Екібастұз бен Ақсуда жылыту маусымы басталғанға дейін ең проблемалы алты учаскедегі жылу желілері толық жаңартылды. Жалпы ұзындығы 6,1 шақырым құбыр ауыстырылды: кейбірі жарты ғасырдан астам пайдаланылып, тозу деңгейі 96%-ға жеткен, ал соңғы үш жылда осы учаскелерде 76 ақау тіркелген.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының ақпаратына сүйенсек, алты жобаның жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды DKNews.kz. Жұмыс Екібастұздағы төрт және Ақсудағы екі магистральдық учаскені қамтыды. Бұл желілердің үздіксіз жұмыс істеуі екі қаладағы ондаған мың тұрғын үшін маңызды.
Екібастұзда жарты ғасырдан астам жұмыс істеген құбырлар жаңарды
Екібастұзда Абай көшесі маңындағы, М. Әуезов көшесінің бойындағы 10 және 15-шағынаудандардағы, сондай-ақ М. Жүсіп көшесінің бойындағы 6-шағынаудандағы 4,2 шақырым жылу желісі жаңартылды.
Екі учаске 1972 жылдан, қалған екеуі 1983 және 1992 жылдардан бері пайдаланылып келген. Бұл желілерде соңғы рет 2016–2018 жылдары ішінара күрделі жөндеу жүргізілген.
Соңғы үш жылда осы төрт магистральда 54 ақау тіркелді. Енді тозған құбырлар толығымен алынып, орнына диаметрі үлкен жаңа құбырлар төселді.
Жаңартылған магистральдар 168 көппәтерлі тұрғын үйді, 1 102 жеке үйді және 76 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Абай көшесі маңындағы мыңға жуық жеке үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік туады.

Қатты аязда көбірек жылу жеткізуге мүмкіндік бар
Құбырлардың диаметрі ұлғайған соң, Екібастұздағы жаңартылған учаскелердің өткізу қабілеті 17–65%-ға артты. Бұл жылуға сұраныс күрт өсетін аязды күндері тұтынушыларға көбірек жылу жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында мұндай өзгеріс үйлердегі температураны тұрақты ұстауға және қаладағы жаңа нысандарды жылу желісіне қосуға жағдай жасайды деп күтіліп отыр.
Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов жаңартылатын учаскелерді іріктеу тәртібін түсіндірді:
«Нысандарды таңдаған кезде біз желілердің ұзындығына ғана қараған жоқпыз. Ең алдымен құбырлардың тозу деңгейін, ақаулардың санын және әр магистральға қанша тұрғын қарап отырғанын ескердік. Соның арқасында бағдарламаға жаңартылуы Екібастұз бен Ақсуды жылумен сенімді қамтамасыз етуге ең көп әсерін тигізетін учаскелер кірді».
Ақсуда 23 мың тұрғынға жылу жеткізетін магистраль іске қосылды
Ақсуда Астана және Ленин көшелеріндегі жалпы ұзындығы 1,9 шақырым болатын екі учаске жаңартылды. Құбырлар 1970 және 1980 жылдардан бері пайдаланылып, тозу деңгейі 80–83%-ға жеткен. Соңғы үш жылда мұнда 22 ақау тіркелген.
Астана көшесіндегі жылу магистралі іске қосылды. Ол 23 мың адам тұратын алты шағынауданға жылу жеткізеді. Жаңартылған желіге 91 көппәтерлі тұрғын үй мен 16 әлеуметтік нысан, соның ішінде мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер қосылған.
Ленин көшесінде тағы 1,5 шақырым жылу желісі толық реконструкцияланды. Бұл учаске № 4, 6, 7, 7А, 9, 10, 11 және 12-шағынаудандарды жылумен қамтиды. Құбырларды ауыстыру қыста желінің жарылу және шұғыл жөндеу жүргізу қаупін азайтуға тиіс.

Алты нысан да жылыту маусымына дайындалды
Коммуналдық инфрақұрылымның қысқа дайындығы Павлодарда өткен ЭКСЖ жобалық офисінің көшпелі отырысында талқыланды. Қанат Бозымбаев жұмыс кестесінен кешікпей, барлық нысанды уақытында аяқтауды тапсырды. Ұлттық жоба аясында берілген ақпаратқа сәйкес, алты нысан да жылыту маусымы басталғанға дейін дайын болған.
Барлық учаскеде Қазақстанда шығарылған құбырлар мен қосалқы бөлшектер қолданылды. Отандық өнімнің үлесі 100%-ды құрады: қажетті материалдарды түгелдей ел кәсіпорындары жеткізді.
Бұған дейін DKNews.kz Павлодар облысының қысқа дайындығы және Екібастұз бен Ақсудағы жылу магистральдарын жаңарту жұмыстары туралы жазған еді.