957
Фотосурет: Ұлттық ұлан

 «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді дана халқымыз. Осындай қасиетті ұғымды жүрегіне ту еткен жас ұрпақты нағыз Отан қорғаушы деңгейіне жеткізетін орын – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан академиясы. Бұл – жай ғана жоғары оқу орны емес, мінезді шыңдайтын, рухты жанитын, жауапкершілікті қалыптастыратын офицерлер ұстаханасы, деп хабарлайды DKNews.kz.

Академия табалдырығын атта­ған әрбір талапкер үлкен өмірге қадам басады. Кеше ғана мектеп пар­тасында отырған жас жігіт мұн­да келіп мүлде басқа әлемге енеді. Әскери тәртіп, жарғы талап­тары, командирдің бұйрығы – оның күнделікті өмірінің заңына айналады.

Осындай талап пен тәрбиенің нәтижесінде талай жас шыңдалып, елге қызмет ететін білікті офицер болып қалыптасуда. Соның бір айқын мысалы – курсант Мадияр Мақаш.

Ол 2005 жылы 25 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2012–2023 жылдары №217 орта мектепте білім алды. Әкеден ерте айырылғанына қарамастан, анасының тәрбиесін, отбасының қолдауын тірек етіп, алға ұмтылды. Анасы – медицина саласының маманы, көз дәрігері. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, отбасы берген тәрбие оның жігерін жаныды, өмірлік мақсатын айқындады.

9 жасынан бастап дзю­до күресімен айналысып, спорт­тағы алғашқы қадамдарын жасады. Бапкері Жанарбек Сансызбаевтың тәлімін алған жас спортшы еңбекқорлықтың арқасында биік белестерді бағындырды. Облыстық жарыстардан бастап республикалық деңгейге дейін көтеріліп, бірнеше дүркін чемпион атанды. 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында жүлделі орын иеленіп, «Спорт шеберіне үміткер» атанды.

2023 жылы мектеп бітірген соң Мадияр Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсіп, өзінің спорттық әрі әскери жолын жаңа деңгейде жалғастырды. Академия қабырғасында ол тек білім алып қана қоймай, намыс пен рухтың, тәртіп пен жауапкершіліктің қандай болатынын терең сезінді.

Қысқа уақыт ішінде курсант Академияның ғана емес, тұтас Ұлттық ұланның абыройын асқақтатқан спортшыға айналды. Самбо мен қазақша күрестен өткен ведомстволық және республикалық чемпионаттарда бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, 2023–2025 жылдар аралығында түрлі салмақ дәрежесінде жүлделі орындарға ие болып, бірнеше рет чемпион атанды. Бұл – тынымсыз еңбек пен табандылықтың жемісі.

– Мадияр, Академияға түс­кен­дегі басты мақсатыңыз қандай болды?

– Ең басты мақсатым – нағыз офи­цер болу. Академия осы арманға апаратын жол деп білемін.

– Спорт сізге не береді?

– Спорт мінез қалыптастырады. Төзімділік, тәртіп, өзіңді жеңу – мұның бәрі офицерге қажет қасиеттер. Әр жарысқа шыққанда мен өзім үшін емес, Академияның абыройы үшін күресемін.

– Болашақтағы арманыңыз?

– Халқыма адал қызмет ету. Командир болып, жеке құрамға үлгі болу. Академия берген тәрбиені ақтау.

Әлия Молдағұлова апамыздың «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөзі Мадияр сынды кур­­санттардың жүрегінде жаңғырып тұрғандай. Өйткені ол жеке жетістікке ғана емес, ең алдымен Академиясының намысын қорғауға ұмтылады.

Бүгінде Ұлттық ұлан академиясы білім беру ісіне заманауи әдістерді енгізіп, курсанттардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасап отыр. Жауынгерлік даярлық көрсеткіштері, ғылыми ізденістер, спорт­тағы жетістіктер – мұның барлығы үлкен жүйелі еңбектің нәтижесі.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді халық. Профессорлық-оқытушылық құрам мен командирлердің талапшылдығы, тәлімгерлігі әр курсанттың болашақ тағдырына бағыт береді. Курсант осы жерден тек мамандық емес, өмірлік ұстаным алады.

Мақаш Мадияр секілді жігерлі жастардың табысы – Академия жұмысының нақты көрінісі. Бүгін ол – үлгілі курсант, спортшы, жолдастарына тірек. Ал ертең – ел тыныштығын күзететін білікті офицер.

Сондықтан Ұлттық ұлан академиясы офицерлер дайындайтын білім ордасы ғана емес, елге адал қызмет етуді өмірлік мұрат еткен патриоттарды тәрбиелейтін қасиетті шаңырақ болып қала береді.

Ұстаханада темір қызғанда соғылатыны сияқты, болашақ офицердің тұлғасы да дәл осы кезеңде қалыптасады. Әрбір саптық дайындық, әрбір дәріс, әрбір оқу-жаттығу – курсанттың жігерін жанып, қайратын арттырады. «Шыныққан шымыр болады» дегендей, қиындық көрген жас жауынгер ертең ел басына күн туған сәтте мойымайтын, жауапкершіліктен тайсалмайтын командир болып жетіледі.

Жылдар өте келе Академия қабырғасында шыңдалған жас түлек елдің әр өңірінде қызмет атқарып, қоғамдық қауіпсіздіктің күзетінде тұрады. Сол кезде ол өзінің алғашқы қадамын, командирінің талабын, берген тәрбиесін еске алады. Өйткені офицерлік жолдың берік іргетасы дәл осы ұстаханада қаланған.

Лейтенант Маржан Талапкер

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -