Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен өткен Палата отырысында экология, қаржы, әлеуметтік саясат, кедендік реттеу, атом энергетикасы және халықаралық ынтымақтастыққа қатысты бірқатар маңызды заңдар қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сенаторлар сондай-ақ бірнеше халықаралық келісімді ратификациялап, өңірлік басқару мен экономиканың түрлі салаларын жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістерді қолдады.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Экология саласына жаңа өзгерістер енгізілді
Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, енгізілген түзетулерге байланысты оны Мәжіліске қайтарды.
Заң:
- қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге;
- қайта өңдеу саласын дамытуға;
- гидрометеорологиялық қызмет жұмысын жаңғыртуға;
- экологияны цифрландыруға;
- көміртекті офсеттеу мен климаттық қаржыландыру тетіктерін дамытуға;
- экологиялық рұқсаттарды алу мерзімдерін қысқартуға бағытталған.
Халықаралық келісімдер ратификацияланды
Отырыста бірқатар халықаралық құжаттар мақұлданды.
Олардың қатарында:
- ҰҚШҰ күштері мен құралдарының мәртебесіне қатысты хаттама;
- әскери өнімдер мен техниканы тасымалдау жөніндегі келісім;
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару туралы келісім;
- Еуразиялық экономикалық одақ пен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім бар.
Бұл құжаттар қауіпсіздік, су ресурстарын басқару және халықаралық сауда бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жергілікті өзін-өзі басқару күшейтіледі
Сенаторлар мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне қатысты заңды да мақұлдады.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге бағытталғанын айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы маңызды екенін үнемі айтып келеді. Осыған орай, мақұлданған заң аясында өңірлердегі жергілікті басқарудың құқықтық тетіктерін жетілдіретін түзетулер қаралды. Заңда өзін-өзі басқару институттарын дамытуға және мәслихаттардың рөлін күшейтуге арналған нормалар да бар. Өңірлердің қаржылық дербестігін нығайтуды көздейтін түзетулер де назардан тыс қалған жоқ. Заңды қабылдау жергілікті өзін-өзі басқару институттарын одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кедендік реттеу мен электронды сауда жаңартылады
Сенат кедендік реттеу туралы заңға енгізілген өзгерістерді де қолдады.
Құжат арқылы:
- электрондық сауда операторларының құқықтары мен міндеттері нақтыланады;
- ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы тауар өткізу тәртібі жетілдіріледі.
Қаржы нарығына арналған жаңа заң қабылданды
Сенаторлар:
- «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» заңды;
- қаржы нарығын жетілдіру және цифрландыру мәселелері жөніндегі ілеспе заңды мақұлдады.
Жаңа құжаттар кредиттік рейтинг агенттіктерінің қызметін, оларды мемлекеттік бақылау тәртібін және қаржы нарығындағы құқықтық негіздерді айқындайды.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Әлеуметтік заңнамаға өзгерістер енгізілді
Депутаттар әлеуметтік заңнаманы жетілдіруге бағытталған заңды да қолдады.
Онда:
- көші-қон саясатын жетілдіру;
- техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту;
- инклюзивті саясатты қолдау;
- денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру;
- зейнетақы жинақтарын басқару мәселелері қамтылған.
«Мақұлданған заң көші-қон саясатын және техникалық әрі кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге арналған. Сонымен қатар инклюзивті саясатты қолдауға, зейнетақы жинақтарын басқаруға және денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты маңызды түзетулер де енгізілді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Радиоактивті қалдықтар туралы жаңа заң мақұлданды
Отырыста радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге қатысты жаңа заңдар пакеті қабылданды.
Құжаттарда:
- радиоактивті қалдықтарды жіктеу;
- ядролық материалдарды есепке алу;
- радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін нысандарды санаттарға бөлу;
- жер қойнауын пайдалану операцияларын жетілдіру тәртібі нақты регламенттелген.