Қаржы секторында талап күшейді. 2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанның қаржы нарығындағы барлық қатысушылар үшін ақпараттық қауіпсіздікке қатысты ең төменгі міндетті талаптар қолданыла бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Банктерге кибертәуекелдерді басқарудан бастап ақпараттық жүйелерді тұрақты тексеруге дейінгі бірқатар талап қойылған.
Банктер жүйелерін тұрақты түрде осалдыққа тексеруге міндетті
Жаңа талаптар қаржы ұйымдарының киберқауіпсіздік жүйесін бірнеше бағыт бойынша күшейтуді көздейді.
Банктер кибертәуекелдерді басқаруға, оқыс оқиғаларға жедел ден қою қызметтерінің жұмысын қамтамасыз етуге және ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуіне жауап береді.
Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік аудитін және жүйелерге ену арқылы осалдықтарды анықтайтын тестілеуді тұрақты өткізу талап етіледі.
Талаптардың орындалуын Агенттік есептілікті талдау, қашықтан бақылау және тәуекелге бағдарланған тексерулер арқылы қадағалайды.
Егер тексеру барысында бұзушылық анықталса, оны жоюға және қорғаныс деңгейін көтеруге бағытталған қадағалап ден қою шаралары қолданылады.
«Ақшаны қазір аударыңыз» деген талап күдік тудыруы тиіс
Банк жүйесінің қорғанысы күшейгенімен, алаяқтар клиенттің өзінен қажетті мәліметті алуға тырысуы мүмкін.
Сондықтан Агенттік телефон қоңырауы, мессенджер немесе әлеуметтік желі арқылы жасалатын шұғыл талаптарға ерекше сақ болуға шақырады.
Егер белгісіз адам дереу ақша аударуды, растау кодын айтуды, қандай да бір қолданба орнатуды немесе телефон мен компьютерге қол жеткізуді талап етсе, мұны ықтимал алаяқтық белгісі деп қарастырған жөн.
Мұндай жағдайда әңгімені тоқтатып, ақпаратты банкпен немесе тиісті ұйыммен оның ресми байланыс арналары арқылы қайта тексеру қажет.
PIN, CVV және растау кодтарын ешкімге беруге болмайды
Қаржыға қол жеткізудің ең оңай жолдарының бірі — адамның өзінен құпия деректерін алу.
Агенттік PIN-кодтарды, CVV-кодты, бір реттік растау кодтарын және банк картасының өзге де деректерін бөгде адамға бермеуге кеңес береді.
Банк қолданбаларын тек ресми дүкендерден жүктеп, жаңартуларды уақытында орнатқан дұрыс. Күдікті хабарламалардағы сілтемелерге өтпей, дербес немесе төлем деректерін енгізер алдында сайттың мекенжайын мұқият тексеру қажет.
Ашық Wi-Fi арқылы банк операциясын жасамаған дұрыс
Қауіптің тағы бір көзі — белгісіз қоғамдық Wi-Fi желілері.
Агенттік мұндай желілер арқылы банк операцияларын жүргізбеуге кеңес береді. Аккаунттарда күрделі құпия сөздер мен екі факторлы аутентификацияны қолданған жөн, ал құрылғыларда вирусқа қарсы қорғаныс болуы керек.
Сондай-ақ операциялар туралы хабарламаларды қосып, шоттағы ақша қозғалысын тұрақты тексеру ұсынылады.
Асықтыру мен қысым — алаяқтықтың жиі кездесетін белгісі
Белгісіз адамның нұсқауымен ақша аударуға немесе қысыммен қаржылық шешім қабылдауға болмайды.
Егер әңгімелесуші тексеруге уақыт бермесе, қосымша орнатуды сұраса немесе құрылғыға қашықтан кіруге рұқсат талап етсе, қауіпсіз жол — байланысты үзіп, ұйымға өзіңіз ресми нөмір арқылы хабарласу.
12 шілдеден бастап қаржы ұйымдарының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейді. Ал клиент үшін негізгі қорғаныс қағидасы өзгермейді: құпия кодтарды бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз адамның нұсқауымен ақша аудармау.