Бүгін Шымкент қаласындағы «Түркістан сарайы» концерт залында Шымкент қаласы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен I Халықаралық «AUYL INVEST FEST. Балық шаруашылығы - 2026» фестивалі өтті. Ауқымды шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын әртараптандыру және ауыл халқының табысын арттыру үшін тиімді бизнес бағыттарын енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президенттің стратегиялық бағдарына сәйкес, индустриялық аквамәдениет ауыл экономикасын өркендетудің басты драйвері ретінде айқындалған. Фестивальге Франция, Дания, Чехия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген әлемдік деңгейдегі сарапшылар, Парламент депутаттары мен 1000-нан астам кәсіпкер қатысып, саланы шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық индустрияға айналдыру жолдарын талқылады.

Жиынның ашылуы
Жиынның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов қаланың экспорттық логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін таныстырды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев салаға қажетті заңнамалық өзгерістерге тоқталды:
«Біз фермерлердің заманауи тұйық сумен жабдықтау қондырғыларына (УЗВ) көшуін қолдау үшін жүйелі құқықтық негіз қалыптастырып жатырмыз. Бұл - ауыл халқының табысын арттырудың төте жолы», – деді С. Егізбаев.
Балық шаруашылығы – экономика драйвері
Форум барысында балық шаруашылығы Қазақстан экономикасының перспективалы саласы екені көрсетілді. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде балық өнімдері нарығы 132 мың тоннаға жетіп, бір жылда 29%-ға өскен. Сарапшылар ішкі нарық әлеуетінің әлі толық пайдаланылмағанын атап өтті: Қазақстанда жан басына шаққандағы балық тұтыну жылына 7 кг болса, ДДҰ ұсынған медициналық норма – 14,5 кг.

Халықаралық сарапшылар Венсан Берже (Франция) мен Томаш Полицар (Чехия) еуропалық стандарттар бойынша форель мен көксерке өсіру тәжірибесімен бөлісті. Даниялық «Aller Aqua» компаниясы жем тиімділігінің инновациялық шешімдерін ұсынды. Форум барысында отандық және шетелдік мамандар индустриялық аквамәдениетті дамытудың нақты жолдарын талқылады. Кәсіпкерлер аналық балықты басқару, «балық мектептерін» ашу және агротуризмді дамыту жобаларына ерекше қызығушылық танытты.
Даму стратегиясы
Фестиваль қорытындысы бойынша саланың 2030 жылға дейінгі даму картасы қабылданды. Негізгі мақсаттар:
- Балық өсіру көлемін жылына 270 мың тоннаға жеткізу
- Экспортты 181 мың тоннаға ($430 млн) шығару
Мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіледі: 2026 жылы субсидиялар көлемі 5,3 млрд теңгеге жетеді. Сонымен қатар, импортқа тәуелділікті азайту үшін елімізде кемінде 5 балық азығын шығаратын зауыт салу, жабдықтарды 5-6%-бен жеңілдікпен кредиттеу және «Балық шаруашылығы» мамандығына мемлекеттік гранттарды 400-ге дейін ұлғайту ұсынылды.
Цифрландыру және басқару
Фестиваль соңында қатысушылар балық шаруашылығын цифрландыру, «E-fish» жүйесін енгізу және браконьерлікпен күресті күшейту арқылы саланы ашық әрі табысты бизнес ортасына айналдыру туралы ортақ шешім қабылдады. Қорытынды Резолюция тиісті мемлекеттік органдар мен ҚР Үкіметіне жолданды.