Атамыз қазақ «Бірлік бар жерде – береке бар» деп тегін айтпаған. Тарихтың түрлі кезеңдерінде тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс тепкен сан алуан ұлт өкілдері бүгінде тәуелсіз еліміздің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Кең пейілді қазақ даласы талай халыққа құтты мекен болып, олардың бейбіт өмір сүруіне жол ашты. Ынтымақ пен татулық салтанат құрған қасиетті Отанымызда ұлты мен тілі, діні мен дәстүрі әртүрлі жандар бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.
Әсіресе, тамыры ортақ түркі халықтарының өзара жақындасып, құдандалы болып, бір отбасының мүшесіндей араласып кеткені – ел бірлігінің айқын көрінісі.
Соның жарқын мысалдарының бірі – Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында қызмет атқаратын полковник Аркен Исаев. Ол Өзбек ұлтының өкілі бола тұра, қазақ халқымен тағдырын тоғыстырып, қазақ қызына үйленіп, екі елдің арасын туыстықпен жалғаған азамат. Бұл – тек екі жастың отбасы құруы ғана емес, түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында сыйластық пен түсіністікке негізделген өмірінің көрінісі.
Аркен Тұрсынжанұлы мен жары Алия Исаева Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарып, әскери өмірдің жауапкершілігі мен тәртібін қатар алып жүрген жандар. Олардың таныстығы Орал қаласындағы әскери қызмет барысында басталып, ортақ қызмет пен ұқсас арман екі жастың жолын бір арнаға тоғыстырды. Бүгінде әскери антқа адал қос офицер тек қызметте ғана емес, өмірде де бір-біріне тірек болып, жарасымды отбасының үлгісін көрсетіп келеді.
«Бала күнімнен түрлі ұлт өкілдерімен араласып өстім», – деп бастады әңгімесін полковник Аркен Исаев. Оның балалық шағы Алматының кең құшағында өтті. Арғы аталары қазақ жеріне қоныс аударып келген тұста жергілікті халықтың көрсеткен қамқорлығы мен ықыласы отбасы жадында әлі күнге дейін сақталған.

«Қазақ халқы бізді жатсынбай, өз баласындай қабылдаған екен. Сол сыйластық пен бауырмалдықтың ортасында өскендіктен бе, бүгінде кез келген адаммен тез тіл табысып кетемін. Бұл — қызмет барысында да көп көмегін тигізетін бала күннен қалыптасқан қасиет», – дейді ол.
Қазақ жерінің кең пейілі мен бауырмалдығын бала күнінен көріп өскен полковник Аркен Исаев кейін сол елге адал қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырады. Мектеп қабырғасынан-ақ әскери өмірге қызығушылығы оянған ол бастапқыда теңіз әскері саласын таңдауды армандаған екен. Алайда ол кезеңде бұл бағыт елімізде қолжетімді болмағандықтан, тағдыр оны басқа арнаға бұрады.
Осылайша, 1994 жылы Алматы қаласындағы жоғары әскери жалпыәскери командалық училищеге оқуға түсіп, офицерлік жолға алғашқы қадамын жасайды. Жас курсант үшін әскери өмірдің тәртібі мен талабы оңайға соқпаған. Қатаң дисциплина, физикалық жүктеме, жаңа ортаға бейімделу — мұның бәрі жас жігітті шыңдай түсті.
Осындай сындарлы сәттерде оған ең үлкен тірек болған жандар — ата-анасы еді. Әкесі Тұрсынжан Исаев пен анасы Зульфия Исаева ұлдарының жігерін жанып, қандай қиындық болса да мойымауға тәрбиелеген. Отбасындағы тәртіп, еңбекқорлық пен адамға деген құрмет Аркеннің мінезін қалыптастырып, өмірлік ұстанымына айналды.
«Әкем мен анам бізге әрдайым қандай жағдайда да адамдық қасиетті жоғалтпау керектігін үйретті. Бүгінгі жеткен жетістігімнің бәрінде олардың тәрбиесі мен қолдауының үлесі зор», – дейді ол.
Әскери училищедегі оқу жылдары полковник Аркен Исаев үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Әсіресе, атыс дайындығы мен БМП бойынша өткен сабақтар оның жадында ерекше сақталған.

Бұл пәндерден дәріс берген подполковник Мухамбетов курсанттарға тек әскери білім ғана емес, нағыз офицерге тән мінез бен жауапкершілікті де үйреткен екен.
«Ол кісі Ауған соғысының ардагері болатын. Сабақ барысында бізге қарумен жұмыс істеудегі дәлдік пен кез келген жағдайда байсалдылық сақтаудың маңызын үнемі айтып отыратын. Оның өмірлік тәжірибесі мен айтқан ақылдары бізге ерекше әсер етті. Подполковник Мухамбетовті ешқашан ұмытпаймын», – деп еске алады офицер.
Осындай тағылымды жолдан өтіп, отыз жылдан астам арқалаған тәжірибе мен білімді ұштастырған Аркен Тұрсынжанұлы бүгінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығында әскери білім беру және әскери оқу орындарын жинақтау бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін, ел қорғаны болатын болашақ офицерлердің тағдырына тікелей ықпал ететін маңызды сала. Осы бағытта ол өз тәжірибесін жас буынға бағыттап, әскери кадрларды іріктеу мен даярлау ісіне бар күш-жігерін жұмсап жүр. Жары Алия
Қызмет жолында шыңдалған офицер үшін тәртіп пен жауапкершілік – басты қағида. Алайда оның өміріндегі ең үлкен тірегі мен мақтанышы – отбасы. Жары Алия Исаева екеуі әскери қызметтің барлық қиындығы мен қуанышын бірге бөлісіп келе жатқан жандар. Капитан Исаева Ұлттық ұлан жүйесінде цифрландыру бөлімінде қызмет атқаратын офицер. Ол замануи технологияларды енгізу, әскери жүйелерді жетілдіру бағытында еңбек етіп, цифрлық даму үдерісіне өз үлесін қосып келеді.
Екеуінің де бір салада қызмет атқаруы олардың бір-бірін терең түсінуіне, қолдау көрсетуіне негіз болған.
«Отбасы құрғанымызға биыл 20 жыл толды. Ең бастысы – сол кезде де, қазір де жақындарымыз біздің таңдауымызға құрметпен қарап, ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Жарым да, қызым да әскери қызметтің барлық қиындығына қарамастан, менімен бірге қайда барсам да жанымнан табылып, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Осындай сенім мен түсіністік – біздің отбасымыздың ең үлкен тірегі», – дейді Аркен Исаев.
Исаевтар отбасы үшін ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер ерекше орын алады. Түркі халықтарына тән ортақ рухани тамыр, ұқсас дүниетаным олардың отбасылық өмірінде айқын көрініс табады. Қазақы қонақжайлық пен өзбек халқының инабаттылығы ұштасқан бұл шаңырақта үлкенге құрмет, кішіге ізет – басты ұстаным. Олар үшін ұлттың айырмашылығы емес, жүректің жақындығы маңызды.

Бүгінде олар тәрбиелеп отырған ұрпақ та осы құндылықтармен сусындап өсіп келеді. Қыздары Каринаның шетелде білім алып, биік белестерді бағындыруы – ата-ананың еңбегі мен тәрбиесінің жемісі. Әке жолын үлгі тұтқан перзент үшін тәртіп, білім және адамгершілік – өмірлік бағдарға айналған.
Полковник Аркен Исаевтың өмір жолы – тек әскери қызметтің ғана емес, адамдық пен татулықтың, ұлттар арасындағы достықтың жарқын үлгісі. Оның тағдыры арқылы біз бір шаңырақ астында түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне құрметпен қарап, ортақ құндылықтарды бөлісе отырып, бақытты ғұмыр кешуге болатынын көреміз.
Расында да, бірлік пен татулық бар жерде – береке бар. Ал осындай отбасылар – ел ынтымағының ең мықты тірегі.
Жанерке Мұратқызы