Қазақстан алғаш рет әлемдік теннистің шыңына шықты.
Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің жартылай финалына өтіп, WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұған дейін Қазақстан атынан өнер көрсеткен бірде-бір теннисші әйелдер арасында да, ерлер арасында да жекелей сында әлемдік рейтингті басқармаған.
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады. WTA рейтингінің ресми жаңартуы дүйсенбі, 14 қыркүйекте жарияланады.
Рыбакина WTA рейтингінде Соболенкодан озды
US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығу Рыбакинаға live-рейтингте Арина Соболенкодан озып, бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.
Осылайша, қазақстандық теннисші ел тарихында жекелей сында әлемдік рейтингтің көшін бастаған алғашқы спортшы атанды.
Бұған дейін Қазақстан атынан өнер көрсеткен ешбір теннисші мұндай нәтижеге жетпеген.
Екі Grand Slam және әлемнің бірінші ракеткасы
Рыбакинаның мансабындағы алғашқы WTA титулы 2019 жылы Бухарестте келді.
Үш жылдан кейін, 2022 жылы ол Уимблдонда жеңіске жетіп, Қазақстан атынан Grand Slam турнирінің жекелей сынында чемпион болған алғашқы теннисші атанды.
2026 жылы Рыбакина Australian Open турнирінде топ жарды. Осылайша, оның еншісінде Grand Slam жарыстарындағы екі чемпиондық атақ бар.
Әлемдік рейтингтің бірінші орны енді осы жетістіктер қатарына қосылды.
Рыбакинаның еншісінде 13 WTA титулы бар
Қазақстандық теннисші кәсіби мансабында жекелей сында 13 WTA турнирін жеңіп алды.
Олардың қатарында екі Grand Slam, екі WTA 1000, алты WTA 500 және екі WTA 250 санатындағы жарыстың чемпиондығы бар.
2023 жылы Рыбакина беделді WTA 1000 сериясындағы екі турнирде — Индиан-Уэллс пен Римде жеңіске жетті.
Оның мансабындағы тағы бір ірі белес 2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирі болды.
Рыбакина жарыста бес матчтың бесеуінде жеңіске жетіп, турнирді жеңіліссіз аяқтады. Финалда ол сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкодан басым түсті.
Булат Өтемұратов: «Қазақстан өкілі әлемнің үздігі бола алатынын дәлелдеді»
Елена Рыбакинаның тарихи жетістігіне Қазақстан теннис федерациясының президенті Булат Өтемұратов пікір білдірді.
«Бұл жетістіктің артында Елена мен оның командасының орасан еңбегі, таланты, мінезінің беріктігі және көпжылдық мақсаткерлігі тұр. Бұл — миллиондаған қазақстандықты біріктіріп, жігерлендіретін жеңіс. Бүгінгі жетістік әр жанкүйеріміз үшін ерекше сәт болып, спорттағы жолын енді бастап жатқан мыңдаған балаға үлгі болатынына сенімдімін. Елена Қазақстан өкілі әлемнің үздігі бола алатынын дәлелдеді. Бұл — еліміз үшін зор мақтаныш әрі Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтатын жетістік. Қазақстан теннис федерациясының атынан барша қазақстандықты осы айтулы тарихи нәтижемен құттықтаймын!» — деді Булат Өтемұратов.
Тоқаев Рыбакинаны тарихи жетістігімен құттықтады
Елена Рыбакинаның жетістігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үн қатты. Президент қазақстандық теннисшіні әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілуімен құттықтады.
Бұған дейін біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтағаны туралы жазған едік. Бұл жетістік Қазақстан теннисі үшін бұрын-соңды болмаған тарихи нәтиже болды.
Қазақстан теннисі үшін жаңа тарихи межe
Рыбакинаның әлемдік рейтингтегі бірінші орны тек оның жеке мансабындағы рекорд емес.
Бұл нәтиже Қазақстан теннисінің халықаралық деңгейдегі ең жоғары көрсеткішіне айналды. Ел туы алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасының есімімен қатар тұрады.
Мұндай жетістіктің ішкі нарықтағы әсері де айқын: жоғары деңгейдегі жеңістер балалар мен жасөспірімдердің тенниске қызығушылығын арттырып, спорттың танымалдығына қосымша серпін бере алады.
Қазақстан теннис федерациясы бұл нәтижені елдегі теннисті дамытуға бағытталған көпжылдық жүйелі жұмыстың маңызды қорытындысы ретінде бағалады.
Алда — US Open-2026 шешуші матчтары
Рейтингтегі тарихи нәтиже тіркелгенімен, Рыбакинаның US Open-дегі жорығы жалғасып жатыр.
Ол турнирдің жартылай финалына алғаш рет шықты және енді Grand Slam жарысындағы тағы бір титул үшін күресін жалғастырады.
14 қыркүйекте WTA рейтингі ресми жаңартылған кезде Елена Рыбакинаның есімінің жанында Қазақстан теннисі үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш — №1 тұрады.
Бұған дейін біз Рыбакинаның US Open-2026 турниріндегі нәтижелері туралы жазған едік. Нью-Йорктегі табысты ойын оның әлемдік рейтингтің шыңына көтерілуіне жол ашты.