Сарапшылар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін не ұсынды

9636
Фотосурет: UKIMET

Қазақстан халқының ақшалай табысының басым бөлігі еңбек нарығы арқылы қалыптасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша азаматтардың барлық ақшалай кірісінің шамамен үштен екісі жалдамалы жұмыстан түскен табысқа тиесілі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында айтылды.

Кеңес жұмысына экономика және қаржы саласынан 30-дан астам сарапшы қатысып, халықтың нақты табысын арттыру жолдарын талқылады.

Экономикалық өсім мен табыс арасындағы байланыс

Экономикалық зерттеулер институтының талдауына сәйкес, 2000 жылдан бері Қазақстанда нақты ішкі жалпы өнімнің, жалақының және халықтың ақшалай табысының тұрақты өсу үрдісі байқалады.

Сонымен бірге азаматтардың әл-ауқатына ең көп әсер ететін факторлардың бірі ретінде жалдамалы еңбек табысы сақталып отыр.

Институттың басқарма төрағасы Біржан Бәткеевтің айтуынша, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін экономикалық өсімнің нақты табысқа әсер ететін тетіктерін күшейту қажет.

Негізгі басымдықтар:

  • сапалы жұмыс орындарын ашу
  • еңбек өнімділігін арттыру
  • жалақының тұрақты өсуін қамтамасыз ету

Қай салалар көш бастап тұр?

Талдау нәтижесі өңірлік және салалық айырмашылықтардың сақталып отырғанын көрсетті.

2025 жылы жалақы деңгейі мен экономикалық көрсеткіштер бойынша мына салалар алдыңғы қатарға шыққан:

  • тау-кен өнеркәсібі
  • қаржы және сақтандыру қызметі
  • ақпарат және байланыс
  • өңдеу өнеркәсібі

Сарапшылардың пікірінше, тек жоғары табыс әкелетін секторлардың болуы жеткіліксіз. Маңыздысы – олардың жаңа жұмыс орындарын ашып, қосылған құн қалыптастырып, экономиканың басқа бағыттарына серпін беруі.

Халық табысын арттыруға арналған 58 шара

Талдау қорытындысы негізінде Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар жобасын әзірледі.

Құжат алты бағыт бойынша 58 іс-шараны қамтиды:

  • жалақыны көтеру
  • сапалы жұмыс орындарын құру
  • адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру
  • инфляцияны төмендету және нақты табысты өсіру
  • салықтық және әлеуметтік шараларды жетілдіру
  • халықтың борыштық жүктемесін азайтып, қаржылық тұрақтылығын күшейту

Жоспар жобасын Сараптамалық кеңес мүшелеріне ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды.

Сарапшылар қандай тәуекелдерді атады?

Талқылау барысында сарапшылар халық табысына сыртқы экономикалық факторлардың да елеулі ықпал ететінін айтты.

Экономика ғылымдарының кандидаты Жақсыбек Құлекеев әлемдік экономикадағы сауда қайшылықтары, геосаяси тұрақсыздық, экспорттық логистикадағы қиындықтар және негізгі сауда серіктестеріндегі экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі Қазақстан экономикасына әсер ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл үрдістер экспорттық кірістерге, бюджет түсімдеріне және жалпы экономикалық динамикаға ықпал етеді.

Роботтандыру өнімділікті екі есеге арттырды

«АВЗ» ЖШС директоры Марат Баққұлов өндірістегі роботтандырудың нәтижелерімен бөлісті.

«Біздің зауытта роботтандыру екінші жыл қатарынан жүріп жатыр. Мұның нәтижесінде бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі соңғы екі жылда іс жүзінде екі есеге, 27 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін өсті. Біз біліктілігі төмен еңбекті жоғары біліктілікпен алмастырудамыз: егер бұрын бізде қарапайым слесарьлар жұмыс істесе, қазір олардың орнын инженерлер басқан. Тиісінше жалақы деңгейі де өсуде»

Жалақы өсімі өнімділікпен қатар жүруі керек

Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов Қазақстан экономикасын технологиялық жаңғырту қажеттігін айтты.

«Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы еңбекақы төлеу қорының үлесі шамамен 32% болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-60%-ға жетеді. Өнімділіктің өсуінсіз жалақының өсуі сөзсіз инфляцияға әкеледі. Сондықтан агломерацияларды дамыту, жасанды интеллектті енгізу, кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыру және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту қажет»

Серік Жұманғарин: Әл-ауқат тек жалақымен өлшенбейді

Отырысты қорытындылаған Серік Жұманғарин халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі тек жалақы өсімімен шектелмейтінін айтты.

«Қазірде елге жаңа өндіріспен бірге заманауи технология келетін кезеңде тұрмыз. Бұл жаңа деңгейде маман даярлауға және сұранысқа ие дағдыларды игеруге мүмкіндік тудырады. Сарапшылар қауымдастығымен бірге біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқат деп нені түсінетінін және халықтың табысының өсуіне қандай фактор әсер ететіні туралы ауқымды әңгіме бастадық. Экономикалық зерттеулер институты осы тақырып бойынша зерттеуді бастады. Сіздерді өздеріңіздің зерттеу, ұсыныстарыңызбен, сараптамалық пікірлеріңізбен бөлісуге шақырамыз. Егер бұл мәселе тек жалақыны көтеру арқылы шешіледі десек, бірде-бір бюджет жеткіліксіз болатыны анық. Тұрақты экономикалық өсу, өндірісті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту қажет. Сондықтан біз сарапшылармен одан арғы диалог жалғасатынына сенеміз. Сараптамалық кеңестің келесі отырыстарында талқылау үшін жаңа ұсыныс күтеміз»

Сарапшылардың пікірінше, халықтың нақты табысын арттыру үшін жалақы өсімімен қатар өнімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу және тұрақты жұмыс орындарын көбейту шешуші рөл атқарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -