Қазақстандағы бұлақтар алғаш рет паспортталып жатыр.
Жамбыл облысында мамандар 574 табиғи су көзін зерттеп, олардың координаттарын, жағдайын және су сапасына қатысты көрсеткіштерін бірыңғай ұлттық базаға енгізуге кірісті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жұмысты «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі жүргізіп жатыр. Инвентаризация алдағы жылдары басқа өңірлерде де жалғасады: 2027 жылы Алматы облысында шамамен 600, ал 2028 жылы Жетісу облысында 500-ге жуық бұлақты зерттеу жоспарланған.
574 бұлақтың жағдайы мен су сапасы тексерілді
Далалық жұмыстар кезінде мамандар бұлақтарды жай ғана есепке алумен шектелген жоқ.
Әр су көзінің координаттары нақтыланып, санитарлық және техникалық жағдайы бағаланды. Сонымен қатар гидрогеологиялық бақылаулар жүргізіліп, зертханалық талдау үшін су сынамалары алынды.
Жиналған деректер негізінде әр бұлаққа жеке паспорт жасалады. Онда су көзінің орналасқан жері, қазіргі жағдайы, гидрогеологиялық сипаттамалары мен су сапасы туралы негізгі мәліметтер көрсетіледі.
Нәтижесінде табиғи су көздері туралы шашыраңқы ақпараттың орнына оларды тұрақты есепке алып, бақылауға мүмкіндік беретін жүйеленген база қалыптасуы тиіс.
Қазақстан табиғи су көздеріне алғаш рет жүйелі паспорт жасайды
Жобаның басты ерекшелігі — бұлақтарды инвентаризациялау мен паспорттаудың қатар жүргізілуі.
«Қазгидрогеология» мәліметінше, мұндай жүйелі паспорттау Қазақстанда алғаш рет қолға алынған.
Бұған дейін Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қор және архив материалдары негізінде Қазақстан бойынша 2772 бұлақтың картасын қалыптастырған. Бұдан бөлек, тағы 711 ықтимал су көзі анықталған. Бұлақтар су тапшылығы жағдайында қосымша сумен қамту ресурстарының бірі ретінде де қарастырылады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлаған.
Ендігі кезеңде картадағы нүктелер нақты далалық мәліметтермен толықтырылады.
2027 жылы кезек Алматы облысына келеді
Жамбыл облысынан кейін зерттеу жұмыстарының географиясы кеңейеді.
«Келесі жылы Алматы облысындағы шамамен 600 бұлақты, ал 2028 жылы Жетісу облысындағы 500-ге жуық бұлақты зерттеу жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі паспорттау алғаш рет жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыс заманауи әрі сенімді деректер базасын қалыптастыру арқылы табиғи су нысандары мен тұщы су көздерін сақтауға бағытталған. Бұл база бұлақтардың жағдайын жақсырақ түсінуге, оларды сақтау жөнінде уақтылы шаралар қабылдауға және әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», — деді «Қазгидрогеология» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Бекнияз.
Осы үш кезеңнің өзінде Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы саны шамамен 1,7 мың бұлақ қамтылмақ. Оның 574-і қазірдің өзінде зерттелсе, тағы 1,1 мыңға жуық су көзі алдағы екі жылда тексеріледі.
Су көздері туралы деректер бірыңғай жүйеге жинақталады
Бұлақтарды түгендеу Қазақстандағы гидрогеологиялық деректерді цифрландыру жұмыстарымен қатар жүріп жатыр.
Бұған дейін біз елімізде жерасты суларын басқаруға арналған Water Base ақпараттық жүйесін енгізу аяқталғанын жазған едік.
Жүйені Қазақстан жағдайына бейімдеп, Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесімен біріктіру көзделген.
Ал бұлақтарды паспорттаудың практикалық нәтижесі нақты: әр табиғи су көзі бойынша координаттар, қазіргі жағдай, гидрогеологиялық параметрлер және су сапасына қатысты деректер бір жерге жинақталады.
Келесі ірі кезең 2027 жылға жоспарланған — Алматы облысында шамамен 600 бұлақ зерттелмек.