Қазақстан электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша Швейцариядан, Франциядан және Канададан озып тұр

660
Фотосурет: ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Цифрлық трансформация мемлекеттік басқару мен бизнестен бастап, білім беру, қаржы және күнделікті қызметтерге дейін өмірдің барлығына дерлік салаларын қамти отырып, Қазақстанның дамуының негізгі факторларының біріне айналып отыр. Соңғы жылдары еліміз жүйелі түрде цифрлық инфрақұрылымды қалыптастырып, онлайн-сервистерге қолжетімділікті кеңейтуде және мемлекеттік органдардың жұмысына заманауи технологияларды енгізуде. Бұл процестің ең айқын нәтижелерінің бірі электрондық үкіметтің дамуы болды: мемлекеттік қызметтер біртіндеп цифрлық форматқа ауысып, азаматтар үшін қолжетімді, жылдам әрі ыңғайлы болып келеді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен қоғамдық өмірдің барлық салаларын цифрлық трансформациялауды жеделдетуге нұсқау берді. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы аясында мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылын ары қарай цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді. Стратегия елдің цифрлық экожүйесіне белсенді түрде ЖИ-ді енгізуге басымдық береді.

Қазақстан қазірдің өзінде әлемдегі цифрландыру бойынша, соның ішінде электрондық үкіметті дамыту бойынша көшбасшылардың бірі болып табылатынын атап өту керек. 2024 жылғы Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша (Global E-Government Development Index) БҰҰ-ның соңғы рейтингінде ҚР 0,9 жоғары бағалау деңгейімен 24-орынды иеленді. Қазақстан көптеген дамыған, соның ішінде еуропалық елдерді де басып озды. Мысалы, Қазақстанда электрондық үкіметтің даму деңгейі Швейцария, Түркия, Латвия, Франция, Хорватия, Қытай, Канада, Италия, Бельгия және басқа да мемлекеттерге қарағанда жоғары болып шықты.

ТМД мен Орталық Азия елдеріне келетін болсақ, Қазақстан көршілерінен едәуір алда келеді. Атап айтқанда, ҚР үздік 25 елдің қатарына енсе, Ресей 43-орынды, Өзбекстан — 63, Грузия — 69, Әзербайжан — 74, Беларусь — 77, Қырғызстан — 78-орынды иеленді.

Елдің әлемдік нарықтағы позициясының динамикасы да өте маңызды. Осыдан біраз бұрын, 2008 жылы Қазақстан рейтингте 81-орында болса, 2010 жылы — 46, 2018 жылы — 39, 2022 жылы — 28, ал 2024 жылы 24-орынға көтерілді. Жылдан-жылға жағдай тек жақсарып келеді және істің қазіргі жай-күйін ескере отырып, ҚР-ның жақын арада электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша үздік 15 елдің қатарына кіруге үлкен әлеуеті бар деп сеніммен айтуға болады.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының жасанды интеллектті енгізу және мемлекеттік қызметтер саласын қайта түлету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда QazTech цифрлық өнімдерін әзірлеудің бірыңғай ортасына өту жүзеге асырылды. Платформа 2026 жылғы 1 сәуірден бастап жұмыс істейді және жаңа сервистерді құру мен пайдалануға беру мерзімін бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев хабарлады.

Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech платформасына көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. Ағымдағы жылға 39 жүйені көшіру жоспарланған, олардың 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Ал жоспардан тыс тағы 25 жүйе көшіру мен әзірлеу кезеңінде тұрса, 10 жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп жатыр. Тіпті, бұл жұмыстар бекітілген кестеден озық қарқынмен жүргізілуде және бүгінде барлық мемлекеттік органдар QazTech жүйесімен жұмыс істеуге көшкен.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда QazTech платформасынан тыс мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілді.

Цифрлық трансформацияның маңызды нәтижелерінің бірі — электрондық үкімет инфрақұрылымының сенімділігі мен өнімділігінің артуы болды. 2026 жылы ақпараттық жүйелер арасында мәліметтер алмасудың басты арнасы саналатын электрондық үкімет шлюзі жаңғыртылды.

Жаңартудан кейін оның максималды өткізу қабілеті 2,5 есеге артып, секундына 800 сұраныстан 2 мың сұранысқа дейін өсті. Сонымен қатар жүйе жұмысының тұрақтылығы да едәуір артты: егер 2023–2025 жылдары жалпы ұзақтығы 59 сағатты құраған 51 іркіліс тіркелген болса, 2026 жылы жаңа шлюз бойынша бірде-бір іркіліс пен тоқтап қалу жағдайы тіркелмеген.

Осылайша, модернизация цифрлық инфрақұрылымның өнімділігін арттырып қана қоймай, оның неғұрлым тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Электрондық мемлекеттік қызметтердің және жүйеаралық мәліметтер алмасудың үздіксіз өсіп келе жатқан көлемін ескеретін болсақ, бұл өте маңызды.

Қазақстанда EGov 3.0 порталының жаңа нұсқасы іске қосылды

Маңызды оқиғалардың бірі — QazTech бірыңғай платформасында әзірленген жаңартылған eGov 3.0 порталының іске қосылуы болды. Жүйені жаңарту мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыруға, артық талаптарды жоюға және инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.

Бұған дейін eGov порталы өзінің технологиялық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп келген еді. Жаңа порталда қызметтер барынша жеңілдетіліп, пайдаланушы үшін ыңғайлы болып келеді. Тіпті, артық талаптар мен кезеңдер алынып тасталды. Сұранысы жоғары қызметтердің бір бөлігі қазірдің өзінде жаңа форматта қолжетімді.

Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты — электрондық үкімет жүйесіне жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу. Атап айтқанда, 2026 жылғы сәуірде іске қосылған eGov GPT дамытылып келеді. Бұл — азаматтарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріп, сұрақтарға кәдімгі тілде жауап қайтара алатын интеллектуалды ассистент.

Бүгінгі таңда eGov GPT көмегімен 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал азаматтар бұл көмекшіні 150 мыңнан астам рет пайдаланып үлгерді. Жүйенің негізі ретінде отандық alem LLM тілдік моделі қолданылады, ал есептеулер alem.cloud суперкомпьютерінің ресурстарында жүзеге асырылады.

Дамудың келесі кезеңі eGov GPT-ді Aitu ұлттық экожүйесіне интеграциялау болмақ. Бұл ретте 2026 жылдың соңына дейін қамту аясын трафиктің 70%-ына дейін кеңейту міндеті қойылды.

ЖИ-сервистерді дамытуда бірыңғай тәсілді қалыптастыру қажеттілігі де бөлек атап өтілді: азаматтар мен бизнеске арналған дербес ведомстволық ЖИ-агенттерді eGov GPT-ге байланыстырмай әзірлеуге және енгізуге жол бермеу ұсынылады. Бұл шашыраңқы шешімдердің алдын алуға және мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылды бірыңғай интеллектуалды жүйеге шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру біртіндеп жекелеген анықтамалар мен өтініштерді онлайн-форматқа ауыстыру шеңберінен баяғыда шығып кеткен. Бүгінде цифрлық шешімдер мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылының барлық негізгі бағыттарын — кәсіпкерлікті тіркеу мен рұқсаттар алудан бастап, әлеуметтік төлемдерге, білім беруге, денсаулық сақтау мен басқа да күнделікті қызметтерге дейін түгел қамтиды.

Бизнес үшін цифрландыру, ең алдымен, әкімшілік рәсімдерді және мемлекеттік органдармен байланысқа кететін уақытты қысқартуды білдіреді. Кәсіпкерлер бизнесті қашықтан тіркеуге, салықтық және статистикалық есептіліктер тапсыруға, лицензиялар мен рұқсаттарды рәсімдеуге, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын алуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар ведомствоаралық мәліметтер алмасудың дамуы мемлекеттік жүйелерге қажетті ақпаратты өз бетінше алуға жағдай жасап, кәсіпкердің қайтадан ұсынуына тура келетін құжаттар санын азайтады.

Бөлек бір бағыт — әлеуметтік саланы цифрландыру. Әлеуметтік төлемдермен, жәрдемақылармен, зейнетақымен қамсыздандырумен және азаматтардың жекелеген санаттарын қолдаумен байланысты қызметтердің көп бөлігі электрондық форматқа көшірілуде. Бұл мемлекеттік мекемелерге босқа барудан бас тартып қана қоймай, проактивті қызмет көрсетуге біртіндеп өтуге мүмкіндік береді. Онда жүйенің өзі адамның белгілі бір қолдауды алуға құқығын анықтап, оны рәсімдеуді ұсынады.

Цифрландыру азаматтардың күнделікті мәселелерін де: көлік, мүлікті тіркеу, жер қатынастары, құжаттар алу, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, оқыту, коммуналдық және басқа да қызметтерді қамтиды. Нәтижесінде мемлекеттік сервистер пайдаланушыдан мемлекеттік органдардың күрделі құрылымын өз бетінше түсінуді талап етпейтін бірыңғай цифрлық кеңістік төңірегінде біртіндеп біріктірілуде.

Осылайша, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мемлекеттің, азаматтардың және бизнестің өзара іс-қимылының үлгісін түбегейлі өзгертіп келеді. Егер бастапқыда негізгі міндет мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде қолжетімді ету болса, бүгінде басты назар оларды интеграциялауға, автоматтандыруға және дербестендіруге ауысып отыр. Келешекте бұл бюрократиялық процедуралардың азаюын, қызметтерге жылдам қол жеткізуді және шашыраңқы электрондық сервистерден мемлекеттің бірыңғай цифрлық экожүйесіне өтуді білдіреді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -