Соңғы жылдары Қазақстанның туризм саласы тұрақты әрі қарқынды дамып келеді. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады: ішкі туризм де, сырттан келетін туристер саны да өсіп, туристік нысандар саны артуда, инфрақұрылым кеңейіп, инвестиция көлемі рекордтық көрсеткіштерге жетті. Осының бәрі туризмнің біртіндеп еліміздің экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің біріне айналып келе жатқанын айғақтайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚР-дағы орналастыру орындары 10 млн-нан астам адамға қызмет көрсетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,6%-ға артық. Оның ішінде: қызмет көрсетілген резиденттердің саны 10,7%-ға артып, 8,7 млн адамды құраcа, шетелдік туристердің саны 10,2%-ға өсіп, 1,4 млн адамға жеткен. Ішкі және келу туризмінің бір уақытта өсуі — сала жағдайының жақсаруы мен туристік бағыт ретінде Қазақстан тартымдылығының артуының басты көрсеткіші.
Туристік ағынның айтарлықтай бөлігін еліміздің курорттық аймақтары қалыптастырады: орналастыру орындарына келушілердің шамамен 48%-ы, яғни барлық туристердің жартысына жуығы осы аймақтарға тиесілі. Бұл ретте ресми статистика туристік белсенділіктің толық көрінісін көрсете алмайды. Миллиондаған қазақстандықтар табиғи және туристік нысандарға қонақүйлерде, демалыс базаларында немесе пансионаттарда түнемей-ақ, әсіресе қысқа мерзімді сапарлар мен ішкі туризм аясында барады. Сәйкесінше, еліміздегі нақты туристік ағын ресми түрде тіркелген көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары.
Соңғы жылдардағы басты үрдістердің бірі ел ішіндегі туристік мінез-құлық пен туристік қызметтерді тұтыну моделінің өзгеруі болды. Егер осыдан он жыл бұрын қазақстандықтардың тарапынан туристік сұраныстың басым бөлігі шетелдік бағыттарға бағдарланған болса, бүгінде барған сайын көптеген азаматтар өз елімізде демалуды жөн көреді. Мұнымен қатар шетелдік туристер тарапынан да қызығушылық артып келеді.
Мұндай трансформация кездейсоқ емес және оған бір мезгілде бірнеше фактор әсер етеді.
Біріншіден, ауқымды инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында елімізде туристерді қызықтыратын жаңа орындар пайда болуда. Екіншіден, бар инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр: курорттар жаңартылып, жаңа қонақүйлер, жолдар, ойын-сауық нысандары мен қызмет көрсету кешендері салынуда. Үшіншіден, мемлекет әртүрлі ынталандыру бағдарламалары, инфрақұрылымдық жобалар және бизнесті қолдау шаралары арқылы туризм саласына көрсетілетін қолдау күшейтіп жатыр.
Осы процестердің барлығы туризмге салынатын инвестиция көлемінің бұрын-соңды болмаған өсуімен ұштасады. Бұл әсіресе соңғы жылдары ерекше байқала бастады. 2026 жылдың алғашқы төрт айында ғана тұру және тамақтану қызметі секторындағы күрделі ақша салымдары 72,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бірден 68%-ға артты. Өз кезегінде, өнер, ойын-сауық және демалыс саласындағы инвестициялар 29%-ға өсіп, 93,2 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар, 2025 жыл қос сала үшін де салынған инвестиция көлемі бойынша рекордтық көрсеткіштер жылы болды. HoReCa секторындағы инвестициялар тарихта ең жоғарғы шегіне жетіп, 230,5 млрд теңгені құрады, бұл он жыл бұрынғы көрсеткіштен 5 есе көп. Ойын-сауық және демалыс саласындағы күрделі салымдар 421,9 млрд теңгеге жетті — бұл да он жыл бұрынғы деңгейден 3,5 есеге артық. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ: 2020 жылға дейін, яғни «корона кризисіне дейінгі» кезеңде туризм саласыдағы инвестициялық белсенділік салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып, айтарлықтай өзгерістер көрсете қоймаған еді.
Дәл осы ауқымды инвестициялық жобалар бүгінде Қазақстанның туризм саласын дамытудың негізін қалап отыр. Қазіргі уақытта туризм саласында іске асырылып жатқан ең ірі жобаларды төменде атап өтеміз.
Туризм саласындағы үздік 10 жоба:
- Алматы облысындағы Oi-Qaragai курортын кеңейту (инвестиция көлемі — 57,2 млрд теңге);
- Алматы облысындағы «Алатау фестивалі» спорттық ойын-сауық туристік кешенінің құрылысы (50 млрд теңге);
- Алматы облысындағы яхта айлағы, аквапарк, қонақүй мен сауда аймағы бар қалалық жағажай құрылысы (48 млрд теңге сомасында шетелдік инвестиция);
- Астана қаласындағы туристік квартал құрылысы (46,2 млрд теңге сомасында шетелдік инвестиция);
- Маңғыстау облысында Каспи теңізінің жағалауында Aqualina Camp оқу-сауықтыру орталығының құрылысы (28 млрд теңге);
- Шымкент қаласындағы көпфункционалды «Hilton» қонақүйінің құрылысы (28 млрд теңге);
- Маңғыстау облысындағы көпфункционалды қонақүй-туристік кешені мен гольф клубының құрылысы (22,9 млрд теңге сомасында шетелдік инвестиция);
- Қостанай облысында Courtyard by Marriott қонақүй кешенін салу (15,9 млрд теңге);
- Астана қаласында қонақүй кешенін салу (8 млрд теңге сомасында шетелдік инвестиция);
- Қонаев қаласында «Hilton» қонақүй кешенін салу (5 млрд теңге).
Экономиканың көптеген басқа саласынан айырмашылығы — Қазақстанда туризмге салынатын инвестициялар тікелей бюджеттік қаржыландыру есебінен емес, негізінен бизнестің өз қаражаты мен жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Бұл бизнестің осы саланы дамытуға деген жоғары қызығушылығын және оның ұзақ мерзімді әлеуетін көрсетеді.
Еліміздегі ең ірі туристік инвестициялық жоба — Oi-Qaragai тау курорты ерекше назар аударуға тұрарлық. Нысанды дамыту жобасын іске асыру 2028 жылдың соңына дейін жоспарланған және ол дамыған тау шаңғысы, туристік және сервистік инфрақұрылымы бар халықаралық деңгейдегі заманауи, жыл бойғы курорт салуды көздейді.
Жоба аспалы жолдарды, трассаларды, инженерлік инфрақұрылымды, жасанды қар жасау жүйелерін, туристік нысандар мен демалыс аймақтарын салуды және жаңартуды қамтиды. Экологиялық тұрақтылыққа, қауіпсіздікке және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Жоба толық іске асырылғаннан кейін курорттың өткізу қабілеті жылына 1 млн адамға дейін артады, бұл өңірдегі тау туризмі үшін ең жоғары көрсеткіштердің бірі болмақ.
Жоба аясында бүгіннің өзінде бірқатар нысан пайдалануға берілді:
- 10 орындық гондолалы аспалы жол;
- 6 орындық креслолы аспалы жол;
- жаңа тау шаңғысы трассалары;
- Ақтас сәндік көлі;
- параглайдингке арналған алаңқай;
- глэмпингтер;
- туристік белсенділіктер мен ойын-сауық нысандары;
- жасанды қар жасау және сумен жабдықтау жүйелері;
- инженерлік және газ инфрақұрылымы нысандары;
- басқалары.
Жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал етеді. Ол қазірдің өзінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, салық түсімдерінің артуына, туристік ағынның өсуіне және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті туристік өнімді қалыптастыруға септігін тигізіп жатыр және болашақта да бұл үрдіс жалғаса бермек.
Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесі еліміздің туристік инфрақұрылымының қазіргі жай-күйінен анық байқалады. Атап айтқанда, орналастыру орындарының — қонақүйлердің, отельдердің, демалыс базаларының, пансионаттар мен басқа да нысандардың саны айтарлықтай артып келеді.
Соңғы бес жылда Қазақстандағы орналастыру орындарының саны 27,5%-ға өсіп, 4,5 мыңға жетті. 2010 жылмен салыстырғанда олардың саны шамамен 3 есе артты. Курорттық аймақтардағы орналастыру нысандарының саны 26,5%-ға өсіп, 1,9 мыңды құрады. Бұл — осы салада болып жатқан өзгерістердің ауқымын көрсететін көптеген көрсеткіштердің бірі ғана.
Туристік саланы дамытуды мемлекеттік қолдау
Саладағы бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының кешені іске асырылуда. 2025 жылы 2,7 млрд теңге көлемінде қолдау мақұлданды, оның ішінде туристік нысандарды салу мен жаңғыртуға, туристік автобустар мен тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу де бар.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары туристік саланың дамуы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүріп жатыр. Іс-қимыл жоспарының жобасы инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамытуға, еліміздің негізгі курорттық аймақтарында жалпы сомасы 600 млрд теңгеден асатын 136 инвестициялық жобаны іске асыруға жағдай жасауға бағытталған 152 іс-шараны қамтиды.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың көктемінде 114 іс-шараны қамтитын 2026–2029 жылдарға арналған курорттарды дамытудың жол картасы бекітілді.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң туристік саланы дамыту үшін жағдайды жақсартуға және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл — ҚР-да туристік саланы дамыту үшін іске асырылып жатқан барлық шаралардың аз ғана бөлігі. Бұл шаралардың мемлекет пен бизнестің бірлесуімен іске асып жатқаны өте маңызды. Мұндай үйлесімділік олардың тиімділігін арттыра түседі.
Жүйелі жұмыстың арқасында Қазақстан әлемдік аренадағы өз позициясын нығайтуға және шетелдік туристерді тартуға барынша күш салуда. Нәтижесінде соңғы жылдары еліміз халықаралық басылымдардың нұсқасы бойынша тұрақты түрде бейінді рейтингтер мен тізімдерге еніп келеді.
- Қазақстан Lonely Planet Best in Travel 2025 жыл сайынғы халықаралық рейтингіне саяхаттау үшін ұсынылатын ең үздік бағыттардың бірі ретінде енді.
- Алматы қаласы CNN Travel мәліметінше 2025 жылы баруға тұрарлық үздік 25 жердің тізіміне енді. Алматы урбанистік мәдениет пен табиғи ландшафттардың жақындығын ұштастырған «Орталық Азия стилінің жаңа астанасы» ретінде сипатталды.
- 50 Best Discovery халықаралық гастрономиялық жолсілтеуішіне Қазақстанның бірқатар мейрамханасы мен дәмханасы енгізілді.
- Travel and Tour World жарияланымында Қазақстанның 2025 жылы қысқы туризмді, мәдени маршруттар мен табиғи көрікті жерлерді қоса алғанда, қытайлық туристер үшін негізгі бағыттардың біріне айналып келе жатқаны атап өтілді.
- Economic Times Travel басылымында жарияланған Niyo зерттеуіне сәйкес Қазақстан өзінің табиғаты, қысқы белсенділіктері мен қаржылық қолжетімділігінің арқасында үндістандық жас туристер үшін «жаңа Швейцария» ретінде танылды.
- Travel and Tour World жарияланымында Қазақстан азиялық елдердің қатарында 2025 жылы саяхаттау, өмір сүру сапасы және қаржылық қолжетімділік тұрғысынан тартымды ел ретінде аталды.
- Travellink зерттеуі бойынша, Қазақстан — Қытай азаматтары үшін ең танымал 50 туристік бағыттың ішінде пандемиядан кейінгі туризмді қалпына келтіру бойынша көрсеткіші ең жоғары ел (157%).
- The New York Times деректері бойынша Алматы әлемдегі ең үздік 52 туристік бағыттың қатарына енді.
Осылайша, бүгінгі таңда Қазақстанның туристік саласы белсенді өсу және түрлену сатысында тұр. Туристер ағынының артуы, рекордтық инвестициялар, ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы және курорттық аймақтарды жаңғырту елде біртіндеп заманауи туристік экожүйені қалыптастыруда. Бұл үрдістер Қазақстанның ішкі және шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттырып қана қоймай, экономика үшін де айтарлықтай мультипликативті әсер береді: өңірлердің дамуын ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті қолдауға және ел экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Дамудың қазіргі қарқыны сақталған жағдайда, туризмнің ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның шикізаттық емес негізгі салаларының біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.