Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Миллиондаған тағдырды талқандап, сан мыңдаған отбасының шаңырағын шайқалтқан бұл зұлмат жылдар тек өткеннің парағы болып қалған жоқ. Ол – бүгінгі ұрпақтың санасында сақталған ауыр сабақ, жүректе қалған жара, әрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухтың бастауы.
Сол сұрапыл соғыстың от-жалынынан өткен ерлердің ерлігі бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Бүгінде сол рухты жалғап келе жатқан жандардың бірі – Ұлттық ұлан авиациясында қызмет ететін қатардағы Адай Жалелов.
Адай Төкешұлы – ерлік пен еңбектің өнегесін бойына сіңірген әулеттің ұрпағы. Оның атасы Жәлел Сейдеғалиев 1941–1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңдерін бастан өткерген майдангерлердің бірі. Ол қан кешкен ұрыстарда, оқ пен оттың ортасында жүріп, Мәскеу түбіндегі қорғаныс шайқастарынан бастап, ел мүддесін азат ету жолындағы операцияларға дейін қатысқан. Майдан даласындағы әрбір күн – ажалмен бетпе-бет келу, әрбір бұйрық – өмір мен өлімнің арасындағы таңдау еді. Соған қарамастан, ол жауынгерлік антына адал болып, ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті.
Немересінің айтуынша атасы Жалел соғыс туралы көп айтып, өткенін дәріптей бермейтін. Бірақ балалары мен немерелерінің қасында кейде өткен күндерді еміс-еміс еске алып отыратын. Әсіресе окопта жатып, алыста қалған туған жерін сағынған сәттерін үнсіз ғана жеткізетін. Оның әрбір қысқа әңгімесінің өзінде терең мағына, айтылмаған ауырлық жататын.

Сол бір суық окоптардағы күндер, үздіксіз атқылау мен белгісіздік – бәрі де оның жадында мәңгі сақталған еді. Немерелері үшін бұл әңгімелер Жеңістің шынайы бағасын түсіндіретін өмірлік сабаққа айналды. Аталарының әр сөзі – туған жердің қадірін, бейбіт өмірдің бағасын, ерлік пен төзімнің мәнін ұғындырған үнсіз тәрбие еді.
Оның «Қызыл жұлдыз» ордені мен өзге де медальдары – тек марапат қана емес, қан майданда төгілген тер мен төзімнің, қайсар рухтың айғағы.
Ал әжесі Балзипа Сәндібекқызы соғыс жылдарында тылдағы тынымсыз еңбектің бел ортасында болды. Елдегі ер-азаматтар майданға аттанғанда, бүкіл ауыртпалық әйелдер мен балалардың иығына түсті. Аштық пен жоқшылыққа қарамастан, олар күндіз-түні еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, қажетті ресурстармен қамтамасыз етті. Балзипа әже де сол буынның өкілі ретінде егін егіп, мал бағып, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Оның еңбегі кейін «Еңбек ардагері» атағымен, ал аналық жолы «Күміс алқамен» бағаланды.

Соғыстың ауыр жылдары артта қалған соң, бейбіт өмірде жаңа үміттің бастауы болған тағы бір маңызды кезең басталды. 1946 жылы Жалел Сейдеғалиев пен Балзипа Сәндібекқызы шаңырақ көтеріп, Балзипа ана Байғабыл ауылына келін болып түсті. Соғыс көрген буын үшін бұл күйреген өмірді қайта қалпына келтірудің, болашаққа деген сенімнің белгісі еді.
Балзипа ана елге ақжарқын мінезімен, іскерлігімен танылып, жұбайы Жалелмен бірге сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Ол тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар шаруашылықта да тынымсыз еңбек еткен жан болды. Үйде отырып қалмай, ел еңсесін тіктеуге өз үлесін қосты.
Ал Жәлел ата соғыстан кейін де ел дамуына белсене араласты. Әскер қатарынан оралған соң аудандық партия комитетінің жалпы бөлімін басқарып, кейін тың игеру науқаны кезінде жаңа шаруашылықтарды құру ісіне атсалысқан. Әр жылдары парторг, сельсовет төрағасы қызметтерін атқарды. 1964 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, зоотехник мамандығын алды.
Еңбек жолының келесі кезеңінде Абай совхозының (Құмкешу) іргетасын қаласып, кадрлар бөлімінің инспекторы болып еңбек етті. 1979 жылы дербес зейнеткер ретінде зейнет демалысына шыққанға дейін ел игілігі жолында аянбай қызмет етті. Бейбіт өмірдегі еңбегі де жоғары бағаланып, «Еңбек ардагері», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталды.
Жәлел Сейдеғалиев 1984 жылдың 10 сәуірінде дүниеден өтсе, Балзипа Сәндібекқызы 2010 жылдың 10 желтоқсанында өмірден озды. Алайда олардың майдан мен тылдағы ерлігі, бейбіт өмірдегі адал еңбегі мен тағылымға толы өмір жолы бүгінгі ұрпағына әрдайым рухани мұра болып қала береді.
Балзипа апа мен Жалел ата шаңырағынан тараған ұрпақ бүгінде үлкен әулетке айналды. Олар тәрбиелеп өсірген сегіз баладан 26 немере өрбіді. Сол көп немеренің әрқайсысы – ата мен әженің көрген тәрбиесі мен сіңірген еңбегінің жалғасы.
Осы әулеттің бір өкілі – қатардағы Адай Токешұлы. Атасының ерлігі мен әжесінің еңбегі жайлы тағылымды әңгімелерді бала кезінен санасына сіңіріп өскен ол бүгінде сол аманатқа адал болуды өзіне парыз санайды. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан авиациясында қызмет етіп, материалдық қамтамасыз ету ротасының қамтамасыз ету взводында дизельдік электр станциясының маман-технигі ретінде ел қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүр.
Ол үшін әскери қызмет атадан қалған рухты жалғау, әулет абыройын биік ұстау, Отан алдындағы жауапкершілікті жүрекпен сезіну. 2024 жылдың маусым айынан бастап әскери салада қызмет атқарып келе жатқан Адай Токешұлы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Техникалық бағыттағы қызметтің әр сәті қырағылық пен тиянақтылықты талап ететінін жақсы түсінетін жас сарбаз жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді.

Отбасындағы үлкен ұл ретінде де оның мойнындағы жауапкершілік аз емес. Өзінен кейінгі інісі мен екі қарындасына әрдайым тірек болып, отбасының берекесін сақтауды азаматтық парызы санайды.
Бүгінде Адай Токешұлы өзі де көпбалалы әке. Жары екеуі төрт қыз тәрбиелеп өсіріп келеді. Келіншегі бухгалтер болып қызмет атқарады. Ол үшін отбасы – өмірдің басты құндылығы, ал қыздарының болашағы – алға ұмтылуға күш беретін ең үлкен мотивация.
Атасының майдандағы қайсарлығы мен әжесінің тылдағы табандылығы ұрпақ бойынан жалғасын тапқаны осыдан аңғарылады. Жалеловтар әулетінде Отанға адал қызмет ету, еңбекке құрметпен қарау, ел амандығын бәрінен биік қою – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмірлік ұстаным.
Бүгінгі бейбіт күннің бағасын терең түсінетін Адай Төкешұлы үшін әскери форма – аманат. Майдангер атасының ерлігіне деген тағзым, әулет сеніміне деген адалдық, туған елге деген перзенттік құрмет.
Жанерке Мұратқызы