Әлеуметтік желідегі мыңдаған пікір мен жүздеген жарияланым әрдайым қоғамның шынайы көзқарасын білдіре ме?
Жаңа зерттеу бұл сұраққа күмәнмен қарауға негіз береді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы цифрлық кеңістікте қоғамдық пікірді жасанды қалыптастырудың жаңа тәсілдерін зерттеп, соңғы жылдары дәстүрлі бот-желілердің орнына әлдеқайда күрделі механизмдер пайда болғанын анықтады.
Боттардан да қауіпті жаңа құбылыс
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, бүгінде әлеуметтік желілерде классикалық боттардан бөлек, «сворминг» (swarming) деп аталатын тактика кеңінен қолданыла бастады.
Бұл әдісте көптеген жалған аккаунт емес, керісінше шағын, бірақ үйлестірілген аккаунттар тобы әрекет етеді. Олар белгілі бір тақырыпты бір уақытта қолдап немесе сынап, көпшілік арасында бұл пікірді қоғамның басым бөлігі қолдап отырғандай әсер қалыптастырады.
Классикалық боттар алдын ала дайындалған бірдей мәтіндерді жаппай жарияласа, жаңа үлгідегі аккаунттар әлдеқайда икемді жұмыс істейді. Олар пікірталасқа тез араласып, негізгі тезистерді күшейтеді, шынайы қолданушыларды талқылауға тартады және нәтижесінде табиғи қоғамдық пікірталас көрінісін жасайды.
Референдум кезіндегі белсенділік зерттелді
Сарапшылар республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңіндегі Threads әлеуметтік желісіндегі белсенділікті талдаған.
Зерттеу барысында 4 ақпан мен 30 наурыз аралығында 350-ден астам аккаунт пен 5 786 жарияланым қарастырылды.
Талдау бірнеше маңызды заңдылықты көрсетті:
- аккаунттардың 71%-ында иелері туралы нақты ақпарат болмаған;
- 52%-ы белсенді ақпараттық науқан басталар алдында ғана тіркелген;
- референдум аяқталғаннан кейін олардың шамамен 60%-ының белсенділігі күрт төмендеген;
- жарияланған материалдардың бір бөлігі кейіннен өшірілген.
Мамандардың пікірінше, бұл мұндай аккаунттардың нақты ақпараттық науқандар кезінде ғана пайдаланылған болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Қоғамдық пікір қалай қолдан жасалады?
Зерттеу мұндай ақпараттық операциялардың ортақ сценарийін де анықтады.
Алдымен эмоция тудыратын немесе қоғамды екіге бөлетін жарияланым шығады. Артынша оны басқа аккаунттар пікірлермен, репосттармен және реакциялар арқылы бір мезгілде қолдай бастайды.
Осыдан кейін қарапайым қолданушылар талқылауға қосылып, болып жатқан процесті табиғи қоғамдық пікір ретінде қабылдайды.
«Қазіргі ақпараттық операциялардың басты ерекшелігі – олардың мақсаты аудиторияны фактілер арқылы сендіру емес, көпшіліктің пікірі қалыптасып қойғандай иллюзия жасау. Адам белгілі бір ұстанымды, егер оны көпшілік қолдап отыр деп қабылдаса, әлдеқайда оңай қабылдайды».
Үйлестірілген әрекеттердің ортақ белгілері
Зерттеу барысында барлық қарастырылған мысалдардан бірнеше ұқсас белгі анықталған:
- жарияланымдардың бір уақытта пайда болуы;
- бірдей аргументтердің жиі қайталануы;
- ұқсас нарративтердің өте жылдам таралуы;
- жекелеген хабарламалардың келісілген түрде күшейтілуі.
Бұл белгілер ақпараттың табиғи емес жолмен кеңінен таралу ықтималдығын көрсетеді.
Сыртқы саясат тақырыбында да байқалды
Орталық кейін Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты жарияланған 160 материалды және 114 аккаунтты қосымша зерттеген.
Нәтижесінде:
- жарияланымдардың 88,3%-ы ақпараттық себеп пайда болған алғашқы тәулікте жарияланған;
- ең жоғары қызығушылық теріс сипаттағы контентке тиесілі болған. Оның үлесі барлық жарияланымның 39%-ын құрады;
- зерттелген аккаунттардың шамамен 30%-ы тәулігіне 9–12 хабарламаға дейін жариялап отырған.
Бұл жоғары қарқын ақпараттық күн тәртібін қысқа уақыт ішінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл тек саясатқа қатысты емес
Зерттеу авторлары мұндай үйлестірілген әрекеттер тек саяси тақырыптарда ғана қолданылмайтынын айтады.
Ұқсас белгілер әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, мемлекеттік реформалар, тарифтердің өзгеруі, әлеуметтік төлемдер және қоғамда эмоциялық реакция туғызатын өзге де мәселелерді талқылау кезінде де байқалған.
Сарапшылар не ескертеді?
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желідегі үлкен белсенділік әрдайым қоғамның нақты көңіл күйін көрсетпейтінін ескертеді.
Кей жағдайда бұл – белгілі бір ақпараттық себепті күшейту үшін алдын ала үйлестірілген шектеулі аккаунттар тобының әрекеті ғана болуы мүмкін.
Сондықтан сарапшылар әлеуметтік желілердегі қызу талқылауларды бағалағанда ақпарат көздерін тексеруге, жарияланымдардың қайдан және қалай таралып жатқанын назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.