Қазақстан инфрақұрылымды түбегейлі жаңғыртуға көшті

2717
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Қазақстанда су, энергетика, коммуналдық желілер, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жұмыстары күшейді. Үкімет енді жекелеген нысандарды жөндеумен шектелмей, тұтас желілер мен магистральдарды кезең-кезеңімен жаңартуға көшіп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жүзеге асырылуда.

321 ауылда сумен қамту жақсарды

Су ресурстарын тиімді басқару және елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының біріне айналды.

2025 жылы жалпы құны 218 миллиард теңгеден асатын 22 жоба іске қосылды. Оның ішінде 14 топтық су құбыры мен сегіз сумен жабдықтау нысаны пайдалануға берілді.

Нәтижесінде:

  • 321 ауылдың сумен қамтылуы жақсарды;
  • 945 мыңнан астам тұрғын сапалы суға қол жеткізді;
  • бірқатар су қоймасы мен қорғаныш бөгеті жаңғыртылды.

Ақтөбе, Жетісу, Абай, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы ірі гидротехникалық нысандарда реконструкциялау және нығайту жұмыстары жүргізілді.

Тағы 540 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады

2026 жылы Түркістан облысындағы Қарақуыс және Бәйдібек ата су қоймаларының, Ақмола облысындағы Жабай өзеніндегі су жинақтаушы тоғанның және Жамбыл облысындағы Андас-3 тоғанының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар 12 сумен жабдықтау жобасы іске қосылады.

Бұл жобалар:

  • 142 ауылдық елді мекенді;
  • шамамен 540 мың тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2026 жылдың алғашқы алты айында 206,19 шақырым канал реконструкцияланды. Жыл соңына дейін 976 шақырымнан астам арнаны жаңғырту көзделіп отыр. Салыстыру үшін, 2025 жылы 680 шақырым канал жөнделген.

Жаңартылған каналдар су шығынын азайтады

Алматы облысында Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының апатты 1,5 шақырымдық учаскесі қайта жаңғыртылды.

Сондай-ақ 75 гидротехникалық құрылысты қамтитын, ұзындығы 26 шақырым болатын «Найман» каналы пайдалануға берілді.

Бұл:

  • су шығынын азайтуға;
  • 33,3 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабын суаруды жақсартуға;
  • суармалы егіншіліктің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасында да тасқын суларды қауіпсіз өткізу және жақын маңдағы ауылдарды қорғау жұмыстары аяқталды.

Су ресурстары цифрлық жүйемен есептеледі

2026 жылдың басынан бері еліміздің су қоймаларына 12,7 миллиард текше метр тасқын су жиналды. Көл жүйелері мен сағаларға 13 миллиард текше метр қарғын су жіберілді.

Суды бөлу үдерісін ашық ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» кәсіпорнымен бірге электронды шарттар жүйесін енгізді.

Қазіргі уақытта «Биллинг» цифрлық платформасында 28 мыңнан астам келісім тіркелген.

Өткен суару маусымында 1,2 миллион гектар егістікке 11,1 текше шақырым су жұмсалды. Оның 97 пайызы оңтүстік өңірлерге тиесілі болды.

Су тасқыны 85 пайыз дәлдікпен болжанды

Қазақстанда су қоймаларына келетін су көлемін алдын ала есептеуге арналған TALSIM гидрологиялық моделі енгізіліп жатыр.

БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген жүйе көктемгі су тасқыны кезінде Есіл және Нұра өзендеріндегі жағдайды 85 пайыз дәлдікпен болжаған.

Қазір:

  • тоғыз өзен бассейнін модельдеу аяқталды;
  • 2026 жылдың соңына дейін 14 өзен бассейні бойынша болжам іске қосылады.

Бұл технология тасқын қаупін алдын ала бағалап, су қоймаларын қауіпсіз басқаруға көмектеседі.

Су үнемдеу мәдениеті мектептен басталады

Суды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру білім беру жүйесінде де қолға алынды.

ЮНИСЕФ қолдауымен өткен экологиялық сабақтар:

  • 19 жоғары оқу орнын;
  • 100 колледжді;
  • 2,5 мың мектепті;
  • 35,5 мың студентті;
  • 3,3 миллион оқушыны қамтыды.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» акциясына 24 мың азамат пен 3,4 мың ерікті қатысты. Нәтижесінде 94 бұлақ пен 62 жағалау аумағы тазартылды.

Диқандарға берілетін өтемақы 80 пайызға дейін өсті

Су үнемдейтін технологияларды енгізуге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері де өзгерді.

Диқандардың арнайы технологиялар сатып алуға және инфрақұрылым тартуға жұмсаған шығынын өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін көтерілді.

«Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы аясында:

  • Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында үш су қоймасы салынады;
  • Қарақоңыз және Көксарай су қоймалары реконструкцияланады;
  • оңтүстіктегі бес облыста 103 канал жаңғыртылады;
  • 978,7 шақырым суару желісі автоматтандырылады.

Техникалық және сараптамалық әлеуетті дамытуға 3,5 миллион доллар бөлініп, халықаралық серіктестерден 15,9 миллион доллардан астам грант тартылды.

Түркістан облысында бес ауданды сумен қамту үшін Өгем өзенінде су электр стансалары каскады бар топтық су құбырын салу жоспарланған. Жобаға 191,7 миллиард теңге инвестиция қажет.

Қазақстанға 26 гигаваттан астам жаңа қуат қажет

Қазіргі уақытта елімізде 254 электр стансасы жұмыс істейді. Олардағы жабдықтардың орташа тозу деңгейі 56 пайызды құрайды.

Экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам жаңа электр энергиясын өндіру қуатын іске қосу жоспарланған.

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалар бойынша инвесторлар анықталып, жобалау және жабдық жеткізуге арналған EPC-келісімшарттар жасалды.

Жаңартылатын энергияның 172 нысаны жұмыс істейді

Қазақстанда жалпы қуаты 3,8 гигаваттан асатын 172 жаңартылатын энергия нысаны бар.

Олардың қатарында:

  • қуаты 2 гигаватт болатын 71 жел электр стансасы;
  • қуаты 1,4 гигаватт болатын 54 күн электр стансасы;
  • қуаты 313,68 мегаватт болатын 44 гидроэлектр стансасы;
  • қуаты 1,77 мегаватт болатын үш биогаз стансасы бар.

2026 жылы жалпы қуаты 245,8 мегаватт болатын он жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде қуаты 212 мегаватт болатын жеті нысан жүзеге асырылды.

Мұнай өңдеу зауыттарының қуаты екі есеге дейін артады

2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 13,5 пайызға өсіп, 99,6 миллион тоннаға жетті.

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында:

  • 45,7 миллион тонна мұнай өндірілді;
  • 8,985 миллион тонна мұнай өңделді.

Еліміздегі төрт битум зауытының жалпы қуаты жылына 1,66 миллион тоннаны құрайды. Бұл жол құрылысына қажет ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді.

2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясында:

  • Павлодар мұнай-химия зауытының қуаты 5,5 миллионнан 9 миллион тоннаға дейін;
  • Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін;
  • Атырау мұнай өңдеу зауытының қуаты 5,5 миллионнан 6,7 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады.

Инженерлік желілерге 13 триллион теңге тартылады

Соңғы екі жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына шамамен 605 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Осы қаражатқа 12,3 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 6,2 пайыздық тармаққа төмендеді.

«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының негізгі мақсаты:

  • инженерлік желілердің тозуын 40 пайызға дейін төмендету;
  • апат санын 20 пайызға қысқарту;
  • 86 мың шақырым желіні жаңарту.

Жобаға шамамен 13 триллион теңге инвестиция тарту көзделген. Оның 6,8 триллион теңгесі коммуналдық желілерге бағытталады.

Жаңартылатын желілер:

  • 77,6 мың шақырым электр желісі;
  • 4,7 мың шақырым сумен жабдықтау желісі;
  • 2,6 мың шақырым су бұру желісі;
  • 1,6 мың шақырым жылу желісі.

Тағы 6,2 триллион теңге жаңа электр стансаларын салуға және қолданыстағы қуаттарды жаңғыртуға жұмсалады.

Биыл 11 мың шақырым жол жөнделеді

2026 жылы Қазақстанда құрылыс және жөндеу жұмыстары рекордтық 11 мың шақырым автомобиль жолын қамтып отыр.

Оның ішінде:

  • 3,4 мың шақырым республикалық жол салынып, реконструкцияланады;
  • 5 мың шақырым республикалық трасса күрделі және орташа жөндеуден өтеді;
  • 2,4 мың шақырым жергілікті жол жаңартылады.

Ақылы жолдар тізіміне жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын алты жаңа бағыт қосылады:

  • Қарағанды – Балқаш;
  • Бурылбайтал – Күрті;
  • Ақтөбе – Қандыағаш;
  • Талдықорған – Өскемен;
  • Атырау – Астрахан;
  • Мерке – Шу.

Нәтижесінде ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін артады.

Қазақстан аптасына 915 халықаралық рейс орындайды

Қазақстанның азаматтық авиация паркінде 111 әуе кемесі бар. Биыл бір Airbus A321neo және екі Boeing 737 MAX 8 ұшағы жеткізілді.

Қазақстан 32 мемлекетпен әуе қатынасын орнатқан. Қазір 158 бағыт бойынша аптасына 915 халықаралық рейс орындалады.

2026 жылы:

  • Арқалық әуежайы қалпына келтіріледі;
  • Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайлар салынады;
  • Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағы салынады;
  • Алматы әуежайының терминалы жаңғыртылады;
  • Үржар және Павлодар әуежайлары реконструкцияланады.

11 мың шақырым теміржол жөнделеді

2026 жылдың алғашқы алты айында теміржол көлігімен 157,1 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға көп.

2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 216 шақырым жол жаңартылды. Биылғы жоспар – 1 577 шақырым.

Саладағы ірі жобалар:

  • «Достық – Мойынты» теміржолының 836 шақырымдық екінші желісі іске қосылды;
  • «Қызылжар – Мойынты» желісінің құрылысы басталды;
  • Алматы айналма теміржолында жұмыс қозғалысы ашылды;
  • 775 локомотив пен 2,7 мың фитингтік платформаны жеткізуге келісім жасалды;
  • 124 теміржол вокзалын жаңғырту басталды;
  • Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы аяқталды.

Құрық – Баку бағытына құрғақ жүк кемесі шығарылып, жалпы құны 74,3 миллиард теңге болатын сегіз жаңа кеменің құрылысы басталды.

Транзит көлемі 24 пайызға өсті

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында көліктің барлық түрімен тасымалданған транзиттік жүк көлемі 21,7 миллион тоннаны құрады.

Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24 пайызға жоғары.

Қазақстан 42 мемлекетпен автомобиль тасымалы жөнінде келісім жасаған. Түрікменстан, Иран және Түркиямен рұқсаттамасыз тасымалдау жүйесі енгізілді.

Сонымен қатар Қазақстан Қытайдың ішкі өңірлеріне транзиттік автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру құқығына ие болды.

Жүк көліктерінің салмағы мен көлемін автоматты бақылау үшін 83 салмақ өлшеу стансасы орнатылды.

Ауыл инфрақұрылымы қалай жаңартылады?

Өңіраралық айырмашылықты қысқарту үшін 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды.

2025 жылғы дерек бойынша негізгі игіліктермен қамтылу деңгейі:

  • қалаларда – 89,1 пайыз;
  • ауылдарда – 67,6 пайыз.

2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 96 және 71 пайызға жеткізу жоспарланған.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бұған дейін 177 миллиард теңге бөлініп, 800 ауыл жаңғыртылды.

2025 жылы 226 ауылда 255 жоба іске асырылды. Нәтижесінде:

  • 150 әлеуметтік нысан;
  • 67 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны;
  • 180 шақырым жол;
  • мың шақырым инженерлік желі жаңартылды.

«Ауыл аманатына» 100 миллиард теңге бөлінді

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындары кәсіп ашуға жылдық 2,5 пайызбен несие ала алады.

Несие:

  • ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес үшін бес жылға дейін;
  • агроөнеркәсіп саласы үшін жеті жылға дейін беріледі.

2026 жылы 5,4 мың жобаға микронесие және лизинг беру үшін 100 миллиард теңге қарастырылған.

Қазіргі кезде жалпы сомасы 33,7 миллиард теңге болатын 3 132 жоба қаржыландырылды.

Жас мамандарға бір пайыздық несие беріледі

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылға барған жас мамандарға:

  • 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы;
  • тұрғын үй сатып алуға жылдық бір пайызбен 15 жылға дейін несие беріледі.

Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салаларындағы мамандарға арналған.

Бұл ретте маман ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс.

Бұл өзгерістер нені білдіреді?

Қазақстанның инфрақұрылымдық саясаты енді уақытша жөндеуге емес, ондаған жылға есептелген жүйелі жаңғыртуға бағытталып отыр.

Су қоймалары мен каналдарды салу ауыл шаруашылығы мен ауызсу қауіпсіздігін күшейтеді. Энергетикалық қуаттарды арттыру электр тапшылығының алдын алуға көмектеседі. Ал жол, теміржол, порт және әуежай жобалары Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөлін кеңейтеді.

Коммуналдық желілерді жаңарту тұрғындар үшін апаттардың азаюы, қызмет сапасының жақсаруы және елді мекендердің тұрақты дамуы деген сөз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -