Цифрландыру қателіктің құнын өсіріп жатыр.
Қазақстан жасанды интеллектіні белсенді енгізіп, мемлекеттік және бизнес-процестерді цифрлық форматқа көшірген сайын деректерді, инфрақұрылымды және ақпараттық жүйелерді қорғау мәселесі өткірлене түсуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы тақырыпқа 29–30 қыркүйекте Астанада өтетін KazHackStan 2026 конференциясы арналады. Іс-шара AI Month бағдарламасының бір бөлігі болады. Технологиялар мен жасанды интеллект айлығы 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында, Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған байланысты Астанадағы күзгі технологиялық іс-шаралар бірнеше бағытты бір арнаға тоғыстырады: AI-шешімдерін әзірлеу, киберқауіпсіздік, инвестиция және халықаралық ынтымақтастық.
KazHackStan 10 мыңнан астам қатысушыны жинайды
KazHackStan 2026 29–30 қыркүйекте Тәуелсіздік сарайында өтеді. Ұйымдастырушылар 10 мыңнан астам келуші, шамамен 200 компания, 100 өңірлік және халықаралық спикер, сондай-ақ Орталық Азия елдерінен кемінде 25 хакерлік команда қатысады деп күтіп отыр.
Бұл ауқым ақпараттық қауіпсіздіктің тек IT-бөлімдердің ішкі мәселесі болудан қалғанын көрсетеді. Компания үшін кибершабуыл жекелеген процестердің тоқтауына, ақпараттың сыртқа шығуына, қаржылық шығынға және беделге нұқсан келуіне әкелуі мүмкін. Ал мемлекет үшін цифрлық жүйелердегі осалдық инфрақұрылым мен сервистердің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
AI-инфрақұрылым кеңейген сайын ықтимал шабуыл нүктелері де көбейеді. Цифрлық шешімдердің саны артқан сайын қорғауды қажет ететін жүйелер, қосымшалар, құрылғылар, байланыстар мен деректер көлемі де ұлғаяды.
KazHackStan спикерлерінің қатарында америкалық хакер Джейсон Эрл Стрит, Dissecting the Hack кітаптар сериясының авторы және DEF CON Groups жаһандық амбассадоры, ақпараттық қауіпсіздік саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар Алексей Лукацкий, senior-әзірлеуші Максим Романюк және басқа да сала мамандары бар.
Хакерлер осалдықтың қалай табылатынын көрсетеді
KazHackStan бағдарламасы екі негізгі бағытқа бөлінген.
Government & Business Day мемлекеттік саясат, реттеу, ұлттық киберқауіпсіздік, цифрлық трансформация және технологиялық тәуелсіздік мәселелеріне арналмақ.
Ал Secure Development and Hack Day практикалық бағытқа басымдық береді. Бағдарламаға қауіпсіз әзірлеу, AppSec және DevSecOps, OSINT, цифрлық криминалистика, зиянды бағдарламаларды талдау, аппараттық қауіпсіздік және IoT құрылғыларын қорғау кіреді.
Қатысушыларға әдетте кәсіби ортадан тыс көрсетіле бермейтін процестер ұсынылады: хакерлердің осалдықты қалай табатыны, жүйеге қалай енетіні және мамандардың шабуылды қалай анықтап, тоқтатуға тырысатыны.
Бұл әсіресе AI-ды белсенді енгізіп жатқан бизнес үшін өзекті. Корпоративтік деректер мен автоматтандырылған процестерге қол жеткізетін жүйелер көбейген сайын бір ғана осалдықтың құны да жоғарылай түседі.
Киберқауіпсіздіктен AI & Digital Bridge-ке дейін
1 қазанда технологиялық бағдарлама AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумымен жалғасады.
Форум Астанада 1–3 қазан аралығында өтеді. Ол технологиялық компанияларды, кәсіпкерлерді, инвесторларды, зерттеушілерді және мемлекеттік институт өкілдерін бір алаңға жинайды.
1 қазанға мемлекет басшылары, халықаралық делегациялар және технологиялық индустрия көшбасшылары қатысатын арнайы жоғары деңгейдегі бағдарлама жоспарланған. Бұл күнгі іс-шараларға қатысу арнайы шақыру арқылы жүзеге асырылады.
2 және 3 қазанда форумның ашық бағдарламасы өтеді. Билет иелері жаһандық технологиялық компаниялар, халықаралық спикерлер, стартаптар мен инвесторлар қатысатын барлық ашық сессияларға қатыса алады.
AI & Digital Bridge бағдарламасы киберқауіпсіздік тақырыбын кеңірек технологиялық күн тәртібімен байланыстырады. Яғни мәселе тек жаңа AI-жобаларды іске қосуда емес, олардың қауіпсіздігі, тұрақтылығы және экономикаға енгізілуінде де жатыр.
AI Month жаңа шешімдер әзірлеуден басталады
AI Month 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында өтеді. Бағдарлама жаңа технологиялық өнімдерді әзірлеуден бастап, оларды қорғау мен кейінгі ауқымдауға дейінгі толық тізбекті қамтиды.
23 қыркүйекте Астанада HackAlem AI өтеді. Қатысушыларға OpenAI тарапынан жалпы құны $1 млн-ға дейінгі технологиялық ресурстар ұсынылады. Жеңімпаздарға қосымша $100 мың көлемінде API-токендер, сондай-ақ тағы $100 мың ақшалай жүлде қоры қарастырылған. Жүлделер мен ресурстардың жалпы құны $1,1 млн деп көрсетілген.
Жеңімпаздарды марапаттау AI & Digital Bridge 2026 сахнасында өтеді.
Бағдарламаның логикасы осы жерде анық көрінеді: алдымен командалар AI-өнімдерін әзірлейді, одан кейін киберқауіпсіздік мамандары оларды қорғау мәселелерін талқылайды, ал кейін бизнес, мемлекет пен инвесторлар технологияларды енгізу және ауқымдау мүмкіндіктерін қарастырады.
Форум бюджет қаражатынсыз өткізіледі
AI & Digital Bridge 2026 ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форум өткізуге жұмсалатын барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылады. Алтын серіктестер — Freedom Bank пен Kaspi.kz, Digital Partner — BI Group, Official Airline Partner — Air Astana.
Форум бюджет қаражатын тартпай өткізіледі.
Осы технологиялық тізбекте киберқауіпсіздік жеке тақырып ретінде емес, цифрлық дамудың міндетті бөлігі ретінде алға шығып отыр. AI Month Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қаншалықты жылдам кеңейіп жатқанын көрсетсе, KazHackStan әр жаңа цифрлық сервис пен интеллектуалды жүйемен бірге қорғалуға тиіс жаңа нүктелердің де пайда болатынын көрсетпек.
Бұған дейін біз AI & Digital Bridge 2026 форумының жаңа форматы және оның Астанада 1–3 қазан аралығында қалай өтетіні туралы жазған едік.