Биржаға шығу рәсімі жеделдемек. Қазақстандық компаниялар үшін IPO-ға дайындық мерзімін шамамен үш-бес айға, ал облигация шығарудың толық циклін үш-алты айдан бір-екі айға дейін қысқарту ұсынылып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасында көзделген. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банкпен, нарыққа қатысушылармен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірленді.
Бірнеше рәсімнің орнына бір цифрлық терезе
Қазір қор нарығына шығуды жоспарлаған компания бірнеше ұйыммен жұмыс істейді.
Агенттік бағалы қағаздар шығарылымын тіркейді, Орталық депозитарий оған халықаралық сәйкестендіру нөмірін береді және құқықтардың есебін жүргізеді, ал қор биржасы листинг жүргізеді.
Жаңа модель осы процестерді бірыңғай цифрлық терезеге біріктіруді көздейді. Оның операторы ретінде Орталық депозитарийді айқындау жоспарланған.
Эмитент цифрлық кабинет арқылы шығарылымды тіркеу, листинг және басқа да қажетті рәсімдерден өту үшін стандартталған құжаттар жинағын бір рет қана тапсыра алады.
Мұндай тәсіл Қазақстанда әзірленіп жатқан капитал нарығын ауқымды жаңғырту жоспарының негізгі бағыттарының біріне айналмақ.
Жүйе құжаттарды өзі тексеріп, үш ұйымға жібереді
Цифрлық жүйе құжаттардың толықтығы мен форматын автоматты түрде тексереді.
Одан кейін олар Агенттікке, биржаға және Орталық депозитарийге жіберіледі. Эмитент цифрлық кабинет арқылы құжаттарды қарау барысын, түскен ескертулерді және белгіленген мерзімдерді көре алады.
Басты өзгерістердің бірі – құжаттар кезекпен емес, қатар қаралады.
Эмитент те әр ұйымның жауабын бөлек жинамайды. Оған процеске қатысушылардың келісілген позициясы беріледі.
Бұл компанияның капитал тарту туралы шешім қабылдаған сәтінен қор нарығына нақты шыққанға дейінгі әкімшілік кезеңді қысқартуға мүмкіндік береді.
IPO дайындау үш-бес айға қысқарады
Реформаның компаниялар үшін ең сезілетін бөлігі – мерзім.
Жаңа тәртіп IPO дайындау процесін шамамен үш-бес айға қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бұл жария орналастыруды жоспарлаған бизнес үшін маңызды. Бірнеше ай ішінде нарықтағы жағдай, капиталдың құны мен инвесторлардың сұранысы өзгеруі мүмкін. Сондықтан рәсімдердің қысқаруы компанияға биржаға шығатын уақытты икемдірек таңдауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге бірыңғай цифрлық терезе IPO-ға қойылатын талаптарды жоймайды. Әңгіме құжаттарды ұсыну мен оларды қарау процесін біріздендіру және жеделдету туралы болып отыр.
Облигация шығару бір-екі айға дейін жеделдейді
Облигациялар нарығында мерзім бұдан да айтарлықтай қысқаруы мүмкін.
Қазір бағалы қағаздар шығарудың толық циклі үш айдан алты айға дейін созылады. Жаңа тәртіп бойынша оны бір-екі айға дейін қысқарту ұсынылған.
Бұл облигацияларды банктік несиеге балама қаржы тарту көзі ретінде қарастыратын компаниялар үшін рәсімдік кедергілердің бірін азайтады.
Қазақстан облигациялар нарығын халықаралық инвесторларға түсініктірек ету бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Бұған дейін елде алғаш рет Қазақстанның облигациялар нарығы жөніндегі халықаралық нұсқаулық әзірленген еді.
Жаңа бағдарламада шағын және орта шығарылымдарға жеке жеңілдік ұсынылып отыр. Олар үшін он бестен астам бөлімнің орнына бес негізгі бөлімнен тұратын жеңілдетілген проспект енгізілуі мүмкін.
Ал кәсіби инвесторлардың шектеулі тобына арналған облигациялар үшін құжаттардың қысқартылған жиынтығы қарастырылады.
Эмитентті бір рет қана тексеру ұсынылды
Қайталанатын рәсімдердің тағы бір бөлігі қысқармақ.
Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл рәсімдерін қоса алғанда, эмитентті тексеру бір рет жүргізіледі. Оның нәтижелерін процестің барлық қатысушылары пайдалана алады.
Орталық депозитарийге құжаттарды қабылдау және алдын ала тексеру, сондай-ақ облигациялық бағдарламалар шеңберінде облигациялар шығарылымдарын тіркеу функцияларын кезең-кезеңімен беру көзделген.
Бірыңғай цифрлық терезені Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесімен біріктіру арқылы ұсынылған құжаттардың негізінде шығарылымға халықаралық сәйкестендіру нөмірін беруге және бағалы қағаздарды олардың иелерінің шоттарына есепке алуға болады.
Құжаттардың нысандары, шығарылым проспектілері, ақпаратты ашуға қойылатын талаптар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл тәртібі де біріздендірілмек.
Бөлшек инвесторларды қорғау талаптары сақталады
Жеңілдетілген талаптар барлық орналастыруға бірдей қолданылмайды.
Бағалы қағаздар шығарылымына қойылатын талаптар орналастырудың түрі мен көлеміне, инвесторлар санатына және эмитенттің ашық нарықтағы тәжірибесіне қарай сараланады.
Ал біліктілігі жоқ инвесторлар арасында жария орналастыру кезінде ақпаратты ашуға және олардың мүдделерін қорғауға қойылатын толық талаптар сақталады.
Яғни кәсіби инвесторларға арналған шағын немесе арнайы шығарылымдарда рәсімдерді қысқарту көзделсе, қарапайым инвесторларға бағалы қағаз ұсынатын компанияларға қатысты қорғаныс талаптары жеңілдетілмейді.
Қазақстан биржаға жаңа компанияларды тартуға дайындалып жатыр
Бірыңғай цифрлық терезе – Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасындағы бастамалардың бірі ғана. Жоба жеті бағыт бойынша 35 бастаманы қамтиды.
Олардың ортақ мақсаты – компаниялардың қор нарығы арқылы капитал тартуына кедергі келтіретін рәсімдерді азайтып, нарыққа жаңа эмитенттер мен инвесторларды тарту.
Бизнес үшін ең нақты өзгеріс мерзімнен көрінеді: IPO дайындау үш-бес айға қысқаруы, ал облигация шығарудың толық циклі үш-алты айдан бір-екі айға дейін төмендеуі мүмкін.
Бұған дейін біз Қазақстан қор нарығының 2030 жылға дейінгі реформасы қалай дайындалып жатқанын жазған едік. Енді реформаның компаниялар күнделікті сезінетін нақты тетігі ұсынылып отыр: бір цифрлық кабинет, құжаттарды бір рет тапсыру және биржаға шығуға кететін уақытты бірнеше айға қысқарту.