Қазақстанның көлік саласы соңғы бес жылда айтарлықтай қарқын алып, ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды.
Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың қазіргі көрсеткіштері мен алдағы жылдарға арналған ірі жобаларды таныстырды.
Министрдің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде көлік саласының жалпы өнімі үш есеге артқан. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 14,3 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
«Соңғы 5 жылда көлік саласының жалпы өнімі 3 есе өсті. Биылғы жылы көрсеткішті 14,3 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған. Авиация саласында жалпы өнім 6,5 есеге өсті. Жылдың аяғында 1,3 трлн теңгеге жетеді», — деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Әуежайлар жаңарып, өңірлік авиацияға басымдық беріледі
Алдағы үш жылда Қазақстандағы әуежай инфрақұрылымы ауқымды жаңғыртудан өтеді. Жоба тек ірі халықаралық әуежайларды ғана емес, өңірлік шағын әуе айлақтарын да қамтиды.
Бұл бастама ішкі әуе қатынасын кеңейтіп, шалғай өңірлердің көлік қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.
Теміржолда жаңа бағыттар ашылады
Теміржол саласы да тұрақты өсім көрсетіп келеді. Министрдің мәліметінше, соңғы жылдары саланың көлемі 3,4 есеге ұлғайған. Жыл соңында бұл көрсеткіш 3,3 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде.
Өткізу қабілетін арттыру үшін:
- 754 шақырым жаңа теміржол салынуда;
- 3 мың шақырым жол жаңғыртылып жатыр;
- биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» желілерінің құрылысы аяқталады.
Сонымен қатар Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдар, Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдар салынып жатыр. Ал Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл мен Индербор – Мақат бағыттарын жаңғырту жоспарланған. Бұдан бөлек, Индербор – Орал және Қарағанды – Қарағайлы жаңа жобалары бойынша дайындық жұмыстары басталған.
124 вокзал жаңартылады
Елімізде тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында Қазақстанның барлық өңіріндегі 124 теміржол вокзалы жаңартылып, жолаушыларға қолайлы әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыру көзделген.
Автожолдар мен цифрландыру жаңа кезеңге өтті
Автомобиль транзиті де айтарлықтай өсім көрсетуде. 2020 жылдан бері халықаралық автомобиль транзитінің көлемі үш есеге артқан.
Министрдің айтуынша, саланы одан әрі дамыту үшін республикалық видеомониторинг жүйесі енгізіліп, цифрландыру күшейтіліп, пилотсыз көлік технологиялары сынақтан өткізіліп жатыр.
Қазір Қазақстан арқылы халықаралық деңгейдегі жеті стратегиялық автожол дәлізі өтеді. 2029 жылға дейін осы бағыттарда жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады.
«Көлік саласында цифрландыру жүзеге асырылуда. Барлық цифрлық шешімдер "е-Көлік" ұлттық көлік жүйесіне енгізілді. Бұл жасанды интеллектті енгізіп, көлік желісінің тиімді жұмысына жол ашты. Жалпы, бұл шаралар шекарадан өту уақытын қысқартып, толық электронды құжат айналымына көшуге бағытталған», — деді Нұрлан Сауранбаев.
Транзит Қазақстан экономикасының жаңа тірегіне айналмақ
Министрліктің бағалауынша, көліктің барлық түрі бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін айтарлықтай күшейтеді.
Күтілетін нәтижеге сәйкес, транзиттен түсетін табыс көлемі 3 триллион теңгеге жетпек. Осылайша Қазақстан өзінің географиялық артықшылығын тиімді пайдаланып, Еуропа мен Азия арасындағы маңызды логистикалық хаб ретіндегі орнын нығайтуды көздеп отыр.