40 мың жаңа жұмыс орны: Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті қалай жаңғыртады

583
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: UKIMET

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жаңа жоспар әзірленіп жатыр.

Билік 2030 жылға дейін өндірісті ұлғайтып, ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашуды, ал отандық кәсіпорындарды бұрынғыдан да белсенді қолдауды көздеп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл мәселелер ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдармен қатар, «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

2030 жылға дейін не өзгереді?

Кеңесте Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі бағыттары таныстырылды.

Өнеркәсіп вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, құжатта заңнаманы жетілдіруден бастап инвестиция тартуға, көлеңкелі импортпен күресуге, отандық брендтерді дамытуға және кадр даярлауға дейінгі 28 нақты іс-шара қарастырылған.

Алғашқы кезеңде кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, өнім өткізу нарығын кеңейту және мемлекеттік сатып алуда әділ бәсекелестік қалыптастыру көзделеді.

Ұзақ мерзімде өндірісті жергіліктендіруді күшейту басты міндеттердің біріне айналады. Осы мақсатта «виртуалды қойма» жүйесі мен электрондық шот-фактура арқылы шикізат пен дайын өнімнің қозғалысын толық бақылау тетігі енгізілмек.

Мемлекет қандай қолдау ұсынады?

Жоспардағы негізгі жаңалықтардың бірі – кәсіпорындармен жергіліктендіруді арттыру туралы келісімдер жасау.

Мұндай келісімге отырған компаниялар өндіріс көлемін көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға міндеттеме алады.

Есесіне мемлекет:

  • жеңілдетілген қаржыландыру;
  • өндірістік жабдықтарды лизингке алу мүмкіндігі;
  • арнайы инвестициялық келісімшарттар;
  • ұзақмерзімді сатып алу келісімдері сияқты қолдау құралдарын ұсынуға дайын.

Импорт басым, бірақ мүмкіндік те мол

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бүгінде отандық өндірушілердің едәуір бөлігі жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді.

Қазір қазақстандық өнімнің негізгі сатып алушылары – мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар.

Соған қарамастан, жеңіл өнеркәсіп нарығында импорттың үлесі әлі де жоғары. Бұл салада қазақстандық кәсіпорындардың өсетін әлеуеті зор екенін көрсетеді.

Отандық өнімді қолдау мақсатында заңнамада бірқатар талаптар енгізілген. Соның ішінде:

  • дүкен сөрелерінің кемінде 30 пайызы отандық өнімге бөлінуі тиіс;
  • мемлекеттік қолдау алатын сауда орындарында бұл көрсеткіш 50 пайыздан кем болмауы керек.

Бұдан бөлек, сауда желілерінің жеткізушілермен келісім жасаудан негізсіз бас тартуына және жалдау құнын негізсіз көтеруіне шектеулер қойылған.

Қазір Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстанда жасалған» брендімен өнімдерді қолдау мен ілгерілетудің арнайы бағдарламасын әзірлеп жатыр.

Ulttyq Ónim көрмесі жаңа форматта өтпек

Кеңес барысында «Атамекен» ҰКП мен «Даму» қоры Ulttyq Ónim отандық өндірушілерінің X көрмесін жаңартылған форматта өткізуді ұсынды.

Ұйымдастырушылар көрмені тек өнім таныстыратын алаң емес, бизнеске нақты мүмкіндік беретін іскерлік платформаға айналдыруды жоспарлап отыр.

Бағдарламаға:

  • салалық пленарлық сессиялар;
  • маркетплейстер мен сауда желілеріне шығу жолдары бойынша дөңгелек үстелдер;
  • практикалық шеберлік сабақтары;
  • экспорт пен логистика жөніндегі кеңестер;
  • Fashion Day;
  • «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің үздік бренді» байқауы енгізілмек.

Кәсіпкерлер қандай мәселелерді көтерді?

Кеңес барысында бизнес өкілдері мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты.

«QazTextileIndustry» басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін өнімді сертификаттау құнының жоғары екенін мәселе ретінде көтерді.

Ол сондай-ақ арнайы киім шығаратын ірі кәсіпорындар мен өз брендтерін дамытып жатқан өндірушілерге арналған мемлекеттік қолдау шараларын саралап қолдануды ұсынды.

Өз кезегінде Серік Жұманғарин сертификаттау өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін айтты.

Сонымен қатар министр Сауда және интеграция министрлігіне сертификаттау құнын төмендету мүмкіндігін қарастыруды және арнайы инвестициялық келісімшартпен жұмыс істейтін кәсіпорындарға берілетін сертификаттар мен жеңілдіктердің қолданылу мерзімін ұзарту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Салтанат Әбдікәрімова мемлекеттік сатып алу талаптарын жетілдіру және отандық өндірушілерге арналған бірыңғай техникалық ерекшелік әзірлеу қажеттігін айтты.

Ал «По Глобал спецодежда» фабрикасының директоры Надежда Шабаева мемлекеттік сатып алу кезінде кәсіпорындардың жұмыс орындарын ашуға қосқан үлесін, өндірісті жергіліктендіру деңгейін және жаңғыртуға салған инвестициясын есепке алуды ұсынды. Сондай-ақ адал өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар санын көбейтудің маңызын атап өтті.

Кеңесте мектеп формасын шығару мәселесі де талқыланды.

40 мың жаңа жұмыс орны: Үкіметтің басты мақсаты

Жиын қорытындысында салалық мемлекеттік органдарға бизнестен түскен ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, жеңіл өнеркәсіпті дамыту ең алдымен жаңа жұмыс орындарын құру және отандық өндірісті күшейту үшін маңызды.

«Кешенді жоспар өршіл міндет қойып отыр. 2030 жылға қарай шикізатты қайта өңдеу көлемін 1,5-2 есе арттыру, 40 мыңға жуық жұмыс орнын ашу және 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мемлекет жергіліктендіруді арттыратын және өндірісті дамытатын кәсіпорындарды қолдауға дайын. Бұл ретте Кешенді жоспар икемді құжат болып қала береді, қажет болған жағдайда, оны жүзеге асыру тәжірибесі ескеріле отырып, пысықталады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -