Freedom Holding-тің табысы күрт өсті. Қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов басқаратын халықаралық холдинг үш айда 910,1 миллион доллар көлемінде түсім алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 81 пайызға көп. Ал таза пайда 29 пайызға өсіп, 46,1 миллион долларға жетті.
Freedom Holding Corp. (NASDAQ: FRHC) 2026 жылғы 30 қыркүйекте аяқталған 2027 қаржы жылының екінші тоқсаны бойынша есеп жариялады. Компанияның қаржылық нәтижелеріне қарағанда, негізгі өсімді банк пен сақтандыру бизнесі қамтамасыз еткен.
Ал холдингтің жиынтық активтері қаржы жылы басталғалы 26 пайызға ұлғайып, 16,6 миллиард долларға жеткен.
Түсім 81 пайызға өсті, бірақ шығын да көбейді
Бір жыл бұрын Freedom Holding осы тоқсанда 503,6 миллион доллар түсім алып, 35,7 миллион доллар таза пайда тапқан еді.
Биыл түсім 910,1 миллион долларға жетті. Компанияның бір акцияға шаққандағы сұйылтылған пайдасы да 0,58 доллардан 0,76 долларға дейін өсті.
Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда да оң өзгеріс бар. Бірінші тоқсанда 31,7 миллион доллар болған таза пайда екінші тоқсанда 46,1 миллион долларға жетіп, 45 пайыздан астам өскен.
Дегенмен шығын да аз емес. Үш айдағы шығыс 93 пайызға ұлғайып, 859,9 миллион доллар болды. Яғни компанияның табысы қарқынды өскенімен, оны қамтамасыз етуге жұмсалатын қаражат та көбейген.
Алты айдың қорытындысында холдингтің түсімі 1,64 миллиард долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 60 пайызға жоғары.
Бірінші жартыжылдықтағы таза пайда 77,7 миллион доллар болды. Былтыр осы кезеңде компания 73,1 миллион доллар пайда тапқан.
Freedom Holding бас атқарушы директоры Тимур Турлов нәтижелерді бизнестің бірнеше бағытта қатар дамып келе жатқанымен байланыстырды.

«Екінші тоқсанның нәтижелері біздің әртараптандырылған бизнес-моделіміздің тиімділігін және қаржы қызметтері мен технологиялар саласында қарқын алып келе жатқанымызды көрсетеді. Тоқсандық түсім 81 пайызға өсті. Бұған ең алдымен банк және сақтандыру бизнесінің қарқынды дамуы ықпал етті. Клиенттер ауқымының кеңеюі де өз нәтижесін беріп отыр», — деді Тимур Турлов.
$727 млн қайдан келді? Үш бағыт бүкіл түсімнің 80 пайызын берді
Freedom Holding табысының негізгі бөлігі қаржы қызметтерінен түседі.
Екінші тоқсанда пайыздық кірістер, сақтандыру түсімі және комиссиялық табыстар жиынтығы 727,2 миллион доллар болды. Бұл холдингтің жалпы түсімінің шамамен 80 пайызы.
Ең ірі үш көрсеткіш мынадай:
- Пайыздық кіріс — 323,9 миллион доллар, өсім 53 пайыз.
- Сақтандырудан түскен таза түсім — 254,8 миллион доллар, өсім 148 пайыз.
- Комиссиялық кіріс — 148,5 миллион доллар, өсім 12 пайыз.
Бағалы қағаздармен саудадан тағы 66,4 миллион доллар түскен. Бұл көрсеткіш бір жылда 79 пайызға өсті. Компания есебінде оның басым бөлігі Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын сатумен байланысты екені көрсетілген.
Валюталық операциялар 26,7 миллион доллар кіріс әкелген. Бұған теңгенің нығаюы әсер еткен.
Ал туынды қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерден 14,4 миллион доллар табыс түсті. Бір жыл бұрын осы бағытта 3,2 миллион доллар шығын тіркелген еді.
Freedom Bank түсімі 182 пайызға өсті
Холдингтің қаржылық құрылымында елеулі өзгеріс байқалады.
Бір жыл бұрын брокерлік бизнес жалпы түсімнің 47 пайызын қамтамасыз етсе, қазір компания табысы бірнеше бағытқа анағұрлым тең бөлінген.
2027 қаржы жылының екінші тоқсанында түсім құрылымы былай қалыптасты:
- Банк бизнесі — 33 пайыз.
- Сақтандыру — 33 пайыз.
- Брокерлік қызмет — 24 пайыз.
- Өзге бағыттар — 10 пайыз.
Банк сегментінің түсімі 105,7 миллион доллардан 298,1 миллион долларға дейін өсті. Өсім 182 пайызды құрады.
Бұған несиелер мен бағалы қағаздардан алынған пайыздық кірістердің көбеюі, мемлекеттік облигацияларды сатудан түскен пайда және валюталық қайта бағалау әсер еткен.
Бір жыл бұрын банк сегменті салық салуға дейін 25,5 миллион доллар шығын көрсеткен. Ал биыл осы көрсеткіш 58,3 миллион доллар пайдаға айналды.
Сегменттің таза пайдасы 50,3 миллион доллар болды.
Клиенттер саны да айтарлықтай артқан: бір жылда 3,6 миллионнан 5,9 миллион адамға дейін өсті.
Брокерлік бизнес баяулады, сақтандыру қарқын алды
Freedom Holding тарихы брокерлік қызметтен басталған. Алайда соңғы есеп компанияның табыс құрылымы өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Брокерлік сегменттің түсімі 5 пайызға төмендеп, 222,2 миллион доллар болды.
Бұған бағалы қағаздар мен валюталық операциялардан түсетін табыстың қысқаруы, сондай-ақ маркетмейкер клиенттердің бірінен алынатын комиссияның азаюы ықпал еткен. Аталған клиенттен түскен комиссия 97,2 миллион доллардан 68,5 миллион долларға төмендеді.
Соған қарамастан брокерлік бағыт пайда көлемі бойынша холдингтегі ең ірі сегмент болып отыр. Оның пайдасы 115,2 миллион долларды құрады.
Брокерлік клиенттер саны бір жылда 16,9 пайызға өсіп, 907 мың адамға жеткен.
Ал сақтандыру бизнесіндегі жағдай мүлде басқа.
Сегменттің түсімі 133 пайызға артып, 299,2 миллион долларға жетті. Негізгі өсім зейнетақы аннуитеттері есебінен қамтамасыз етілген.
Сақтандыру сегментінің таза пайдасы 9,9 миллион долларды, ал клиенттер саны 878 мың адамды құрады.
Халықаралық рейтинг агенттіктері де компаниялардың қаржылық жағдайына баға берді. Қыркүйекте Moody's Freedom Life компаниясына инвестициялық деңгейдегі Baa3 рейтингін, ал Freedom Insurance компаниясына Ba1 рейтингін берді. Қарашада S&P Freedom Insurance рейтингін BB деңгейіне көтерді.
Freedom 27 елге шықты: клиенттер саны 9,27 миллионға жетті
2008 жылы Тимур Турлов құрған Freedom Finance бастапқыда клиенттерге АҚШ қор нарығына шығуға мүмкіндік беретін брокерлік компания болатын.

2012 жылы компания Қазақстан нарығына келді. Үш жылдан кейін Турловтың активтері Freedom Holding Corp. құрылымына біріктірілді.
2019 жылғы 15 қазанда холдинг акциялары Nasdaq биржасына FRHC тикерімен орналастырылды.
Сол кездегі 14,2 долларлық акция бағасы 2026 жылғы 16 қарашадағы сауда қорытындысында 159,54 долларға жеткен. Айналымдағы 63,8 миллион акцияны есептегенде, компанияның нарықтық капитализациясы 10 миллиард доллардан асады.
Қазір Freedom Holding 27 елде жұмыс істейді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 21 ел болатын.
Ал қаржы жылының алғашқы алты айында клиенттер саны 1,17 миллион адамға көбейіп, 9,27 миллионға жетті.
Холдинг құрамында Freedom Bank, Freedom Инвестиции, Freedom Life, Freedom Insurance, Arbuz.kz, Freedom Ticketon және Freedom Travel сияқты қызметтер бар.
Оларды бір экожүйеге біріктіретін Freedom SuperApp қосымшасында банк қызметтері, сақтандыру, билеттер, азық-түлікке тапсырыс беру және мемлекеттік сервистер ұсынылады.
Суперқосымшаның банк қызметтерін пайдаланушылар саны 6,4 миллион адамға жеткен.
Телеком мен жасанды интеллект жаңа табыс көзіне айналуы мүмкін
Freedom Holding алдағы жылдары қаржы қызметтерінен тыс бизнесті де кеңейтуді көздеп отыр.
Компанияның телекоммуникация, бұлтты технологиялар және медиа бағыттары әзірге қаржылық есепте «Өзге қызметтер» сегментіне енгізілген.
Осы сегменттің түсімі бір жылда 161 пайызға өсіп, 90,5 миллион доллар болды.
Ал тауарлар мен қызметтерді сатудан түскен түсім бір тоқсанда 2,5 есеге ұлғайып, 50,8 миллион долларға жетті.
Компания мұндай өсімді телеком жобалардың кеңеюімен, Freedom Cloud Holding сатып алынуымен және Arbuz қызметінің дамуымен байланыстырады.
Тимур Турлов бұған дейін телеком бағыты холдингтің төртінші ірі табыс көзіне айналуы мүмкін екенін айтқан.
«Телеком бірнеше миллиард доллар түсім әкеле алатын төртінші ірі табыс бағытына айналады», — деген еді Турлов.
Холдинг Қазақстанда интернет, тіркелген сымсыз байланыс (FWA), Wi-Fi, IPTV және бұлтты сервистер ұсынатын тәуелсіз оператор құруды жоспарлап отыр.
FWA желісі болашақ мобильді оператордың инфрақұрылымына негіз болуы тиіс.
2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша компанияның алдағы төрт жылда телеком жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу міндеттемелері 154,6 миллион долларға жеткен.
Қазақстанда $2 млрд-тық жасанды интеллект орталығы жоспарланған
Freedom Holding-тің тағы бір ірі жобасы Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымына байланысты.
2025 жылғы қарашада холдинг, NVIDIA және Қазақстанның салалық министрлігі құны 2 миллиард доллар болатын егемен жасанды интеллект орталығын құру туралы келісімге қол қойған.
Жобаның жоспарланған қуаты — 100 мегаватт.
Freedom Holding қаржыландыру мен іске асырудағы негізгі серіктес ретінде қатысады.
Компания Қазақстанда деректер орталықтары мен есептеу қуаттарын дамытуды көздеп отыр. Бұл бағыт әлі қалыптасу кезеңінде болғандықтан, оның болашақтағы табысын қазіргі тоқсандық түсіммен теңестіруге болмайды.
Дегенмен холдинг қаржы қызметтерімен қатар технологиялық инфрақұрылымға да қомақты қаражат бағыттауды жоспарлап отырғанын ашық көрсетіп отыр.
Түркия банкі мен қазақстандық Bilim Group: тоқсандағы төрт мәміле
Freedom Holding екінші тоқсанда бірнеше жаңа активті сатып алды.
31 шілдеде компания Түркиядағы Turkish Bank A.Ş. акцияларының 99,32 пайызын 33,4 миллион долларға сатып алуды аяқтады.
Банк Freedom Bank A.Ş. деп атала бастады. Холдинг Қазақстанда дамытқан суперқосымша үлгісін Түркия нарығына енгізуді жоспарлап отыр.
Қыркүйекте Freedom Holding Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі білім беру технологиялары компанияларының бірі Bilim Group-тың 60 пайыз үлесін 19,8 миллион долларға сатып алды.
Компания жоспарында білім беру саласына жасанды интеллект сервистерін енгізу, оларды Freedom экожүйесіне біріктіру және OpenAI компаниясымен ынтымақтастық орнату бар.
Шілдеде холдинг виртуалды активтер саласында қызмет көрсететін эстониялық Wallet Solutions OÜ компаниясын сатып алған.
Ал 8 қыркүйекте Freedom Kazakhstan Ltd. австриялық OTA&A Service GmbH компаниясын иелену мәмілесін аяқтады. Бұл компанияға Tezeks экскурсия сервисі мен CityFlow жасанды интеллект гиді тиесілі.
Соңғы мәміле Freedom туристік қызметтерін Еуропа нарығына шығарумен байланысты.

$1,16 млрд инвестиция: қаржы қайда жұмсалады?
Freedom Holding жаңа инфрақұрылым салу және бизнесті кеңейту үшін қосымша капитал тартып жатыр.
Шілдеде компания акцияларды жекеменшік орналастыру арқылы 300 миллион доллар тартты.
Қыркүйекте жылдық мөлшерлемесі 8,5 пайыз болатын, 2029 жылы өтелетін 500 миллион долларлық облигациялар шығарды. Оның 137,3 миллион доллары есепті тоқсанда орналастырылған.
23 қазанда холдинг Kokzhiyek Fund L.P. қорымен келісімге қол қойды. Қордың негізгі инвесторы «Бәйтерек» тобына кіреді.
Келісім бойынша қор Freedom Holding-тің жылдық 7,8 пайыздық мөлшерлемесі бар бес жылдық облигацияларын 1,16 миллиард долларға дейін сатып ала алады.
Бұл қаражатты деректер орталықтарына, жасанды интеллект кластеріне, байланыс желілеріне және логистикаға бағыттау көзделген.
10 қарашада 700 миллион доллар эскроу-шотқа түсті.
Freedom Holding-тің келесі кезеңдегі нәтижесі жаңа жобалардың нақты кіріске қаншалықты тез айналатынына да байланысты болмақ.
Әзірге қаржылық есеп бір жайтты көрсетеді: 910,1 миллион доллар тоқсандық түсімнің негізгі бөлігі банк, сақтандыру және брокерлік қызметтерден түскен. Телеком мен жасанды интеллект жобаларының болашақтағы үлесі әлі қалыптасу үстінде.