Қазақстанда ауқымды саяси реформалардың басталуы және соған байланысты алдағы уақытта Үкіметтің жаңа құрамы жасақталуы қарсаңында отандық азық-түлік өндірушілері өңдеу саласының мәселелері елдің экономикалық күн тәртібіне енгізіледі деп үміттенеді. Олардың айтуынша, егер өңдеу өнеркәсібіне жүйелі қолдау көрсетілмесе, Қазақстан біртіндеп өз азық-түлік өндірісінен айырылып, сонымен бірге жұмыс орындары, технологиялар және азық-түлік қауіпсіздігіне де қауіп төнуі мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның азық-түлік нарығында қарама-қайшы жағдай қалыптасты. Бір жағынан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ашық шекаралар ел нарығын түрлі бағадағы және сападағы импорттық өнімдермен молынан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, отандық кәсіпорындардың өз өнімін өндіру мүмкіндігі жылдан-жылға тарылып келеді. Олар импортпен бәсекеге төтеп бере алмай, қиын жағдайда жұмыс істеп, тіпті банкрот болу қаупі туралы жиі айта бастады. Бұл ретте қазақстандық өндірушілер өнім сапасынан емес, бәсекелестік шарттарының тең болмауынан шетелдік ірі компанияларға есе жіберіп отыр.
Өңдеу саласындағы түйткілді мәселелер туралы Солтүстік Қазақстан облысындағы ет өнімдерін өндіретін кәсіпорынның иесі Светлана Меденникова айтып берді. Оның «Меденникова» брендімен жұмыс істейтін кәсіпорны 1998 жылдан бері табиғи ет деликатестерін шығарып келеді және бүгінде жүзге жуық өнім түрін өндіреді. Алайда кәсіпкердің айтуынша, қазіргі жағдайда өндірісті дамыту туралы айту күннен-күнге қиындап барады.
«Біз нарықты жабуды немесе өзімізге ерекше жағдай жасауды сұрап отырған жоқпыз. Біз тек барлығына бірдей мүмкіндік пен әділ бәсекелестік қағидаларын талап етеміз. Отандық өндірушілерге Ресей мен Беларусьтің ірі кәсіпорындарымен бәсекелесуге тура келеді. Бұл кәсіпорындар тарихи тұрғыдан бүкіл Кеңес Одағын азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқарлы ірі ет өңдеу өндірістері ретінде құрылып, ондаған жыл бойы дамыды. Олар мүлде басқа ауқымда жұмыс істейді және өз елдерінде қазақстандық кәсіпорындарға қарағанда әлдеқайда көп мемлекеттік қолдауға ие. Сондықтан біздің кәсіпорындар үшін бәсекелестік шарттары объективті түрде тең емес», – дейді Светлана Меденникова.
Оның айтуынша, мұндай бәсекелестіктің салдары тек бір саламен шектелмейді.

«Өз өндірісіміз дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке салық түседі, зейнетақы аударымдары көбейеді, жабдықтар жаңартылып, технологиялар жетілдіріледі. Ал нарықты біртіндеп импорттық өнімдер жаулап алса, мұның бәрі басқа елдерде жүзеге асады. Сонда біз тек өткізу нарығына айналып, өзгелердің табыс табуына ғана қызмет етеміз», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, отыз жылға жуық уақыт ішінде ол талай экономикалық дағдарысты бастан өткерген. Алайда қазіргі жағдайды ең күрделі кезеңдердің бірі деп бағалайды.
«Өндірістік жабдықтарды жаңартуым керек. Заманауи желілер еңбек өнімділігін арттырып, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Бірақ кәсіпорынның табысы шығынын әрең жауып, тиімділіктің ең төменгі шегінде жұмыс істеп тұрғанда, ауқымды инвестициялар туралы тек армандауға ғана тура келеді. Қазір біз дамуды емес, өндірісті сақтап қалуды ойлап отырмыз», – дейді кәсіпорын басшысы.
Светлана Меденникованың айтуынша, отандық өндірушілер үшін ең өзекті мәселелердің бірі – өз өнімін тұтынушыға жеткізу. Қазақстандық өндірушілер мен сауда желілері арасындағы күрделі қарым-қатынас бірнеше жылдан бері мемлекет пен сала өкілдерінің талқылауындағы негізгі тақырыптардың бірі болып келеді. Алайда бүгінде сауда желілері бұрынғыдай жаппай импортталатын өнімдерге басымдық береді. Мұны байқау үшін сарапшы болудың қажеті жоқ – әсіресе шекаралас өңірлердегі дүкен сөрелерінде импорттық өнімдердің басымдығы анық көрінеді.
«Біз сапалы әрі дәмді өнім өндіре аламыз. Бірақ оны сату әлдеқайда қиын. Ет өндірісінің ерекшелігі – тек қымбат деликатестерді ғана шығарып отыру мүмкін емес. Иә, сауда желілері мұндай өнімдерді қуана қабылдайды. Бірақ бір малдың етінде әртүрлі санаттағы өнім болады. Сондықтан өңдеуші пісірілген шұжық, сосиска, паштет, жартылай фабрикаттар мен деликатестердің барлығын өткізуі қажет. Сонда ғана кәсіпорынның экономикасы тиімді жұмыс істейді. Ал іс жүзінде сауда желілері көбіне өнімнің жекелеген түрлерін ғана алуға дайын болады. Соның салдарынан өндірістік циклдің тиімділігі төмендейді», – дейді Светлана Меденникова.
Соған қарамастан кәсіпкер қазақстандық сапалы өнімге сұраныс бар екеніне сенімді.

«Біз отандық өндірушілердің жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысамыз. Әр жолы адамдар кезекке тұрады, алғысын айтып, қайта оралады. Бұл ең әділ көрсеткіш. Тұтынушы сапалы өнімді бағалайды. Демек, мәселе сұраныстың жоқтығында емес. Мәселе – өндірушінің өз сатып алушысымен қауышуының қиын болуында», – дейді Светлана Меденникова.
Спикердің айтуынша, бәсекелестіктегі ең басты факторлардың бірі – өнім сапасы. Бүгінде азық-түлік технологиялары айтарлықтай дамыды, әлемнің түкпір-түкпіріндегі өндірушілер түрлі заманауи технологиялық шешімдерді пайдаланады. Сондықтан өнім сапасын бақылау барынша ашық әрі сенімді болуы тиіс. Тұтынушы өнімнің құрамындағы мәлімет қаптамада көрсетілген ақпаратқа толық сәйкес келетініне сенімді болуы қажет. Бұл бағыттағы бақылауды мемлекеттік зертханалар мен уәкілетті органдар жүргізуі тиіс, өйткені тұтынушының сенімі – әділ бәсекенің негізі.
Сонымен қатар Қазақстан шекарасы арқылы «сұр» схемалармен әкелінетін өнімдердің аз еместігі де жасырын емес. Мұндай тауарлардың құрамы мен қауіпсіздігіне қатысты негізді күмән бар. Мәселен, төмен бағамен сатылатын шұжықтың құрамында шынымен ет бар ма, әлде заманауи технологиялардың көмегімен оның орнына басқа компоненттер қолданылған ба – мұны тек зертханалық сараптама ғана анықтай алады. Алайда кейбір өнімдер ешқандай тексеруден өтпей-ақ қазақстандықтардың дастарханына жетіп жатады. Бұл да саладағы маңызды мәселелердің бірі.
Отандық азық-түлік өндірушілерінің пікірінше, мемлекеттік саясат бәсекелестікті шектеуге емес, қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік компаниялармен тең жағдайда дамуына мүмкіндік беретін жағдай жасауға бағытталуы керек.
«Біз бәсекелестіктен қорықпаймыз. Егер қалыпты жұмыс істеуге, өндірісті жаңғыртуға, өнімімізді сатуға және дамуға мүмкіндік болса, біз бәсекеге қабілетті боламыз. Біздің мақсат – нарықты жабу емес, отандық өндірушінің әуел бастан ұтылатын жағдайда қалмауын қамтамасыз ету», – дейді кәсіпкер.
Светлана Меденникованың айтуынша, мәселе жекелеген кәсіпорындардың ғана мүддесіне қатысты емес. Өйткені зауыт жабылған кезде бір ғана бизнес тоқтап қалмайды. Бұл – жұмыс орындарының қысқаруы, бюджетке түсетін салық көлемінің азаюы, инвестициялардың тоқтауы және отандық шикізатқа сұраныстың төмендеуі. Мұның бәрі ауыл шаруашылығына, өңдеу өнеркәсібіне, логистика мен сауда саласына тікелей әсер ететін тұтас тізбек.
«Бізде адамдар да, шикізат та, тәжірибе де бар, әлемдік деңгейдегі өнім шығара алатын кәсіпорындар да жеткілікті. Қазақстандық өндірушілер мұны өз жұмысының сапасымен талай рет дәлелдеді. Қазіргі өндіріс орындарын сақтап қалу және олардың әрі қарай өсіп-өркендеуі үшін жағдай жасау маңызды», - деп атап өтті өндіруші.
Бүгінде азық-түлік саласының өкілдері тек дабыл қағып қана қоймай, Үкіметтің жаңа экономикалық блогының құрылуынан үлкен үміт күтіп отыр. Олар ішкі өндірісті дамыту мәселелері мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналады деп сенеді.

«Азық-түлік қауісіздігі – бұл құрғақ сөз емес. Бұл – елдің өзін-өзі меншікті азық-түлік өнімдерімен дербес қамтамасыз ете алу қабілеті. Кәсіпорындар жұмыс істеп тұрғанда, мамандар, технологиялар мен өндіріс бар кезде бұл салаға сенім артуға болады. Бірақ егер бір күні отандық қайта өңдеу өндірісі жойыла бастаса – ал қазір бәрі соған бара жатыр – оны қайта қалпына келтіру әлдеқайда қиын әрі әлдеқайда қымбатқа түседі. Елестетіп көріңізші, егер осы импорттық азық-түлік ағыны қандай да бір себептермен кенеттен тоқтап қалса, біз не істейміз? Қолымызда не қалады? Қытайлықтарға тізерлеп, тамақ сұрап барамыз ба? Сол себепті, әлі сақтап, дамытатын дүние бар кезде, отандық өндірушілердің мәселелеріне бүгін құлақ түру маңызды», - деп түйіндеді Светлана Меденникова.
Бүгінде өндірушілер көтеріп отырған мәселе бір ғана саланың мүддесінен әлдеқайда ауқымды. Бұл – алдағы он немесе жиырма жылда Қазақстан экономикасы қандай болуы керек деген сауал: өз өнімін өзі өндіретін экономика ма, әлде негізінен көрші елдердің дайын өнімін сатып алуға тәуелді экономика ма? Бұл сұрақтың жауабын енді Үкіметтің жаңа құрамына іздеуге тура келеді. Ал сала өкілдерінің пікірінше, мұндай таңдау жасауға берілетін уақыт күн өткен сайын азайып барады.