Қазақстан экономикасы: негізгі өзгерістер мен нәтижелер

726
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

2019–2025 жылдары Қазақстан экономикасының номиналды көлемі 2,6 есе өсіп, 159,6 трлн теңгеге жетті, ал тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 155,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 7 жылда 1,5 еседен астам өсті

2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларына жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 52,9%-ға өсті (2018 жылы –  9,8 мың АҚШ доллары).

Жан басына шаққандағы ЖІӨ өсіміне ел экономикасының тұрақты дамуы ықпал етті.

Экономиканың номиналды көлемі 2018 жылғы 61,8 трлн теңгеден 2025 жылы 159,6 трлн теңгеге дейін өсті.

2025 жылы экономиканың көлемі 306 млрд АҚШ долларына жетіп, долларлық мәнде 2018 жылғы көрсеткіштен 70,6%-ға асты.

2019–2025 жылдар аралығында ЖІӨ нақты мәнде 28,9%-ға өсті. Бұған экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және негізгі салаларды (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және қоймалау, сауда) дамыту, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілікті арттыру, инвестициялар тарту және әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілету ықпал етті.

Нақты сектор дәстүрлі түрде экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Аталған кезеңде тауар өндірісі 38,8%-ға өсті. Құрылыс саласындағы өсім 2,4 есені, өңдеу өнеркәсібінде 41,8%-ды, ауыл шаруашылығында 25,6%-ды, тау-кен өнеркәсібінде 14,9%-ды құрады.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және экономиканың нақты секторындағы оң серпін қызмет көрсету саласының 22,1%-ға өсуіне ықпал етті. Саудадағы өсім 44,1%-ды, көлік қызметтерінде –  38,4%-ды, байланыс саласында –  56,4%-ды құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 65,9%-ға өсіп, 23,5 трлн теңгеге жетті.

7 жыл ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 155,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау және басым экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жүргізілген белсенді жұмыс шикізаттық емес экспорт көлемін 1,8 есеге арттырып, 28,8 млрд АҚШ долларына жеткізуге мүмкіндік берді (15,8 млрд АҚШ долларынан).

Мұнай өндіру көлемі 9,2 млн тоннаға ұлғайып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 млн тоннаны құрады.

Экономикадағы еңбек өнімділігі 21,7%-ға, оның ішінде құрылыс саласында 2,3 есеге, ауыл шаруашылығында 66,3%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 32%-ға, саудада 28,9%-ға өсті.

Шағын және орта бизнес саласындағы жұмыс орындарының саны 7 жылда 36,7%-ға өсті

Шағын және орта бизнес Қазақстандағы еңбек нарығының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Ұлттық статистика бюросының өзекті деректеріне сәйкес, бүгінде ШОБ секторында 4 527 381 адам жұмыс істейді. Бұл –  елдегі жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ы. Соңғы 7 жылда сектордағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өсті (2018 жылы –  3,3 млн).

Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 63,5%-ға өсіп, 2,2 млн бірлікке жетті.

  • Өнім шығару көлемі 3,2 есеге артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 104,8 трлн теңгені құрады.
  • Елдің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 40,9%-ға жетіп, 9,2 пайыздық тармаққа өсті.

Сектордың негізін жеке кәсіпкерлер құрайды (субъектілердің жалпы санының 69%-ы). Олар 2 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар орта кәсіпорындар нарықтың небәрі 0,1%-ын құрағанымен, толық әлеуметтік пакет ұсынатын ең тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етеді (жұмыспен қамтылғандар саны –  428,2 мың адам).

Елдегі кәсіпорындар саны бойынша сауда саласы көш бастап тұр (35%). Алайда бизнесті кеңейту кезінде жаңа жұмыс орындарын құрудың ең жоғары әлеуеті өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында байқалады.

Секторда әйелдердің рөлі де айтарлықтай. Олар барлық ШОБ субъектілерінің 48,1%-ын басқарады (оның ішінде жеке кәсіпкерлер арасында –  52,6%, заңды тұлғалар арасында –  28,1%).

Бизнесті дамытуға 7 жылда 10,2 трлн теңге бөлінді

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген несиелендіру, субсидиялау және кепілдік беру құралдары 2019–2026 жылдары жалпы несие сомасы 10,2 трлн теңгені құрайтын 176 716 бизнес-жобаны қамтыды.

Мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асырудың бүкіл кезеңінде (2019–2025 жылдары) олардың қатысушылары шамамен 695 мың қолданыстағы жұмыс орнын сақтап, 60,5 мың жаңа жұмыс орнын құрды, 128 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 трлн теңге салық төледі.

2025 жылғы маусымда «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламада банк капиталының үлесі қаржыландырудың жалпы көлемінің жартысынан асады. 2025 жылғы сәуірден бастап «Даму» қорының базасында ШОБ пен ірі инвестициялық жобаларға арналған екі жаңа кепілдік қоры табысты жұмыс істеп келеді. Ал 2025 жылғы желтоқсанда өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, ауылдар мен шағын қалалардағы микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды.

Әлемнің ТОП-50 экономикасы: Қазақстанның жеті жылдық трансформациясының қорытындылары

2019–2026 жылдар кезеңі Қазақстан үшін мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғам құрылымын ауқымды әрі жүйелі трансформациялау кезеңі болды. Осы кезеңдегі институционалдық басты нәтижелердің бірі –  2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы.

Саяси реформалар берік экономикалық негізге ие болды. 2025 жылдың рекордтық қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ көлемі 159,6 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім 6,5%-ды құрады. Бұл елге Дүниежүзілік банктің жаһандық рейтингіндегі орнын жақсартып, 55-орыннан 48-орынға көтерілуге және әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарына нық орнығуға мүмкіндік берді.

Макроэкономикалық негіздің тұрақтылығы инвестициялар ағынымен расталады. Негізгі капиталға салынған жылдық инвестициялар көлемі 12,6 трлн теңгеден 23,5 трлн теңгеге дейін өсті, ал 2019 жылдан бастап 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жиынтық ағыны 162 млрд АҚШ долларынан асты. 2026–2028 жылдарға арналған жаңа Макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасы аясында Үкімет экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5% деңгейінде ұстап тұруды және 2028 жылға қарай инфляцияны 5–7%-ға дейін төмендетуді мақсат етіп отыр.

Сандық көрсеткіштердегі әлеуметтік стандарттар

Қазақстанда 7 жыл ішінде ең төменгі жалақы мен зейнетақы екі есе өсті.

Жеті жылда елде негізгі әлеуметтік төлемдердің бірнеше есе өскені байқалады:

  • Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 2 есе –  42,5 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін өсті;
  • Ең төменгі базалық зейнетақы 2,2 есе –  16 мың теңгеден 35,6 мың теңгеге дейін өсті;
  • Ең төменгі зейнетақы мөлшері шамамен 2 есе –  36,1 мың теңгеден 69 мың теңгеге дейін өсті;
  • Күнкөріс минимумы 1,7 есе –  29,7 мың теңгеден 50,9 мың теңгеге дейін өсті.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 715,5 мың теңгеден 1 661,6 мың теңгеге дейін өсті.

Бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктер: «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары

Өңірлердегі жеке кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында шағын қалалар мен ауылдарды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. 2029 жылға дейін бағдарлама жалпы сомасы 1,2 трлн теңгені құрайтын шамамен 15 мың бизнес-жобаны қолдайды. Бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, азық-түлік өндіруге, жиһаз және құрылыс материалдарын шығаруға, сондай-ақ қолөнерді дамытуға бағытталған.

Республикалық деңгейде бизнес-бастамалар «таза парақтан» реттеу тетіктері және «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы арқылы қолдау табады. Басым секторлар үшін (өңдеу өнеркәсібі, IT, туризм, креативті индустрия және логистика) жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын, 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыру лимиттері белгіленген.

Қазақстан ауылдарының әлеуметтік инфрақұрылымы

Өңірлерді жаңғыртудың маңызды кезеңі «Ауыл –  Ел бесігі» жобасы болды. Жоба 2,1 мың ауылды қамтыды (оның ішінде 1 мың тірек ауыл және 1,1 мың спутниктік ауыл бар). Жобаны іске асыру барысында 33 мың уақытша және 4,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, инфрақұрылым өңірлік стандарттарға сәйкестендірілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарына жалпы сомасы 154,3 млрд теңгені құрайтын 20,6 мыңнан астам микрокредит берілді. Бұл 23,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар елде денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы кадр тапшылығының өзекті мәселелері шешілді.

Ауылдық жерлерде кадрларды тұрақтандыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 123 мыңнан астам маманға жалпы сомасы 27,3 млрд теңге болатын көтерме жәрдемақы беруді қамтамасыз етті, ал 55 мың қызметкер жалпы сомасы 214,3 млрд теңгені құрайтын тұрғын үй кредиттерін алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -