Ауыл шаруашылығын қолдау шаралары шаруалардың табысын арттырып, ауылдағы тұрмысты жақсартуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында аграрлық секторды қаржыландыру, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, су үнемдеу, өнімді терең өңдеу және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне тоқталды. Президент сөзінің ресми жарияланымы Ақорда сайтында берілген.
Мемлекет басшысы саланың жетістіктерін атап өтумен қатар, шешімін күткен мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, аграрлық бағдарламалардың бірін-бірі қайталауы, несие алу рәсімдерінің күрделілігі, өндіріс өнімділігінің жеткіліксіздігі және ауылдағы инфрақұрылым жобаларының нақты нәтижесі сөз болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қолайсыз ауа райына қарамастан, 24,5 млн тонна өнім жиналды
Президент форумға қатысушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ауыл шаруашылығының ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Жиынға өңірлерден келген диқандар, фермерлер, сала мамандары мен инвесторлар қатысты.
Күзгі жиын-терім қорытындысы бойынша елімізде 24,5 млн тонна дақыл жиналды. Мемлекет басшысы ауа райының қолайсыздығына қарамастан осындай нәтижеге қол жеткізген еңбек адамдарына алғыс айтты.
«Егіннің бітік болуы — молшылық пен тоқшылықтың кепілі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форумда су ресурстарын үнемдеу, жайылымдарды ұтымды пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныстар айтылды. Президент Үкімет пен құзырлы министрлікке осы мәселелерді назарға алуды тапсырды.

Аграрлық экспорт екі есе өсті
Соңғы жеті жылда Қазақстанда азық-түлік өндірісі 28 пайызға артқан. Агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 1630 инвестициялық жоба іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есе өсіп, 7 млрд долларға жуықтады. Экспорт құрамындағы өңделген өнімнің үлесі 52 пайызға жетті.
Бұл көрсеткіштер саланың мүмкіндігі мол екенін аңғартады. Дегенмен Президент алдағы жұмыста қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, өндірістің өнімділігін арттыруға басымдық беру қажеттігін айтты.
Саланы басқаруда нақты деректерге сүйену маңызды. Былтыр Қазақстанда соңғы жиырма жылда алғаш рет ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізілді. Цифрлық технологиялар қолданылған санақ аграрлық сектордың нақты ахуалы туралы мәлімет жинауға мүмкіндік берді.
Бағдарламаның саны емес, нәтижесі маңызды
Мемлекет басшысы ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған бағдарламаларға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Соңғы жылдары атауы бөлек болғанымен, мазмұны ұқсас бастамалар көбейген.
Президент «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және басқа да бағдарламаларды мысалға келтірді. Олардың әрқайсысы белгілі бір мәселені шешуге бағытталғанымен, жұмсалған қаражат пен атқарылған жұмыстың тиімділігі бағалануға тиіс.
«Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек», — деді Президент.
Үкімет әр бағдарламаның мақсаты мен міндетін нақтылап, қайталанатын шараларды реттеуі қажет. Қолдау тетіктері шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының өміріне оң өзгеріс әкелуге тиіс.
Бұл міндет бюджет қаражатын ұқыпты жұмсаумен де байланысты. Бағдарламаны қабылдау немесе қаржыны игеру жұмыстың түпкі нәтижесі ретінде қарастырылмауы керек.

Ауылдағы жобалардың нақты қорытындысы тексерілуге тиіс
Президент ресми есептердегі көрсеткіштерге де назар аударды. Құзырлы министрліктің мәліметінше, былтыр «Ауыл – ел бесігі» аясында 500-ге жуық ауылда жалпы құны 173 млрд теңге болатын 921 жоба жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, 277 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылған.
Мемлекет басшысы осы жұмыстың нақты нәтижесін тексеру қажеттігін көтерді. Бұрын жағдайды тым жақсы көрсететін есептерге сеніп, кейін нақты статистиканың болмауын алға тартып, мәселелерді кейінге қалдыру тәжірибесі болғанын еске салды.
Алдағы уақытта мұндай тәсілге жол берілмеуге тиіс. Ауылға бөлінген қаражаттың нәтижесін тұрғындардың күнделікті өмірінен көру маңызды: ауызсу тұрақты беріле ме, инженерлік желілер жұмыс істей ме, әлеуметтік нысандар қолжетімді ме деген сұрақтар жауапсыз қалмауы керек.
Жалпыхалықтық құрылыс ауылдарға да серпін бермек
Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Жолдауында жариялаған ауқымды құрылыс бастамасының ауылдық аумақтар үшін де маңызды екенін айтты. Бағдарлама аясында әлеуметтік, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту көзделген.
Өңірлерде емханалар, ауруханалар, балабақшалар, мектептер, мәдениет және спорт нысандары салынбақ. Сондай-ақ жолдар, электр стансалары мен деректерді өңдеу орталықтарын салу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы үшін елді мекендерге, фермерлік шаруашылықтарға және агроөнеркәсіп кәсіпорындарына қажетті инфрақұрылымның маңызы зор. Әсіресе ауылды дамытып, тұрақты жұмыс орындарын ашып отырған кәсіпорындарға назар аудару қажет.
Ірі шаруашылықтар орналасқан аудандарда инженерлік желілерді жаңартып, өндіріске қажетті кіреберіс жолдар салу міндеті қойылды. Бұл шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуіне және жаңа жобаларды іске қосуға жағдай жасауға тиіс.

22 мың жұмыс орны сақталды ма?
Президент «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижесіне тоқталып, жұмыспен қамтудың тұрақтылығы жөнінде мәселе көтерді. Бағдарламаға осы уақытқа дейін 150 млрд теңге бөлініп, ауылда 22 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.
Алайда сол жұмыс орындарының бүгінге дейін сақталғанын анықтау қажет. Жобаның ашылуы мен алғашқы нәтижесі оның ұзақ мерзімде табысты жұмыс істейтінін өздігінен дәлелдемейді.
Бағдарламаны одан әрі кеңейту барысында ауыл кәсіпкерлерінің нарыққа шығу мүмкіндігін арттыру керек. Олар цифрлық сауда алаңдарының, банктердің және логистикалық компаниялардың қызметін пайдалана алуға тиіс.
Өнімді сатып алушыға жеткізудің нақты тәртібін қалыптастырып, тиісті келісімдер жасау қажет. Ал шағын шаруашылықтар шоғырланған аудандарда өнім қабылдайтын, сұрыптайтын және салқындататын жергілікті орталықтар құру ұсынылды.
Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге қолжетімді болуы керек. Өнімді сақтау және жеткізу мүмкіндігі шаруалардың табысына тікелей әсер етеді.
Агросекторға ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржы қажет
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қаржыландыру тетіктерін жетілдіруді тапсырды. Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» ұсынатын инвестициялық құралдарда өтінімдерді қарау мерзімі ұзақ, рәсімдер күрделі, цифрландыру деңгейі жеткіліксіз екені айтылды.
Үкімет «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеушілермен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін ұсынуға тиіс.
Сонымен бірге екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығын несиелеуге қатысуын кеңейту қажет. Несие шарттары саланың ерекшелігіне сай болуы маңызды.
Қарызды өтеу кестесі нақты өндірістік циклді ескеріп, инвестициялық кезеңде негізгі борышты төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қамтуға тиіс. Өйткені шаруашылық шығынды алдын ала жұмсайды, ал табысты өнімін сатқаннан кейін ғана алады.
Президент кей фермерлердің алғашқы несие төлемін жасау үшін өнімін орақ аяқталған бойда арзанға сатуға мәжбүр болатынына назар аударды. Үкімет пен министрлікке осы мәселені шешу тапсырылды.
Мемлекеттік қолдауды алушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Салаға бөлінген қомақты қаражат тиімді әрі мақсатқа сай жұмсалуға тиіс.

Жасанды интеллект өнімділікті арттыруға көмектесуі керек
Қаржыландыруға өтінім беруден бастап қаражатты алуға дейінгі рәсімдерді жеңілдету үшін шаруалардың несие өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу ұсынылды.
Мұндай құрал шешім қабылдаудың ашықтығын арттырып, өтінім қарау мерзімін және әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік береді.
«Жалпы, бізге жасанды интеллект ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге қалай көмектесетінін зерделеу керек», — деді Мемлекет басшысы.
Президент Солтүстік Қазақстандағы «Ақселеу» шаруашылығын мысалға келтірді. Кәсіпорында өндірісті басқарудың цифрлық платформалары, спутниктік мониторинг жүйелері енгізілген, бухгалтерлік есеп автоматтандырылған.
Шаруашылық ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына да қолдау көрсетеді. Жергілікті тұрғындар орталық жылу жүйесіне және сапалы ауызсуға қол жеткізген, мектептер мен спорт нысандарына көмек көрсетіледі.
Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелді. Онда ұзақ мерзімді қаржы тарту, техникалық және сараптамалық қолдау, заманауи технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді енгізу тетіктері қарастырылуға тиіс.
Аграрлық сақтандыруды дамыту міндеті қойылды
Қуаңшылық, үсік немесе мал аурулары шаруалардың бірнеше жылдық еңбегін зая кетіруі мүмкін. Сондықтан шығынды үнемі бюджет есебінен өтеу мәселеге түбегейлі шешім бола алмайды.
Үкімет пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне аграрлық сақтандыру нарығын дамыту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Шаруаларды тәуекелдерін алдын ала ерікті түрде сақтандыруға ынталандыратын шаралар қажет.
Президент климаттың өзгеруіне байланысты қауіптерді ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқаруда ескеру керектігін айтты. Қуаңшылық, өрт, су тасқыны және басқа да табиғи құбылыстар азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбектеріне әсер етуі мүмкін.
Құзырлы министрлікке Астанада орналасқан Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп, Қазақстан мен серіктес елдерге арналған ұсынымдар әзірлеу ұсынылды.
Мал шаруашылығында ветеринария мен экспорт қатар дамуға тиіс
Мал шаруашылығын дамыту да негізгі міндеттердің бірі ретінде аталды. Соңғы жылдары сала кәсіпкерлеріне берілетін несие көлемі ұлғайып, жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр. Шаруашылықтарды сапалы жемшөппен қамтамасыз ету маңызды.
Президент Қазақстанның Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының шешіміне сәйкес аусылдан таза ел мәртебесін алғанын атап өтті. Бұл ет және өзге де мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға қосымша мүмкіндік береді.
Оны пайдалану үшін малды есепке алу жүйесін жаңартып, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет. Үкіметке экспортқа кедергі келтіретін тосқауылдарды жою міндеті қойылды.

Әр гектардың өнімділігін арттыру қажет
Өсімдік шаруашылығында негізгі мақсат — өнімділікті арттырып, әр гектарға жұмсалатын шығынды азайту. Ол үшін егіс құрылымын ұтымды жоспарлау, сапалы тұқым мен қолжетімді тыңайтқыш пайдалану, дәлме-дәл егіншілік пен су үнемдеу технологияларын енгізу қажет.
2023 жылдан бері бидайға тәуелділікті азайтып, табыстылығы жоғары дақылдардың үлесін көбейту жұмысы жүргізіліп келеді. Бұл бағыт әр өңірдің топырағы мен климатын, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындарының сұранысын ескере отырып жалғасуға тиіс.
Биыл минералды тыңайтқыш енгізу көлемі ғылыми негізделген қажеттіліктің 65 пайызына жетті. Бірнеше жыл бұрын көрсеткіш небәрі 20 пайыз болған.
Дегенмен пайдаланылатын тыңайтқыштың шамамен жартысы сырттан әкелінеді. Сондықтан отандық өндірісті дамыту маңызды. Түркістан облысында фосфор тыңайтқыштарын шығаратын зауыт жобасы жүзеге асырылып жатыр, Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу жоспарланған.
Су үнемдеу технологиялары 1,3 млн гектарды қамтуы керек
Қазір су үнемдеу технологиялары 700 мың гектар суармалы алқапта қолданылады. Бұл — суармалы жерлердің жалпы көлемінің жартысына да жетпейді. 2030 жылға қарай осы технологиялармен қамтылған алқапты 1,3 млн гектарға жеткізу міндеті қойылды.
Президент бұл мәселені Үкіметтің тұрақты жұмыс бағытына айналдыру қажеттігін айтты. Технология енгізу суару инфрақұрылымын жаңартумен қатар жүргізілуге тиіс.
Елде 4,6 мың шақырым суару каналын реконструкциялау және жөндеу жұмыстары басталған. Оның шамамен мың шақырымын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 200 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуды жақсартуға мүмкіндік береді.
Үкімет пен әкімдіктер суармалы алқаптарды кеңейту жоспарын су қорымен, каналдардың жағдайымен және электр желілерінің қуатымен үйлестіруі қажет.
Терең өңдеу импортқа тәуелділікті азайтуға тиіс
Соңғы үш жылда Қазақстанда азық-түлік өндірісі шамамен 15 пайызға өсті. Өсімдік майын өндіру 36 пайызға, ет-сүт өнімдерінің өндірісі 25 пайызға артқан.
Мемлекет басшысы осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін толық пайдалануды тапсырды. Азық-түлік импортына тәуелділікті азайтатын жобаларды жедел талдап, іске асыруға кірісу қажет.
Жаңа кәсіпорындарды инженерлік желілерге уақтылы қосу мәселесі де өзекті болып отыр. Үкімет пен әкімдіктер саланы мемлекеттік қолдаудың бірыңғай тәртібін әзірлеп, қаржыландыру көздерін, орындау тетіктері мен мерзімдерін айқындауға тиіс.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуына шағын және орта бизнесті кеңінен тарту тамақ өнеркәсібіне серпін беруі керек. Ол үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, негізсіз талаптарды қысқарту және отандық өндірушілерге тең жағдай қалыптастыру мәселелері пысықталмақ.
Бұл шаралар өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Шаруашылықтың табысы ауылдың дамуына ықпал етуі керек
Президент туған ауылына инвестиция салып, тұрғындардың әл-ауқатына қамқорлық танытатын адал шаруаларды мемлекет қолдай беретінін айтты.
Сонымен бірге жерден табыс тапқанымен, шаруашылығына бармайтын, ауылдағы адамдардың жағдайын білмейтін кәсіпкерлерге қатысты мәселе көтерді. Мұндай жағдайларға байланысты қабылданатын шаралардың бәрі заң аясында жүргізілуге тиіс.
Мемлекет басшысы шетелдік инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және инвестициялық ахуалды жақсарту бағыты өзгермейтінін растады. Лауазымды тұлғалардың жұмысы нақты нәтижемен және жауапкершілікпен бағалануы қажет.
Форумда жүктелген міндеттер ауыл шаруашылығының барлық негізгі буынын қамтыды: мемлекеттік қолдау, қаржы, инфрақұрылым, технология, су, өндіріс, өңдеу және өткізу. Бұл жұмыстың нәтижесі шаруашылықтардың тұрақтылығынан, ауылдағы жұмыс орындарының сақталуынан және тұрғындардың тұрмыс сапасынан көрінуге тиіс.
Бұған дейін біз агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру, ғылымды дамыту және экспортты ұлғайту жөнінде алғашқы аграрлық форумда қойылған міндеттер туралы жазған едік.