Бір үйдің шамы жарқырап жанса, оның артында ата-ананың маңдай тері мен мейірімі тұрады. Ал сол шаңырақта жеті бірдей баланың күлісі естіліп, қуанышы мен шаттығы қатар өрілсе, ол әкенің жауапкершілігі мен төзімінің айқын көрінісі.
Сержант Махамбет Байжігітов үшін әскери қызмет пен әкелік міндет – егіз ұғым. Бірі Отан алдындағы борыш болса, екіншісі ұрпақ алдындағы аманат. Қызметте қырағылық пен тәртіпті серік еткен ол үйіне оралғанда балаларының қамқор әкесі.
Махамбет Сапаралыұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әке-шешесінің тәрбиесін көріп өскен ол үйдегі екіншісі. Ағасы, артынан ерген інісі мен қарындасы төртеуі бала кезінен бауырмалдықты, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты бойына сіңіріп өсті. Бүгінде сол өнегені өз отбасыларында жалғастырып келеді.
Махамбет туған ауылында мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласына білім іздеп келеді. Алайда тағдыр оны әскери жолға жетелейді. 2007 жылы әскер қатарына шақырылып, бір жылдан кейін 3660 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызметін бастайды. Әскери өмірдің қатал тәртібіне үйрену алғашында оңай болмағанын жасырмайды. Дегенмен табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында бірнеше жылдың ішінде бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, әскери қызметті өмірлік таңдауы ретінде қабылдайды.
Осы жылдар ішінде бөлімше командирі, бөлім ақпараттандыру бағытының бастығы секілді түрлі лауазымдарды атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Ал 2019 жылы 6636 әскери бөліміне ауысып, байланыс саласында қызметін жалғастырды. Бүгінде ол әскери қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген тәжірибелі мамандардың бірі.

Қызмет жолындағы жетістіктерімен қатар, оның өміріндегі ең үлкен мақтанышы – отбасы. Тағдыр тоғыстырған қос жүректің таныстығы да ерекше. Екеуі де Төле би ауданының тумасы болғанымен, бір-бірін жақыннан тануы елорда төрінде бұйырыпты. Әскери қызмет атқарып жүрген Махамбет туған жеріне демалысқа барған сәттерінің бірінде Айданамен танысып, арадағы сыйластық көп ұзамай шынайы сезімге ұласады. Уақыт өте келе бір-бірін жақынырақ таныған қос жас 2011 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде көпке үлгі боларлық берекелі отбасының негізін қалады. Он бес жыл ішінде олардың шаңырағы шатыққа толып, жеті баланың күлкісі естілетін үлкен ордаға айналуда.
. Үлкен ұлдары Нұрмұхан мен Мағжан спортқа жақын өсіп келеді. Бұл да тегін емес. Өйткені отағасының өзі бала күнінен қазақ күресімен айналысып, талай жарыстарда бақ сынаған. Бүгінде әке жолын жалғаған ұлдары да түрлі спорттық жарыстарға қатысып, аудандық, облыстық және халықаралық деңгейдегі додаларда өз бақтарын сынап жүр.
Ал қыздары Аружан, Айлин және Ұлар да белсенділгімен ерекшеленеді. Әсіресе, Айлин сурет салуға қызығып, шығармашылық қабілетін шыңдап жүр. Әміре мен кенже қыздары Әмина да отбасының шаттығын арттырып отырған сүйкімді бүлдіршіндер. Сержант әкенің айтуынша, әр баланың өз дарыны, өз арманы бар. Сондықтан ата-ана ретінде олардың қызығушылығын қолдап, дұрыс бағыт көрсету басты міндет саналады.

-Біздің үйде бос уақыт деген ұғым сирек. Бір баланы үйірмеге апарамыз, біреуінің сабағын қараймыз, енді бірі жарысқа дайындалып жатады. Бірақ дәль осы қарбаластың өзі біз үшін бақыт. Үй іші балалардың күлкісіне толып тұрса, одан асқан байлық жоқ шығар, - дейді көпбалалы әке.
Осындай үлкен отбасының ұйытқысы – шаңырақтың шырайын келтіріп отырған аяулы ана – Айдана. Мамандығы бойынша биолог болғанымен, ол ең алдымен жеті баланың тәрбиесіне бар күш-жігерін арнап жүрген ардақты жар, мейірімді ана. Әскери адамның жары болу – үлкен төзімділік пен түсіністікті талап етеді. Себебеі әскери өмір уақытпен санаспайды, алыс сапарлар мен жауапты міндеттер жиі кездеседі. Осындай сәттерде отбасының берекесін сақтап, балалардың тәрбиесін үйлестіріп отырған Айдананың еңбегі ерекше.
-Әскери адамның жары боллу – тек жар болу емес, кейде әрі ана, әрі әке болуджы талап етеді. Жолдасым қызметте жүрген кезде балалардың тәрбиесі мен үйдің тірлігі маған жүктеледі. Бірақ оның ел үшін атқарып жүрген еңбегін көргенде әрдайым қолдау көрсетуге тырысамын, - дейді Айдана ханым.

Гүл өсіруді жаны сүйетін Айдана ханымның қолымен бапталған алуан түрлі гүлдер шаңыраққа ерекше көрік беріп тұр. Үйге кірген жан ең алдымен сол гүлдерден тараған жылулық пен тазалықты, отбасы мүшелерінің өзара сыйластығын сезінеді. Сондықтан Махамбет Сапарлыұлы үшін отбасы – тынығатын мекен ғана емес, жаңа жетістіктерге жігер беретін өмірінің басты тірегі.
Жеті баланың күлкісі жарасқан бұл шаңырақта ата-ананың еңбегі мен тәрбиесі, сыйластығы мен татулығы айқын көрінеді. Ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызетші үшін де, оның отбасы үшін де ең үлкен марапат – балалардың амандығы мен жарқын болашағы.
Жанерке Мұратқызы