11 қыркүйекте Астанадағы CYBER STEPPE 2026 конференциясында ата-аналар мен балаларға интернеттегі қауіптерді тануға арналған практикалық сабақтар өтеді. Қатысушылар онлайн ойындардағы қатерлер мен кибербуллинг туралы біліп, цифрлық қауіпсіздік дағдыларын жаттығулар арқылы тексере алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Екі күндік конференция 10 қыркүйекте Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында басталды. Оны республикалық Киберқауіпсіздік айы аясында MSSP Global компаниясы министрліктің қолдауымен ұйымдастырған.
Ата-аналарға сұрақ қоюға мүмкіндік беріледі
Конференцияның екінші күні отбасыларға, студенттер мен педагогтерге арналған. Ұйымдастырушылар күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіріп, тәжірибелік тапсырмаларға басымдық бермек.
Бағдарламада кибербуллинг, яғни интернеттегі қудалау мен қорлау, сондай-ақ онлайн ойындардағы қауіптер туралы интерактивті жаттығулар мен викториналар бар. Қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейтін қазақстандық цифрлық тренажер де таныстырылады.
Ата-аналар мамандарға сауалдарын арнайы сұрақ-жауап сессиясында қоя алады. Бұдан бөлек, 2011–2026 жылдардағы хакерлік топтардың текетіресі туралы дәріс жоспарланған.
Жұмыста рұқсатсыз қолданылатын ЖИ де талқыланады
10 қыркүйектегі іскерлік бағдарлама мемлекеттік органдар мен компаниялардың кибершабуылдарға дайындығына арналған. Қатысушылар қауіпсіздік талаптарын қағаз жүзінде орындаумен шектелмей, ақпараттық жүйелерді іс жүзінде қорғау жолдарын талқылап жатыр.
Негізгі тақырыптардың бірі — Shadow AI, яғни қызметкерлердің ұйыммен келіспей жасанды интеллект құралдарын қолдануы. Сарапшылар осы тәжірибенің тәуекелдерін және ЖИ-ді қорғаныс жүйелерінде пайдалану мүмкіндіктерін қарастырады.
Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік қызметтерінің экономикалық тиімділігі, мемлекеттік секторға кешенді қорғаныс шешімдерін сатып алудағы заңнамалық кедергілер және киберинцидент кезінде ақпарат алмасу мәселелері қозғалады.
Техникалық мамандарға үлкен тілдік модельдерге жасалатын шабуылдарды талдау, ЖИ арқылы фишингті анықтау және ұзақ мерзімді нысаналы кибершабуылдардың қалай жүргізілетінін түсіндіру сессиялары ұсынылған.
Киберсабақтар өңірлерде жалғасады
Конференцияны ашқан Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев азаматтарды оқыту жұмысын заңнамадағы өзгерістермен байланыстырды:
«Биыл Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң күшіне енді. Дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама жетілдірілді. Ал Еңбек кодексінде алғаш рет жұмыс берушілер мен қызметкерлердің киберқауіпсіздік пен кибермәдениетке қатысты міндеттері бекітілді. Бұл жұмыстың заңды жалғасы ретінде Киберқауіпсіздік айы жарияланды. Айлық аясында еліміздің барлық өңірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, киберсабақтар, өңірлік форумдар мен практикалық іс-шаралар өтуде. Айлықты ашып отырған Cyber Steppe конференциясынан бастап, оны қорытындылайтын KazHackStan 2026 іс-шарасына дейін түрлі форматтағы жұмыстар ұйымдастырылуда. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға интернеттегі алаяқтық пен киберқауіптерді анықтауды, өздерінің дербес деректеріне жауапкершілікпен қарауды және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануды үйрету».
Ұйымдастырушылар екі күнде 3000-нан астам қатысушыны күтеді: Астанада 2000-нан астам адам, ал Алматы, Шымкент және өңірлерден 1000-нан астам онлайн қосылым жоспарланған. Конференцияда 20-дан астам спикер мен сарапшы сөз сөйлейді.
Киберқауіпсіздік тақырыбы ай соңында KazHackStan 2026 конференциясында жалғасады. Оның бағдарламасы мен мамандар талқылайтын мәселелер туралы Қазақстандағы ЖИ жобалары мен деректерді қорғауға арналған материалымыздан оқуға болады.