Қазақстан бірнеше жыл бойы электр энергиясының тапшылығы туралы айтып келді.
Қыс мезгіліндегі жүктеменің артуы, көрші елдерден импортқа тәуелділік және ескірген станциялар энергетика саласындағы басты мәселелердің біріне айналған еді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алайда Үкімет енді жағдай түбегейлі өзгеретінін мәлімдеп отыр.
Энергетика министрлігінің болжамынша, 2027 жылдың соңына қарай Қазақстанда шамамен 1,3 млрд кВт/сағ көлемінде электр энергиясының профициті қалыптасады. Бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейтуге жол ашады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
2029 жылға дейін 7,3 ГВт жаңа қуат іске қосылады
Министрдің айтуынша, ел экономикасының өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу үшін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынған.
2029 жылға дейін жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде жалпы көлемі 7,3 ГВт жаңа генерация көздері іске қосылады. Оның бір бөлігі ескі қуаттарды алмастыруға бағытталған.
Бүгінде ұлттық жоба аясында:
- жаңа қуаттардың өсімі – 6 484 МВт;
- қолданыстағы қуаттарды алмастыру көлемі – 825 МВт.
Биыл қандай жаңа нысандар іске қосылады?
2026 жылы ұлттық жоба аясында шамамен 2 418 МВт жаңа қуат пайдалануға беріледі.
Ал 2027 жылы тағы 825 МВт іске қосу жоспарланған. Оның ішінде:
- Жамбыл МАЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын бес газ-турбиналық қондырғы;
- «МАЭК» ЖШС-де 160 МВт болатын бу-газ қондырғысы пайдалануға беріледі.
Министрдің сөзінше, бұл жобалар іске қосылғаннан кейін елдің электр энергиясына деген қажеттілігі толық жабылады.
«2027 жылы шамамен 825 МВт жаңа қуатты іске қосу жоспарлануда, оның ішінде Жамбыл МАЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газ-турбиналық қондырғыны және "МАЭК" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарлануда. Аталған қуаттарды іске қосу 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт/сағ көлемінде профицитін қалыптастырады», — деді министр.
Қазақстан электр энергиясын экспорттай ала ма?
Энергетика министрлігі мұнымен тоқтап қалмайды.
2028–2029 жылдары тағы 4 мың МВт-тан астам жаңа қуат іске қосылады.
Ведомствоның болжамынша, 2029 жылы Қазақстанның энергия жүйесінде қажетті 20 пайыздық резерв сақтала отырып, тұрақты электр энергиясы профициті қалыптасады.
Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Биыл қандай жобалар аяқталды?
Ұлттық жоба аясында бірқатар маңызды энергетикалық нысандар пайдалануға берілді.
Атап айтқанда:
- Текелі энергия кешені үш газ-турбиналық қондырғының (36 МВт) есебінен жаңғыртылды;
- Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы іске қосылды;
- Текелі энергия кешенін жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталып, қосымша 17 МВт қуат берілді.
Жыл соңына дейін тағы 2 161 МВт іске қосылады деп күтілуде.
Электр және жылу желілері де жаңартылады
Жаңа электр станцияларын салумен қатар инфрақұрылым да жаңғыртылып жатыр.
Ұлттық жоба бойынша:
- 1,6 мың шақырым жылу желісі жаңартылады;
- 77,5 мың шақырым электр желісі реконструкциядан өтеді.
Бұл жұмыстардың жалпы құны 4 трлн теңгеден асады.
Нәтижесінде 2029 жылға қарай:
- жылу желілерінің тозуы 52%-дан 42%-ға дейін;
- электр желілерінің тозуы 74%-дан 45%-ға дейін төмендейді.
Қазірдің өзінде жүздеген жоба іске асырылып жатыр
Энергетика министрлігі бүгінгі күні 11 561 шақырым электр желісін жаңғыртуға бағытталған 246 жобаны қолдаған.
Олардың ішінде:
- 61 жоба құрылыс кезеңінде;
- 113 жоба бойынша мердігерлерді анықтау рәсімі жүріп жатыр;
- 71 жоба келісу кезеңінен өтуде;
- бір жоба бойынша тариф бекітілу үстінде.
Ал жылу желілеріне қатысты жалпы ұзындығы 314 шақырымды қамтитын 137 жоба дайындалған.
Оның:
- 34 жобасы жүзеге асырылып жатыр;
- 38 жоба құрылысқа толық дайын;
- 65 жоба қаралу кезеңінде.
Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау және Тайынша қалаларында жалпы құны 15 млрд теңге болатын үш жоба аяқталып, 11,1 шақырым жылу желісі жаңартылды.
Министрдің айтуынша, бұл жұмыстар өткен жылыту маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік берген.
«Бүгінгі таңда облигациялық қарыз алу шеңберінде жергілікті атқарушы органдар Қарағанды, Теміртау, Тайынша қалаларында 15 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 11,1 шақырым жылумен жабдықтаудың 3 жобасы аяқталды. Жүргізілген жұмыстар көппәтерлі үйлерді сенімді жылумен қамтамасыз етуге және 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымын үздіксіз өтуге мүмкіндік берді», — деді министр.
Энергетика цифрлық форматқа көшеді
Министрлік энергетика саласын цифрландыруды да қатар жүргізіп жатыр.
Соның аясында:
- барлық энергетикалық нысандарды біріктіретін EnergyTech бірыңғай цифрлық платформасы құрылуда;
- электр, жылу және газ желілеріне интеллектуалды есептеу құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізілуде;
- 200-ден астам энергетикалық нысанды қамтитын салалық киберқауіпсіздік орталығы іске қосылады.
Бұл жүйелер желілердің жай-күйін онлайн бақылауға, технологиялық шығындарды азайтуға және энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.