Мыңжылдық Жібек жолын көктем самалы қарсы алады, ал анар ағаштарының бұтақтары гүлге оранады

ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулы Сізді Қытай мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығымен таныстырады (III)

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі тірек аймағы

Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы бес стратегиялық бағытты жүйелі түрде іске асырып келеді. Олар – ұлттық геосаяси қауіпсіздікті қамтамасыз ететін стратегиялық қорғаныс белдеуі, жаңа даму моделінің стратегиялық тірегі, елдің энергетикалық және табиғи ресурстарының стратегиялық базасы, жоғары сапалы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін маңызды өңір, сондай-ақ Азия мен Еуропаны жалғайтын «алтын дәліз» әрі батыс бағытындағы ашықтықтың алдыңғы шебі.

Осының нәтижесінде Шыңжаңның даму қарқыны тұрақты түрде жеделдеп, ол Қытайдың жалпыұлттық даму стратегиясында ерекше маңызға ие өңірге айналды.

Мұны нақты көрсеткіштер де айқын дәлелдейді. 2025 жылы Шыңжаңда жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы қуаты 64 миллион киловаттан асатын жаңа энергетикалық нысандар пайдалануға берілді. Шикі көмір өндіру қарқыны елдегі негізгі көмір өндіруші провинциялар мен автономиялық аудандар арасында бірінші орынға шықты. Мұнай мен табиғи газды мұнай баламасымен есептегендегі өндіріс көлемі қатарынан бес жыл бойы Қытай бойынша көш бастап келеді. Бір гектардан алынатын астық өнімділігі тағы да елдегі ең жоғары деңгейге жетті. Ал мақта өндірісіндегі Шыңжаңның үлесі жалпыұлттық көлемнің 92,8 пайызын құрады.

Өңір арқылы «Қытай – Еуропа (Орталық Азия)» бағытындағы 18 мың жүк пойызы өтті. Қалаларда 488 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Қала және ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы қолда бар табысының өсу қарқыны бойынша Шыңжаң Қытайда екінші орынға көтерілді.

Бұл көрсеткіштердің артында Шыңжаңдағы барлық этностардың әл-ауқатының тұрақты жақсаруы, сондай-ақ өңірдің «табиғи ресурстарға бай аймақтан» «қуатты өнеркәсіптік өңірге» айналу жолындағы сенімді қадамдары жатыр.

Шыңжаңның ашықтық саясаты да жаңа деңгейге көтерілуде. XIV бесжылдық кезеңінде сыртқы саудаға қызмет көрсететін өткізу бекеттерінің саны 19-ға жетті. Өңір арқылы өткен және транзитпен жүрген «Қытай – Еуропа (Орталық Азия)» бағытындағы жүк пойыздарының жалпы саны 74 мыңнан асты. Шыңжаң еркін сауда аймағының пилоттық аймағы табысты құрылып, өңірдің ашық экономикасын дамытудың жаңа қуатты қозғаушы күшіне айналды.

Өңірдің сыртқы сауда көлемі қатарынан төрт жыл бойы 100 миллиард юаньнан жоғары деңгейде сақталуда. Осы кезеңде екі мәрте «Қытай – Еуразия» ЭКСПО көрмесі және үш мәрте Еуразиялық тауарлар мен сауда ЭКСПО-сы табысты өткізілді. Қазіргі таңда Шыңжаң әлемнің 228 елі және өңірімен сауда-экономикалық байланыс орнатқан.

Биылғы жылдың 25–29 маусымы аралығында Үрімжі қаласында IX «Қытай – Еуразия» ЭКСПО көрмесі өтті. Осындай халықаралық ашық платформалардың арқасында Шыңжаң «Азия – Еуропа алтын дәлізін» жай ғана географиялық ұғымнан нақты экономикалық кеңістікке айналдырып келеді.

XV бесжылдықтың негізгі бағыттарында кең ауқымды консультациялар жүргізу, бірлесіп құру және ортақ пайдалану қағидаттарын басшылыққа ала отырып, жоғары стандарттарға, халықтың әл-ауқатына және тұрақты дамуға негізделген ашық, жасыл әрі адал даму моделін қалыптастыру міндеті айқын белгіленген.

Сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапалы деңгейде бірлесіп жүзеге асыруды жалғастырып, инфрақұрылымдық өзара байланыстарды нығайту, ережелер мен стандарттарды үйлестіру, сондай-ақ бастамаға қатысушы мемлекеттердің халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты тереңдету көзделген.

«Қытай – Еуропа (Орталық Азия)» бағытындағы теміржол экспресс пойыздарының даму сапасын арттыру және Транскаспий халықаралық көлік бағытын қалыптастыру жұмыстарына белсенді қатысу жоспарланған. Сонымен қатар Шыңжаңды «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі тірек аймағы ретінде дамыту тереңдетіле түседі.

Осылайша, ұлттық дамудың кешенді жоспары Шыңжаңның сыртқы әлемге одан әрі ашылуының нақты стратегиялық бағытын айқындап берді.

Қазақстанда алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ұсынылғаны белгілі. Қытай мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараның 1700 шақырымнан астам бөлігі Шыңжаң арқылы өтеді. Сондықтан бұл өңір екі ел арасындағы ынтымақтастықтың аса маңызды стратегиялық көпіріне айналып отыр. Географиялық жақындық бүгінде ортақ даму мүддесімен және өзара тиімді серіктестікпен ұштасуда.

Өңіраралық бауырластық байланыстардың кеңеюі, инфрақұрылымдардың өзара ықпалдасуы, өнеркәсіптік кооперацияның тереңдеуі және мәдени-гуманитарлық алмасулардың қарқынды дамуы Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп келеді.

Қазіргі уақытта Шыңжаң мен Қазақстан арасында облыстар, қалалар және аудандар деңгейінде 15 жұп бауырлас өңірлік байланыс орнатылған. Мемлекеттік органдар мен іскерлік қауымдастықтардың өзара сапарлары тұрақты әрі жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді.

2025 жылы Шыңжаң мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі 19,33 миллиард АҚШ долларына жетіп, бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы жалпы сауда көлемінің шамамен 40 пайызын құрады.

2025 жылы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығына келген келушілер саны 10 миллион адамға жуықтады. Ал Қорғас өткізу пункті арқылы экспортталған автомобильдер саны 450 мың бірлікке жетіп, екі көрсеткіш те тарихи рекорд орнатты.

Бүгінде Шыңжаң мен Қазақстанды тұрақты жұмыс істейтін жеті халықаралық өткізу пункті, бес трансшекаралық мұнай және газ құбыры, сондай-ақ екі халықаралық теміржол желісі байланыстырып отыр.

Үшінші трансшекаралық теміржол — Тачэн – Аягөз бағытының құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін екі ел арасындағы жүк өткізу мүмкіндігі жылына шамамен 48 миллион тоннаға дейін ұлғаяды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жоғары қарқынмен дамып келеді.

2025 жылдың тамыз айында Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы ALT университеті базасында Шыңжаңмен бірлесіп құрылған алғашқы «Лу Бань шеберханасы» ашылды.

Сол жылы Алматы қаласында «Ғажайып Қытай: Шыңжаңның өнері мен сұлулығы» атты ауқымды көрме ұйымдастырылды. Ал 2025 жылдың желтоқсанында «Шыңжаң – ғажайып өлке» атты мәдениет пен туризмді насихаттау шараларының сериясы табысты өтті.

Қазіргі таңда Алматы қаласы мен Үрімжі және Құлжа қалалары арасында аптасына 20-дан астам әуе рейсі қатынайды. Әуе қатынасының жиілеуі халықтардың өзара сапарын бұрынғыдан да жеңілдетіп, екі ел азаматтарының бір-бірін тереңірек танып-білуіне жол ашуда.

Қорғас шекаралық өткізу бекетіндегі халықтың тынымсыз қозғалысынан бастап, үшінші халықаралық теміржол құрылысына дейін, ондаған апталық әуе рейстерінен бастап, бауырлас қалалар желісінің үздіксіз кеңеюіне дейінгі барлық үдерістер Шыңжаң мен Қазақстанның ортақ дамуының кең көрінісін қалыптастырып отыр.

Бұл – шекаралық өткізу бекеттерінің өзара ашықтығы, теміржолдардың байланыстылығы, өнеркәсіптердің өзара толықтырылуы және халықтар арасындағы жақындасумен сипатталатын ынтымақтастықтың жарқын үлгісі.

Батысқа ашылатын Қытайдың басты қақпасы саналатын Шыңжаң нақты іс-әрекеттер арқылы Қытай мен Қазақстан тағдыры ортақ қауымдастығын қалыптастырудың ең жарқын өңірлік шежіресін жазып келеді.

Сиань – Қытай мен Орталық Азия елдері ынтымақтастығының тоғысқан нүктесі

Сиань қаласы – Шэньси провинциясының әкімшілік орталығы, Батыс Қытайдың аса маңызды орталық қалаларының бірі, Ұлы Жібек жолының бастау алған мекені әрі Қытай өркениетінің ең көне бесіктерінің бірі. Бүгінде оның халықаралық ықпалы жылдан-жылға артып келеді.

2025 жылы Сиань қаласындағы белгіленген ауқымнан жоғары өнеркәсіп кәсіпорындарының (жылдық негізгі қызмет кірісі кемінде 20 миллион юань болатын кәсіпорындар) жалпы өнеркәсіптік өнімі тарихта алғаш рет 1 триллион юаньдық межеден асып, 1,06 триллион юаньға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,9 пайыздық өсімді көрсетті.

Ал осы кәсіпорындардың қосылған құны 5,7 пайызға өсіп, Сиань өнеркәсібінің жалпы көлемі тарихи жаңа деңгейге көтерілді.

Қала ірі жолаушылар ұшақтары, жартылай өткізгіштер, фотоника, жаңа материалдар және басқа да стратегиялық салаларды қамтитын он негізгі өнеркәсіптік тізбекті дамытуға басымдық беруде.

Әсіресе үш бағыттағы өсім ерекше назар аудартады:

– фотоэлектрлік энергетика – 56,1 пайыз;

– жаңа энергия көздеріндегі интеллектуалды қосылған автомобильдер – 14,9 пайыз;

– жаңа материалдар өндірісі – 14,2 пайыз.

Автомобиль жасау, электрондық ақпараттық технологиялар, жоғары технологиялық жабдық өндірісі және басқа да алты жетекші сала жалпы көлемі 826,478 миллиард юань өнім өндіріп, Сианьдағы ірі өнеркәсіп өндірісінің 77,9 пайызын қамтамасыз етті. Олар қаланың өнеркәсіптік дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналды.

Фотондық интеграция саласындағы тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ платформасы Қытайдағы өңдеуші өнеркәсіпке арналған алғашқы ұлттық сынақ платформаларының қатарына енгізілді.

Осылайша, мыңжылдық көне астана бүгінде триллиондық өнеркәсіптік әлеуеті бар заманауи индустриялық орталыққа айналып, Ұлы Жібек жолының бастауына жаңа тарихи мазмұн беріп отыр.

2023 жылы Сиань қаласында алғашқы «Қытай – Орталық Азия» саммиті табысты өтті. Саммит қорытындысы бойынша қабылданған «Сиань декларациясында» алты мемлекеттің Қытай мен Орталық Азияның тағдыры ортақ неғұрлым тығыз қауымдастығын бірлесіп қалыптастыруға деген берік ұмтылысы расталды. Сонымен қатар мемлекет басшыларының тұрақты кездесулер тетігі ресми түрде құрылды.

Аталған тетіктің Хатшылығы Сиань қаласында орналасты. Осылайша, Сиань ежелгі Жібек жолының бастау нүктесі мәртебесінен Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты диалог алаңына айналды.

2025 жылы Сианьда Қытай–Қазақстан халықаралық контейнерлік терминалы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Қытай – Орталық Азия» бағытындағы алғашқы туристік пойыз Сиань – Алматы бағыты бойынша жолға шықты.

Сианьдағы «Қытай – Еуропа» бағытындағы жүк пойыздарының жинақтау-тарату орталығы өз мүмкіндіктерін үздіксіз кеңейтіп келеді. Осы орталықтан жөнелтілген пойыздардың жалпы саны ел бойынша алғаш рет 30 мың рейстен асты. Ал жөнелтілген пойыздар саны мен жүк айналымы көлемі бойынша Сиань сегізінші жыл қатарынан Қытайда бірінші орынды сақтап отыр.

Қала сондай-ақ халықаралық қатынастар географиясын белсенді кеңейтуде. 2025 жылы Сианьнан 12 жаңа халықаралық жолаушылар және жүк әуе бағыты ашылды. Осылайша ол Қытайда алғаш болып Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сегіз қаласымен тұрақты жолаушылар әуе қатынасын толық қамтамасыз еткен қала атанды.

Ауыл шаруашылығы, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастық та айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде.

Янлин жоғары және жаңа аграрлық технологиялар индустриясының демонстрациялық аймағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының аграрлық технологиялар бойынша оқыту және алмасу платформасына сүйене отырып, Қазақстанды қоса алғанда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді.

2025 жылы Сиань жоғары деңгейде «Қытай – Еуропа» жүк пойыздары қызметтерінің халықаралық ынтымақтастығына арналған ІІ форумды ұйымдастырды. Сонымен қатар XI Еуразиялық экономикалық форум және басқа да бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар табысты өткізілді.

Биылғы жылдың 8 маусымында Алматы қаласында «Мыңжылдық көне астана – Чанъаньға қош келдіңіз!» атты Сиань қаласының туристік әлеуетінің таныстырылымы өтті.

Алдағы XV бесжылдық кезеңіне көз жүгіртсек, Сиань өзінің стратегиялық даму бағытын айқын белгілеп отыр.

Қала халықаралық деңгейдегі кешенді сервистік қызмет көрсету жүйесін үздіксіз жетілдіруді және «Қытай – Орталық Азия» саммитінің нәтижелерін барлық қатысушы мемлекеттердің игілігіне тиімді жүзеге асыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.

Сондай-ақ сыртқы ашықтықтың көпдеңгейлі арналары кеңейтіліп, жаңа Еуразиялық құрлықтық-теңіз мультимодальды көлік дәлізін және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға белсенді қатысу көзделген.

Бұдан бөлек, Сианьдағы «Қытай – Еуропа» жүк пойыздарының жинақтау-тарату орталығының халықаралық мәртебесі мен тиімділігін одан әрі арттыру жоспарланған.

Маңызды міндеттердің бірі – Сиань мен Алматы сияқты халықаралық көлік тораптары арасында «хаб – хаб» үлгісіндегі өзара ықпалдасқан логистикалық жүйені қалыптастыру.

Сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерімен сауда көлемі мен экспорт-импорт тауарларының түрлерін кеңейту жоспарланып отыр.

«Пойыздар + гуманитарлық алмасу» атты жаңа ынтымақтастық моделі одан әрі дамытылады. Сиань – Алматы бағыты бойынша халықаралық туристік пойыздардың тұрақты қозғалысын ұйымдастыру арқылы Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия мемлекеттерімен өнеркәсіп, білім беру, мәдениет, сауда және туризм салаларындағы ынтымақтастықты жан-жақты тереңдету көзделуде.

«Хаб – хаб» логистикалық жүйесін бірлесіп қалыптастырудан бастап, «Пойыздар + гуманитарлық алмасу» сияқты инновациялық модельдерді дамытуға дейінгі барлық бастамалар Сиань мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Бүгінде бұл ынтымақтастық жай ғана көлік дәліздерінің өзара байланысымен шектелмейді. Ол біртіндеп өндіріс, логистика, инвестиция, білім, мәдениет, туризм және халықтар арасындағы байланыстарды өзара тоғыстыратын тұтас өңірлік экожүйеге айналып келеді.

Осының нәтижесінде Қытай мен Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдерінің бірлескен дамуы барған сайын орнықты сипат алып, өзара тиімді ынтымақтастықтың жемісі халықтардың әл-ауқатына нақты қызмет ететін жаңа кезеңге қадам басуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -