Қазақстанда кәсіпкерлік үшін жағдайды жеңілдету жалғасып жатыр. Бірақ бұл жолы Үкімет тек әкімшілік кедергілерді қысқартумен шектелмейді.
Бір жағынан бизнеске түсетін жүктеме азайтылса, екінші жағынан агроөнеркәсіптік кешен, астық нарығы және электрондық лотереялар сияқты тәуекелі жоғары салалардағы бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселелер Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 100-ші отырысында қаралды.
ШОБ экономикадағы үлесін бұрынғыдан да арттырды
Соңғы жылдары шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді. Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 2,36 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2,18 миллионы нақты жұмыс істеп тұр.
Соңғы бес жылда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың үлесі 84,3%-дан 92,2%-ға дейін өсіп, кәсіпкерлік белсенділігінің айтарлықтай артқанын көрсетті.
Экономикаға қосқан үлесі де жоғарылап келеді. Егер 2020 жылы шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 32,9% болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 40,9%-ға жетті. Оның ішінде 33,7%-ы шағын бизнеске, 7,2%-ы орта бизнеске тиесілі.
Тексеру азайды, рұқсат алу жеңілдеді
Үкіметтің басты бағыттарының бірі – кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік ауыртпалықты азайту.
2025 жылдың қорытындысы бойынша:
- бизнесті тексеру саны 4,9%-ға қысқарды;
- біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеру 1 173-тен 358-ге дейін немесе 69,5%-ға азайды;
- жоспардан тыс тексерулер 47 154-тен 46 884-ке төмендеді;
- өзге тексерулер саны 4 993-тен 3 449-ға дейін қысқарды.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірқатар рұқсат құжаттарын беру мерзімін қысқартып, кәсіпкерлердің 6 күннен 18 күнге дейін уақыт үнемдеуіне мүмкіндік жасаған.
Есептілікті цифрландыру да жалғасуда. Қазіргі таңда қолданылып жүрген 192 есептілік құралының 79-ы автоматтандырылған. Бұл жалпы көлемнің 40,7%-ын құрайды. Алдағы кезеңде олардың тағы 15%-ын қысқарту жоспарланып отыр.
Электрондық лотереяға жаңа шектеулер енгізіледі
Отырыста қоғамда қызу талқыланып жүрген тағы бір мәселе – электрондық лотереялар болды.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, соңғы уақытта азаматтардың электрондық лотереяларда ірі көлемде қаржы жоғалту фактілері жиілеген. Әсіресе Ақтөбе облысы мен Шымкент тұрғындары арасында елеулі шығындар тіркелген.
Бүгінде Қазақстанда электрондық лотерея қызметін ұсынатын 200-ден астам ұйым жұмыс істейді.
Осыған байланысты заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылды. Атап айтқанда:
- электрондық тираждық лотерея ойындары енді әр үш минут сайын емес, әр 30 минут сайын өткізіледі;
- белгілі бір уақыт аралығында сатып алынатын электрондық жедел лотерея билеттерінің санына шектеу қойылады.
Бұл өзгерістер азаматтардың қаржылық тәуекелін төмендетуге бағытталған.
Өсімдік карантиніне бақылау қайта күшейеді
Комиссия агроөнеркәсіптік кешендегі қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударды.
2025 жылы облыстар арасында өнім тасымалдау кезінде міндетті карантиндік сертификаттың алынып тасталуы карантиндік зиянкестер мен аурулардың бақылаусыз таралу қаупін арттырған.
Статистика да алаңдатарлық.
2023 жылы 1 986 құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 158,5 млн теңге айыппұл салынған. Ал 2024 жылы мұндай құқық бұзушылық саны 2 093-ке жетіп, айыппұл көлемі 208,1 млн теңгені құраған.
Осыған байланысты карантин енгізілген өнімді облысаралық тасымалдау кезінде карантиндік сертификатты қайтадан міндетті ету ұсынылды.
Құжат болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделеді:
- жеке тұлғаларға – 20 АЕК;
- лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК;
- орта бизнеске – 40 АЕК;
- ірі кәсіпкерлікке – 100 АЕК көлемінде айыппұл салу ұсынылады.
Астық қабылдау кәсіпорындары қайтадан жыл сайын тексеріледі
Үкімет астық сақтау қауіпсіздігін күшейтуге де кірісті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, астық қабылдау кәсіпорындарын жүйелі түрде тексеру 2018 жылдан бері жүргізілмеген.
«Қолданыстағы тәсіл астықты қабылдаудан бастап оны сақтау, кейіннен жөнелтуге дейінгі барлық технологиялық циклдің үздіксіз, кешенді мониторингін қамтамасыз ете алмайды».
Салдарынан соңғы бес жыл ішінде тек төрт облыстағы кәсіпорындарға ғана тексеру жүргізілген.
2024 жылы астық туралы заңнаманы бұзудың 37 фактісі анықталып, 31 кәсіпкерлік субъектісі жауапкершілікке тартылды. Ал 2025 жылы 11 құқық бұзушылық тіркеліп, төрт кәсіпорын жауапқа тартылған.
Сондықтан «Астық туралы» заңға, Кәсіпкерлік кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу ұсынылды.
Жаңа түзетулерге сәйкес:
- астық қабылдау кәсіпорындары жыл сайын міндетті түрде тексеріледі;
- белгіленген талаптарды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Реформа «QOLDAU» платформасындағы AgriBonds астық қолхаты жүйесінде тіркелген 189 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты болады.
ВАК қандай шешім қабылдады?
Отырыс қорытындысында ведомствоаралық комиссия ұсынылған заңнамалық өзгерістер бойынша реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін мақұлдады.
Бұл бастамалар бір мезетте екі маңызды мақсатты көздейді: кәсіпкерлерге артық әкімшілік кедергілерді азайту және халықтың қауіпсіздігі мен нарықтағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін тәуекелі жоғары салалардағы мемлекеттік бақылауды күшейту. Алдағы уақытта ұсынылған өзгерістер заңнамалық рәсімдерден өткен соң кезең-кезеңімен іске асырылады.


