Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысы, қалдықтарды басқару, қайта өңдеу инфрақұрылымы және энергия тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
«Таза Қазақстан» жаңа деңгейге өтті
Олжас Бектенов экологиялық мәдениет ел дамуының маңызды қағидатына айналып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлыққа ұқыпты қарау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ел қызметінің негізгі қағидаты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасы Конституцияда белгіленген негізгі қағидат ретінде бірізділікпен жүзеге асырылуда. Біздің осы қағидатты ұстануымыздың жарқын мысалы ретінде экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге қоғамның барлық өкілін, еріктілер мен бизнесті тарту бойынша ауқымды жұмыс болды. Біз табиғатқа ұқыпты қарау және тазалықты сақтау Қазақстанның әрбір азаматы үшін ішкі қажеттілік пен күнделікті өмір нормасына айналғанын қалаймыз».
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында:
- 1 миллионнан астам ағаш отырғызылды;
- 200-ден астам экологиялық іс-шара өтті;
- 4 миллионнан астам адам қатысты;
- олардың ішінде 510 мың ерікті болды;
- 76 мың гектардан астам аумақ тазартылды;
- 413 мың тонна қалдық жиналып, шығарылды;
- 115,7 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді.
Үш жылдағы нәтиже қандай?
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы басталған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 миллионнан астам ағаш отырғызылды.
Сонымен қатар мемлекеттік орман қоры аумағында 1 миллиардтан астам көшет пен жас шыбық егілді.
Премьер-министр бұл бастама енді бір реттік сенбілік немесе акция деңгейінен асып, жүйелі мемлекеттік саясатқа айналғанын айтты.
«Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады. Бұған қол жеткізу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді абаттандыру, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу объектілерін дамытумен байланысты жүйелі жұмыс істеуі қажет».
Өңірлерде қандай жұмыс атқарылды?
Отырыста бірқатар өңір әкімдерінің есептері тыңдалды.
Ұлытау облысында:
- 900 гектардан астам аумақ тазартылды;
- 3,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды;
- көктемде 19 мың көшет пен бұта отырғызылды;
- 2027 жылға дейін қағаз және резеңке қалдықтарын қайта өңдеу цехын іске қосу жоспарланып отыр.
Түркістан облысында:
- 332 мыңнан астам ағаш отырғызылды;
- 3 мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілік өтті;
- 355 мыңнан астам тұрғын қатысты;
- 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды;
- «Түркістан» экобағы ашылды;
- қуаттау стансаларымен жабдықталған 33 электр автобус пайдалануға берілді.
Шығыс Қазақстан облысында:
- 22 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды;
- ірі экопарктер құрылып жатыр;
- экологиялық акцияларға 330 мыңнан астам адам және 19 мың ерікті қатысты.

Қалдықтарды басқару: қандай міндеттер қойылды?
Кеңесте тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесіне ерекше назар аударылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,7 пайызды құрады.
2030 жылға қарай:
- коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға;
- өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ өткен жылы анықталған 3 828 стихиялық қоқыс орнының 3 629-ы, яғни 95 пайызы жойылған.

Қайта өңдеу жобаларына бақылау күшейеді
Премьер-министр қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жобаларды созбалаңға салуға болмайтынын айтты.
«Мемлекет басшысы маңызды экологиялық міндеттердің бірі ретінде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесіне ерекше назар аударады. Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөнінде тұжырымдама бекітілді, тұрмыстық қатты қалдықтарға жаңа полигондар салу үшін қажетті нормативтік актілер қабылданды, саланы жеңілдікпен кредиттеу тетігі іске асырылуда. Рұқсат етілмеген полигондарды жою бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Дегенмен, шешімдерді қажет ететін бірқатар мәселелер бар».
Ол әлемдік тәжірибені мысалға келтіріп, қайта өңдеуді негізгі мақсаттардың бірі ретінде атады.

«Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде «Тұйық циклді экономика» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылды, оның негізгі қағидаты – қалдықтардың пайда болуын болдырмау. Мәселен, Швецияда қоқыстың 1%-дан азы полигондарға түседі. Бұл ел тіпті көрші елдерден қалдықтарды импорттайды. Германияда тұрмыстық қалдықтардың 67%-дан астамы айналымға қайтарылады. Тізімді жалғастыруға болады. Қалдықтарды қайта өңдеу – міне бұл біз ұмтылатын меже. Алайда, қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыруды кешіктіріп жатқан фактілер бар. Осыған байланысты, Экология министрлігі бір апта мерзімде қалдықтарды қайта пайдалану саласындағы жобаларға тексеру жүргізсін және оларды іске асыру жөнінде нақты шешімдер енгізсін».
Энергия тиімділігі де күн тәртібінде
Отырыста энергия үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру мәселелері де қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, ірі кәсіпорындармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде өнеркәсіп секторында энергия сыйымдылығы 32 пайызға төмендеген.
Бұдан бөлек:
- 300-ге жуық ірі өнеркәсіп нысанында энергетикалық аудит жүргізілді;
- 113 миллиард теңгеге энергия үнемдеу шаралары іске асырылды;
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы 5 пайызға төмендеді.
Премьер-министр бұл бағытта озық тәжірибені белсенді енгізу қажет екенін айтты.

«Мемлекет басшысы жақында Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік орташа мәндерден 2 есе және ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен 3,5 есе жоғары екенін атап өтті. Халықаралық энергетикалық агенттік белгілеген жаһандық үрдіс энергия сыйымдылығының жоспарлы төмендеуі болып қала береді – жаһандық экономика аз ресурстарды пайдалана отырып, көбірек пайда табуды үйренуде. Сондықтан энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласында озық тәжірибені белсенді енгізу қажет».
Әкімдіктерге нақты тапсырма берілді
Олжас Бектенов 2029 жылға қарай экономиканың энергия тұтынуы мен энергия сыйымдылығын 15 пайызға төмендету міндеті тұрғанын еске салды.
«Мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономиканың энергия тұтынуы мен энергия сыйымдылығын 15 %-ға төмендету міндетін қойды. Өнеркәсіптің барлық субъектілері энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі өздерінің іс-шаралар жоспарларын бекітуге тиіс. Бір апта мерзімде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының, Астана қаласының әкімдіктері тиісті Жол карталарын бекітуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет».
Бұл неге маңызды?
«Таза Қазақстан» бастамасы тек тазалық акциялары туралы емес. Бұл – қалалар мен ауылдардың келбетін жақсарту, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту, экологиялық жауапкершілікті күшейту және энергияны тиімді пайдалануға көшу туралы кешенді саясат.
Мұндай шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасына, өңірлердің тартымдылығына және елдің ұзақмерзімді экологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
