Қапиза әженің ғибратты ғұмыры

968
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Тыл ардагері Қапиза (Гафиза) Әбдіғалиқызы Нұрмамбетованың өмір жолы – соғыс жылдарындағы қарапайым адамдардың, оның ішінде ауыр еңбекке жегілген жас балалардың тағдырын айқын бейнелейтін тағылымды тарих. Биыл мерейлі 90 жасқа толған апаның ғұмыры – еңбекпен шыңдалған, сабырмен суарылған, өмірге деген махаббатпен өрілген өмір.

Қапиза Қабдығалиқызы 1936 жылдың 6 ақпанында бұрынғы Талдықорған облысы Панфилов ауданының Басши кентінде дүниеге келген. Әкесі Әбдіғали Тоқтыбаев – Семей өңірінің тумасы, ел ішінде «сары молда» атанған, көзі ашық, ескіше хат таныған адам. Анасы Зағира Тоқтыбаева – ісмер, тігіншілікпен айналысқан еңбекқор ана.

Қапиза әженің әкесі Басши өңіріне соғысқа дейін қоныс тепкен. Әкесінің үлкен ағасы Ленинград құрылыс институтын тәмамдап, жас маман ретінде Алтынемел асуынан жол салу жұмысына жіберіледі. Сол жол құрылысында Семейден келген жігіттер тауды жарып, жол төсеп, кейін осы өңірдің қыздарына үйленіп, тұрақтап қалады. Әбдіғали да Басшидің тумасы Зағираға үйленіп, шаңырақ көтереді.

1941 жылы соғыс басталғанда, Қапиза әже бес жаста еді. Әкесі алты ағайынды болып, бірге майданға аттанады. Елде қалған анасы мен үш бірдей жас баланың тіршілігі күрт қиындайды. Анасының төркіні Сарөзек маңындағы Жоламан станциясында болғандықтан, нағашы атасы есек арбамен келіп, балаларды сол жаққа алып кетеді. Олар Жоламанда нағашыларының қолында өседі. Анасы соғыс жылдары Жоламан станциясында сиыр бағып, күнкөріс қамын жасайды.

Қапиза әже 3-4 сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ еңбекке араласады. Мектеп оқушыларын жүк көлігінің артына отырғызып, тас карьеріне апаратын.

Қапиза әже кейін сол жылдарды былай деп еске алады:

–  Ол кезде баламыз. Тасты қайда, не үшін жинап жатқанымызды білмейміз. Әкем 1946 жылдың соңында, жапон соғысынан аман оралып келді. «Не істедіңдер?» деп сұрады. «Тас жинадық» дедім. Сөйтсем, ол тастар жол салуға кеткен екен. Әкем «Сендер де жол салуға атсалысып, Жеңіске үлес қостыңдар»  деп маңдайымнан сүйді.

Соғыстан кейін әкесі елге оралып, отбасы Сарөзекке қоныс аударады. Мұнда Қапиза апа жетіжылдық мектепті бітіреді. Кейін Алматы қаласындағы №12 қазақ қыздар мектебінде оқып, орта білім алады. Мектеп қабырғасында домбыра үйірмесіне қатысып, Алматы мектептері арасындағы көркемөнерпаздар байқауында қыздар оркестрімен бірге «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін орындап, бірінші орынды иеленеді. Сол өнерлі қыздар туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде мақала да жарық көрген.

Мектептен кейін Қапиза Қабдығалиқызы Шетел тілдері институтына оқуға түседі. Алайда денсаулығы сыр беріп, жиі есінен танып қала берген соң, оқу орны басшылығы бір жылдық академиялық демалыс береді. Ол желтоқсан айында ауылға оралады.

1954 жылдың 1 қаңтарында, небәрі 18 жасында Сарөзек станциясындағы диспетчерлік бөлімге оператор болып жұмысқа орналасады. Осылайша оның ұзақ та жемісті еңбек жолы басталады. Бұл салада он жыл еңбек етіп, кейін дүкенші болады. Ал соңғы жиырма жылын райсовезде инспектор қызметіне арнайды.

Қапиза әже 36 жыл үзіліссіз еңбек етіп, 55 жасында зейнетке шығады. Еңбегі еленіп, кеудесіне медаль тағылып, 60 жасында Құрмет грамотасымен марапатталады. Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай, кіші қызы және күйеу баласымен бірге Сарөзек маңындағы подхозда он жыл бойы мал шаруашылығымен айналысады.

1955 жылы Серғазы Нұрмамбетовке тұрмысқа шығып, қырық жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешеді. Жары 65 жасында науқастанып, дүниеден озған. Отбасында екі қыз, бір ұл дүниеге келген. Ұлы өмірден ертерек өткен. Қазір кіші қызы Римма мен күйеу баласы Байғалидың қолында Сарөзекте тұрып жатыр. Немере-шөберелері өсіп-өнген, өнегелі әулеттің аяулы әжесі, алтын қазынасы болып отыр.  Жиен немерелерінің бірі – Альмира Құрманәлиева подполковник шенінде Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басқармасында психолог маман ретінде ұзақ жылдардан бері абыройлы қызмет етіп келеді.  Әженің немере-шөберелерінің ішінде Альмираға деген көңілі ерекше, себебі ол әжесіне мінезімен де, еңбекқорлығымен де қатты ұқсайды.

Балалық шағын соғыс жалмаған, бірақ жігерін жасытпаған, еңбекпен елге үлгі болған әженің ғұмыры – бүгінгі ұрпақ үшін тағылымға толы тірі тарих.

Запастағы подполковник

Данара Баймағанбетова

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -