2026 жылғы 7 мамырда Астанада жаңа «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Осылайша партия өзінің ресми қызметін бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Съезге Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 1000 делегат қатысты.

Партияның атауы мен бағдарламасы бекітілді
Құрылтай барысында делегаттар ұйымның ресми атауын – «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі ретінде бекітті.
Сондай-ақ:
- партияның Жарғысы қабылданды;
- бағдарламасы бекітілді;
- басшылық құрамы сайланды;
- партия төрағасы анықталды.
Партия төрағасы болып Дәдебай Айбек Арқабайұлы сайланды.
«Әділет ұлттық санаға айналуы тиіс»
Съезде сөз сөйлеген Айбек Дәдебай партияның негізгі идеологиялық бағыттарына тоқталды.

«Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді», – деді ол.
Партия қандай бағыттарға басымдық береді
«Әділет» партиясы өз қызметін бірнеше негізгі қағидат төңірегінде жүргізетінін мәлімдеді.

Олардың қатарында:
- заң және тәртіп;
- тиімді мемлекеттік институттар;
- қуатты өңірлерді дамыту;
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты;
- әділетті экономика;
- әлеуметтік ынтымақ;
- адами капиталды дамыту;
- цифрлық мемлекет;
- «Таза Қазақстан» бастамасы;
- жаңа геосаяси этика бағыттары бар.
Партияға 9 мыңнан астам өтініш түскен
Партия өкілдерінің мәліметінше, 30 сәуірде іске қосылған цифрлық платформа арқылы партия қатарына кіруге 9 мыңнан астам өтініш түскен.

Айбек Дәдебай партияны белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азаматтардың алаңы ретінде сипаттады.
«Біздің ниеттестеріміз – дәл осындай азаматтар. Олар – белсенді, жауапкершілігі жоғары, ел дамуына үлес қосатын жандар. Біз бірге еңбек етеміз, жұмысты ашық, адал әрі қоғам алдында есеп бере отырып жүргіземіз. Біз жеңіл шешімдер ұсынбаймыз. Жүйелі, жауапты және дәйекті жұмыс жүргізуге уәде береміз», – деді партия төрағасы.
Партия өзін «Тәуелсіздік буынының партиясы» деп атады
Съезд барысында «Әділет» партиясының құрылуы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциядағы құндылықтардың практикалық көрінісі екені айтылды.

Партия өкілдері ұйымның негізгі мақсаты:
- өкілді демократияны нығайту;
- заң үстемдігін күшейту;
- азаматтық жауапкершілікті арттыру екенін мәлімдеді.