықтары мен міндеттерін білу және заңға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруда қандай нәтижелер күтіледі?
- Бұл бастаманың маңызы өте жоғары деп ойлаймын. 2026-2027 оқу жылынан бастап 5-7-сыныптарға «Конституция негіздері», ал 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп» міндетті курстары енгізіліп отыр. Сонымен қатар бұрын таңдау пәні болған «Құқық негіздері» курсы барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілуде. Меніңше, бұл курстардың басты нәтижесі — оқушыға заңды жаттатудан гөрі, заңды құрметтейтін және өз құқықтары мен жауапкершілігін түсінетін азамат қалыптастыру болуы керек. Күн тәртібінің сұранысына сәйкес келеді.
Алдымен, Конституциялық сауаттылық қалыптасады. Оқушы Конституцияны абстрактілі құқықтық құжат ретінде емес, өзінің күнделікті өміріндегі құқықтар мен міндеттердің негізгі кепілі ретінде түсіне бастайды. Мысалы, білім алу құқығы, жеке басының қадір-қасиеті, пікір білдіру, заң алдындағы жауапкершілік сияқты ұғымдардың нақты өмірдегі маңызын түсінуі тиіс.
Әрі қарай құқық пен міндеттің арақатынасы түсіндіріледі. Құқықтық мәдениет тек «менің құқығым бар» деген түсінікпен шектелмеуі керек. Оқушы өзінің құқығын пайдалана отырып, басқа адамның құқығы мен заңды мүддесін құрметтеу қажеттігін де түсінуі маңызды.
Нәтижесінде, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Жасөспірім заң талаптарын, өзінің жауапкершілік шегін және құқықтық салдарды ерте жастан түсінсе, буллинг, кибербуллинг, мүлікке зиян келтіру, қоғамдық тәртіпті бұзу сияқты мәселелердің алдын алуға ықпал етеді. «Заң мен тәртіп» қағидатын мектеп пен мектептен тыс ортаға енгізу мемлекеттік деңгейдегі саясаттың да бір бағыты ретінде белгіленген.
Осыған орай, құқықтық мәселелерді шешудің өркениетті тәсілі қалыптасады. Оқушы мәселе туындаған кезде күш қолдану немесе жанжал арқылы емес, диалог, дәлел, заңды рәсімдер мен тиісті институттарға жүгіну арқылы шешім іздеуді үйренуі қажет.
Соңында, азаматтық жауапкершілік күшейеді. Конституцияны құрметтеу тек мемлекеттік рәміздерді немесе заң баптарын білумен өлшенбейді. Ол қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және елдің қоғамдық өміріне саналы түрде қатысудан көрінеді.
Ең бастысы бұл курстардың тиімділігін оқушының қанша заң бабын жаттағанымен емес, нақты өмірлік жағдайда құқықтық шешім қабылдай алуымен бағалау орынды.
Мысалы, оқушыға «Егер сыныптасыңның құқығы бұзылса, не істейсің?», «Әлеуметтік желіде жалған немесе адамның ар-намысына тиетін ақпарат тараса, қалай әрекет ету керек?», «Мектептегі шешіммен келіспесең, өз пікіріңді қандай заңды жолмен білдіре аласың?» деген практикалық жағдайларды талдату әлдеқайда тиімді.
Түпкі мақсат — заңнан қорқатын емес, заңды түсінетін азамат қалыптастыру. Егер мектептегі құқықтық білім күнделікті тәрбие жұмысымен, пікірталаспен, нақты өмірлік жағдайларды талдаумен және азаматтық мәдениетпен ұштастырылса, бұл курстар жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын ғана емес, жауапкершілігін, сыни ойлауын және қоғамдық болашақ саяси мәдениетін арттыруға елеулі ықпал етеді.
- Мемлекет басшысы мектепті сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбие беретін орта ретінде қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бүгінде білім мен тәрбиені ұштастырып, оқушылардың отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық және жауапкершілік қасиеттерін дамытуда қандай тиімді тәсілдер қалыптасып келеді?
- Бұл бағытта қазір Қазақстан мектептерінде маңызды өзгеріс жүріп жатыр. Білім мен тәрбиені бөлек қарастырмай, оларды біртұтас үдеріс ретінде ұйымдастыруға басымдық берілуде. «Адал азамат» бағдарламасы тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты алты негізгі құндылыққа сүйенеді. Осы бағытта бірнеше тиімді тәсіл қалыптасып келеді. Біріншіден, құндылықтарды күнделікті оқу үдерісіне енгізу. Отаншылдық немесе жауапкершілік тек тәрбие сағатында айтылатын ұғым болып қалмауы керек. Мысалы, тарих сабағында елдің өткенін талдау, әдебиетте ұлттық құндылықтарды зерделеу, биологияда табиғатты қорғау мәселелерін қарастыру арқылы тәрбиені әр пәннің мазмұнымен байланыстыруға болады. Бұл — білім мен тәрбиенің табиғи бірлігін қамтамасыз етеді. Екіншіден, «сөзден — әрекетке» көшу. Еңбекқорлықты еңбек туралы әңгімемен емес, нақты еңбекпен қалыптастырған тиімді. Мектеп ауласын абаттандыру, экологиялық жобалар, волонтерлік бастамалар, әлеуметтік жобалар, қайырымдылық акциялары оқушыға жауапкершіліктің практикалық мәнін түсіндіреді. «Адал азамат» бағдарламасында «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Smart bala» сияқты жобалардың болуы осы тәсілдің маңызын көрсетеді. Үшіншіден, оқушының өзіне еркіндік пен қатар жауапкершілік беру. Мектептегі өзін-өзі басқару, пікірталас клубтары, жобалық жұмыстар мен қоғамдық бастамалар арқылы бала дайын шешімді орындаушы ғана емес, шешім қабылдау процесіне қатысушы болуы қажет. Бұл оның көшбасшылық, коммуникация және азаматтық жауапкершілік қабілеттерін дамытады. Төртіншіден, патриотизмді ұран емес, нақты азаматтық әрекет арқылы қалыптастыру. Туған өлкенің тарихын зерттеу, жергілікті экологиялық мәселелерді зерделеу, тарихи-мәдени нысандарды қорғау, қарт адамдарға немесе қоғамның осал топтарына көмектесу — отаншылдықтың күнделікті өмірдегі көрінісін қалыптастырады. Бесіншіден, мектеп пен отбасының серіктестігін күшейту. Бала мектепте жауапкершілікке тәрбиеленіп, үйде оған қарама-қайшы құндылықтарды көрсе, тәрбие нәтижесі әлсірейді. Сондықтан мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жұмыс істеуі маңызды. Олардың мақсаты — ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты күшейту және позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Алтыншыдан, оқушының жетістігін тек сабақта алған бағамен өлшемеу. Білім нәтижесімен бірге оның командада жұмыс істеуі, бастама көтеруі, қоғамдық іске қатысуы, еңбекке көзқарасы, өз әрекетіне жауап беруі де ескерілуі қажет. Сондықтан қазіргі мектептің басты міндетін «білімді оқушы» мен «тәрбиелі оқушыны» бөлек қалыптастыру емес, білімді, еңбекқор, жауапты әрі отаншыл азаматты біртұтас тұлға ретінде тәрбиелеу деп қарастырған жөн.
- Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі мен психологиялық саулығына ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен жұмысы арқылы балалардың цифрлық мәдениетін және ақпараттық иммунитетін қалыптастырудың қандай жаңа мүмкіндіктері бар?
- Бүгінгі таңда балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі мектептің маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр. Бұл жерде басты мақсат — баланы интернеттен оқшаулау емес, цифрлық ортада қауіпсіз, жауапты және сыни ойлай алатын тұлға ретінде қалыптастыру. Қазақстанның білім беруді дамыту тұжырымдамасында да оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен эмоционалдық қабілеттерін дамыту бағыттары жан-жақты қарастырылған. Менің ойымша, осы бағытта бірнеше жаңа мүмкіндік бар.
Алғашқысы, цифрлық сауаттылықты жеке техникалық дағды емес, өмірлік құзырет ретінде қалыптастыру қажет. Оқушы интернетті пайдалануды ғана емес, ақпараттың шынайылығын тексеруді, жалған ақпарат пен манипуляцияны ажыратуды, жеке деректерін қорғауды және әлеуметтік желідегі жауапкершілікті түсінуі керек. Яғни ақпараттық иммунитеттің негізі — «кез келген ақпаратқа бірден сенбеу, оны тексеру және салыстыру» мәдениеті.
Келесі бағыт, жасанды интеллект дәуірінде медиасауаттылықтың мазмұнын жаңарту қажет деп ойлаймын. Бала дайын ақпаратты іздеуші ғана емес, оның қайдан шыққанын, кім жасағанын және қандай мақсатпен таратылғанын талдай алуы тиіс. Бұл әсіресе жасанды интеллект арқылы жасалған немесе өзгертілген контент көбейіп келе жатқан жағдайда маңызды.
Одан соң, мектепте «цифрлық қауіпсіздік сабақтарын» өмірлік жағдайлармен байланыстыру тиімді. Мысалы, оқушыларға белгісіз ақпаратты қалай тексеру, күмәнді хабарламаға қалай жауап беру, интернеттегі қарым-қатынаста адамның жеке шекарасын қалай сақтау сияқты жағдайларды талдатуға болады. Қолданыстағы әдістемелік материалдарда да киберқауіпсіздік пен цифрлық құқықтарды оқыту қарастырылған.
Әрі қарай, тек оқушы емес ата-ананың цифрлық сауаттылығын қатар арттыру қажет. Балаға қауіпсіздік ережесін үйретіп, ата-ананың өзі цифрлық ортадағы қауіптерді түсінбесе, нәтиже шектеулі болады. Сондықтан мектептер ата-аналарға арналған қысқа практикалық семинарлар мен консультациялар ұйымдастыра алады: баламен интернеттегі қауіпсіздік туралы қалай сөйлесу керек, цифрлық әдеттерді қалай қалыптастыру керек, баланың эмоционалдық жағдайындағы өзгерістерге қалай назар аудару қажет деген мәселелер қамтылуы мүмкін.
Осылармен қатар, мектепте сенімге негізделген психологиялық қолдау ортасын қалыптастыру маңызды. Бала интернеттегі қиын жағдайға тап болған кезде жазаланудан немесе ұялудан қорықпай, мұғалімге, психологқа немесе ата-анасына жүгіне алуы керек. Мұнда бақылаудан гөрі сенім мен ерте көмек көрсету қағидаты тиімді.
Нәтижесінде, оқушылардың өздерін цифрлық мәдениетті қалыптастыруға қатыстыруға болады. Мысалы, мектептің цифрлық қауіпсіздік клубтары, медиасауаттылық жобалары, оқушылар әзірлейтін ақпараттық материалдар мен пікірталастар баланың жауапкершілігін арттырады. Бұл жерде оқушы тек қауіпсіздік ережесін орындаушы емес, цифрлық мәдениетті қалыптастырушы субъект болады.
Менің ойымша, ең маңызды өзгеріс — «баланы интернеттен қорғау» моделінен «баланы интернетте өзін қорғай алуға үйрету» моделіне көшу.
Сонда ғана мектеп білім береді, ата-ана қолдау көрсетеді, ал қоғам қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға атсалысады. Үшеуінің өзара байланысы нәтижесінде бала ақпаратты сыни қабылдайтын, өз құқығын білетін, өзгелердің цифрлық шекарасын құрметтейтін және технологияны жауапкершілікпен пайдаланатын азамат болып қалыптасады.
Ақпараттық иммунитет — дайын ақпараттан қорғану емес, ақпараттың ақиқатын өз бетінше ажырата білу қабілеті. Бүгінгі цифрлық дәуірде бұл сауаттылық оқу, жазу және есептеу қабілеті сияқты базалық азаматтық құзыретке айналуы тиіс.