Қазақстанда жасалған: ішкі өндіріс қалай жаңа жұмыс орындарын ашып, бағаны тұрақтандырып жатыр

880
Фотосурет: UKIMET

Қазақстан ішкі өндірісті күшейтуге басымдық беріп отыр. Биыл өңдеуші өнеркәсіп 9,8%-ға өссе, ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Үкімет экономикалық патриотизмді дамытуға, шикізатты терең өңдеуге және отандық кәсіпорындарға тұрақты тапсырыс қалыптастыруға басымдық беруде. Негізгі мақсат – жаңа жұмыс орындарын ашу, импортқа тәуелділікті азайту және азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Отандық кәсіпорындарға 466 млрд теңгенің кепілдендірілген тапсырысы берілді

Ішкі өндірісті қолдаудың басты құралдарының бірі ұзақмерзімді келісімшарттар болды.

2026 жылдың алғашқы алты айында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор компаниялары қазақстандық өндірушілермен жалпы сомасы 466,1 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді шарттар жасасты.

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, енді ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар тауарлар мен қызметтерді ең алдымен отандық өндірушілерден сатып алуға міндетті.

Бұл қазақстандық кәсіпорындарға тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік береді.

Ірі кәсіпорындардың айналасында жергілікті жеткізушілерден, өңдеуші зауыттардан және сервистік компаниялардан тұратын өндірістік экожүйе қалыптасып келеді.

Цифрлық тізілім жалған өндірушілерді анықтайды

Адал бизнесті қорғау үшін «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік цифрлық жүйесі іске қосылды.

Жүйе нақты өндірістік қуаттарды тексеріп, өзін жалған өндіруші ретінде көрсететін кәсіпорындарды автоматты түрде анықтайды.

Қазір жүйеде:

  • 6,6 мыңнан астам компания тіркелген;
  • 4 467 кәсіпорын толықтай Қазақстанда өндірілген өнім шығарады;
  • 2 146 кәсіпорын қайта өңделген өнім өндіреді.

Бұл мемлекеттік сатып алуларға нақты өнім шығаратын кәсіпорындардың қатысуына мүмкіндік береді.

«Бәйтерек» арқылы бизнеске 8 трлн теңгеге дейін қолдау көрсетіледі

Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтты.

Соның нәтижесінде кәсіпкерлікті қаржыландыру мүмкіндігі 8 трлн теңгеге жетті.

Қазіргі таңда оның 4 трлн теңгеден астамы экономикаға бағытталды.

Қолдау алғандардың саны 8 мыңнан асты. Оның 96%-ын шағын және орта бизнес субъектілері құрайды.

2027 жылға қарай қаржыландыру көлемін 10 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 9,8%-ға жетті

Алғашқы жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өсті.

Өсімге жаңа өндірістердің іске қосылуы, инвестициялардың артуы және шикізатты терең өңдеуге басымдық берілуі ықпал етті.

Қазіргі таңда инвестициялық инфрақұрылымды:

  • 18 арнайы экономикалық аймақ;
  • 67 индустриялық аймақ;
  • 34 шағын өнеркәсіптік аймақ қамтамасыз етеді.

2026 жылы Жамбыл облысында жаңа «ИТЛК Алатау» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

Арнайы экономикалық аймақтарда 558 жоба іске асырылды. Оның 85-і шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асуда.

Тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асты.

Елдің өнеркәсіптік картасын өзгертетін 17 мегажоба

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 17 ірі жобаны ерекше бақылауда ұстап отыр.

Бұл жобалардың негізгі мақсаты – шикізатты терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнім шығару.

Олардың қатарында:

  • Қостанай облысындағы Kia Qazaqstan зауыты;
  • Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan;
  • Павлодар облысындағы Mineral Product International металлургиялық кластері;
  • Qarmet кәсіпорнын жаңғырту;
  • Абай облысындағы мыс балқыту зауыты;
  • Атырау облысындағы «Силлено» және «Бутадиен» газ-химия кешендері бар.

Инвестициялық штаб арқылы биыл жалпы сомасы 3 трлн теңгеден асатын 18 инвестициялық келісімге қол қойылды.

Биыл 18 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады

2026 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Олардың нәтижесінде шамамен 18 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Қазірдің өзінде:

  • 267 млрд теңгеге 77 жоба іске қосылды;
  • 4,5 мың адам жұмыспен қамтылды.

Жобалар толық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріледі.

Соның ішінде 500 млрд теңгенің өнімі экспортқа шығарылады.

Биыл Қазақстанда бұрын өндірілмеген 15-тен астам жаңа өнім түрі шығарыла бастайды. Олардың қатарында ірі машина жасау тораптары, арнайы техника, сутегі және күрделі минералды тұздар бар.

Мұнай-газ-химия өндірісі екі есеге өсті

Мұнай-газ-химия саласы соңғы жылдары ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналды.

Өткен жылы өндіріс көлемі екі есеге өсіп, 619 мың тоннаға жетті.

Ал биылғы бес айдың қорытындысында 225,3 мың тонна өнім өндірілді.

Бұл Қазақстанның мұнай мен газды тек экспорттап қана қоймай, оларды терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға көшіп келе жатқанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығына инвестиция 36,4%-ға артты

Өнеркәсіппен қатар агроөнеркәсіптік кешен де қарқынды дамып келеді.

Алты айдың қорытындысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,4%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгені құрады.

Бес ай ішінде ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 36,4%-ға артты.

Ал азық-түлік өндірісіне салынған инвестициялар 2,7 есе көбейіп, 207,3 млрд теңгеге жетті.

Бұл жаңа өндірістердің, қоймалардың, жылыжайлардың және қайта өңдеу кәсіпорындарының ашылуына мүмкіндік береді.

«Ауыл аманаты» арқылы 2,7 мыңнан астам жоба қаржыландырылды

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлерін қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі болып отыр.

Биыл:

  • 2 738 жоба қаржыландырылды;
  • оған 29,4 млрд теңге бөлінді.

Жыл соңына дейін бағдарламаға 100 млрд теңге бағытталады.

Бұл қаржы 5,4 мың жобаға микрокредит пен лизинг беруге жұмсалады.

Соның арқасында ауыл тұрғындары жаңа кәсіп ашып, өз ісін кеңейтуге мүмкіндік алады.

Диқандар жоғары табыс әкелетін дақылдарға көшіп жатыр

Биыл егіс алқабы 23,8 млн гектарға дейін ұлғайды.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға көп.

Егіс құрылымы да өзгеріп келеді.

Қазіргі таңда:

  • майлы дақылдар – 4,3 млн гектар;
  • мал азықтық дақылдар – 3,3 млн гектар;
  • дәнді және бұршақты дақылдар – шамамен 15,8 млн гектар жерді алып жатыр.

Бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, қайта өңдеу саласын шикізатпен қамтамасыз етеді.

Мал шаруашылығында тұрақты өсім байқалады

Елдегі мал басы барлық негізгі бағыт бойынша көбейді.

Ірі қара мал саны 9,3 млн басқа жетті.

Жылқы саны 5 млн басқа дейін өсті.

Түйе саны 312 мың басқа жетті.

Өнім өндірісі де артты.

Алты айда:

  • ет өндірісі 559 мың тоннаны құрады;
  • сүт өндірісі 1,9 млн тоннаға жетті;
  • жұмыртқа өндірісі 2,4 млрд дана болды.

АӨК-ке әлемдік инвесторлар келіп жатыр

2026–2028 жылдарға арналған Жол картасы аясында 13 халықаралық инвестициялық келісім жасалды.

Ірі жобалардың қатарында:

  • Shengtai Biotech жүгеріні терең өңдеу зауыты;
  • «Азия Алтын Дән» астық өңдеу кешені;
  • Alsera KZ жылыжай кешені;
  • QazaqArab Sugar қант зауыты;
  • Kazak Protein астық өңдеу кешені;
  • Carlsberg Central Asia зауыты;
  • Mars Petcare және Coca-Cola Алматы Боттлерс өндірістері бар.

Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді ұлғайтып, экспорттық әлеуетті күшейтеді.

Қазақстандық техника ішкі нарықтың 95%-ын қамтып отыр

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетті.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері фермерлер сатып алған техниканың көлемі 35%-ға артты.

Өткен жылы:

  • 25 мың техника сатып алынды;
  • оның 10,4 мыңы жеңілдетілген лизинг арқылы рәсімделді.

Қазақстанда құрастырылған техниканың үлесі бүгінде 95%-ға жетті.

Елдегі 10 зауыт тракторлар мен комбайндарға деген ішкі сұраныстың шамамен 90%-ын қамтамасыз етеді.

Олардың қатарында Қостанайдағы John Deere және Петропавлдағы CLAAS өндірістері бар.

Ішкі өндіріс азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді

Инвестициялар мен өндіріс көлемінің артуы дүкен сөрелеріндегі өнім көлеміне де әсер етуде.

Бірінші жартыжылдықта:

  • азық-түлік өндірісінің нақты көлем индексі 114,7%;
  • сусын өндірісі 104,4% болды.

Өсім:

  • ет;
  • шұжық өнімдері;
  • өсімдік және сары май;
  • ірімшік;
  • сүзбе;
  • қышқыл сүт өнімдері;
  • жармалар;
  • макарон өнімдері;
  • күріш;
  • кондитерлік өнімдер;
  • өңделген көкөністер өндірісінде байқалды.

Қазір Қазақстан негізгі азық-түлік түрлері бойынша ішкі нарықты 80–100% деңгейінде өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Өндіріс көлемінің артуы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Импортқа тәуелді алты өнім

Қазір импортқа тәуелді болып отырған негізгі алты бағыт бар.

Олар:

  • құс еті;
  • балық;
  • шұжық өнімдері;
  • ірімшік;
  • қант;
  • алма.

Үкімет осы бағыттар бойынша жаңа өндірістерді іске қосып, импортты кезең-кезеңімен алмастыруды жоспарлап отыр.

Бұл сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті төмендетіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын күшейтеді.

Фермерлік жәрмеңкелерде өнім 20%-ға дейін арзан

Бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет сауда желілерімен тұрақты жұмыс жүргізіп, өңірлерде фермерлік жәрмеңкелер ұйымдастырады.

Мұнда өнім делдалсыз, тікелей өндірушіден сатылады.

Сондықтан көптеген азық-түлік түрлері нарықтағы бағадан 15–20%-ға арзан ұсынылады.

Ішкі өндірісті дамыту Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді стратегиясына айналып келеді. Жаңа зауыттар жұмыс орындарын ашады, ауыл шаруашылығы қайта өңдеу өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етеді, ал отандық өнім көлемінің артуы елдің импортқа тәуелділігін төмендетіп, халық үшін азық-түлік бағасының тұрақтылығына негіз қалайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -