Ұшақ кешікті, ақша түсті: Қазақстанда не өзгерді

469
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: DKNews.kz

Ұшақтың кешігуі енді өтемақы алуға мүмкіндік береді. Қазақстанда рейс уақытынан кеш ұшқан жағдайда жолаушылар 50 мың теңгеге дейін сақтандыру төлемін ала алады. Ақша автоматты түрде аударылады, өтініш жазудың қажеті жоқ. Ал қыс мезгілінің басталуымен мұндай сақтандыруға сұраныс артады деп болжанып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы «Freedom Insurance» сақтандыру компаниясы хабарлады. Компания мамандары суық мезгілде ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстердің кешігу қаупі жоғарылап, жолаушылардың сақтандыруға қызығушылығы күшейетінін айтады.

«Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаевтың айтуынша, жолаушылар ұзақ күту кезінде туындайтын қосымша шығындарды азайтқысы келеді.

«Ауа райы қолайсыз болған кезде рейстің кешігу ықтималдығы артады. Сондықтан саяхатшылар ұшақты күту уақытын өздері үшін барынша жайлы өткізгісі келеді», — дейді Азамат Керімбаев.

Қазақстанда әрбір бесінші рейс кешіккен

Мәселенің ауқымын Қазақстан Республикасы Азаматтық авиация комитетінің деректері көрсетеді.

2025 жылы елімізде орындалған 101 мыңнан астам рейстің 22 383-і кестеден кеш ұшқан. Яғни Қазақстанда шамамен әрбір бесінші рейс белгіленген уақытында орындалмаған.

Әуе тасымалдаушыларының жалпы ұшу дәлдігі 78 пайызды құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 3 пайыздық тармаққа жоғары.

Комитет мәліметінше, рейстердің кешігуіне көбіне ауа райының қолайсыздығы, өндірістік қажеттілік, ұшақтардың алдыңғы бағыттардан кеш келуі және әуежайлардың жабылуы себеп болады.

Қыста бұл мәселе тіпті өзекті. Әсіресе қарлы боран мен қолайсыз ауа райы кезінде рейстің бірнеше сағатқа кешігуі жолаушыға қосымша шығын әкелуі мүмкін.

Екі сағат кешіксе – 10 мың, алты сағатқа созылса – тағы 40 мың теңге

Freedom Insurance мұндай жағдайларда параметрлік сақтандыру тетігін қолданады. Оның басты ерекшелігі – сақтандыру төлемі алдын ала белгіленген шарттар орындалған кезде автоматты түрде есептеледі.

Жүйе рейстің нақты кешігу уақытын бақылап, оны билетте көрсетілген ұшу уақытымен салыстырады.

Сақтандыру төлемі екі кезеңде жүргізіледі:

  • Рейс 2 сағатқа немесе одан көп кешіксе, жолаушыға 10 000 теңге аударылады.
  • Кешігу 6 сағатқа жетсе, қосымша 40 000 теңге төленеді.

Осылайша, жалпы сақтандыру төлемі 50 мың теңгеге дейін жетеді.

«Егер жүйе рейстің екі сағаттан алты сағатқа дейін кешіккенін анықтаса, клиентке автоматты түрде 10 мың теңге төленеді. Ал тағы төрт сағат өткеннен кейін де жолаушы ұшып кетпесе, жүйе мұны тіркеп, қосымша 40 мың теңге аударады. Яғни сақтандыру төлемі рейстің қанша уақытқа кешіккеніне байланысты екі кезеңде жүргізіледі. Ақша өте жылдам, шамамен 5–10 минут ішінде түседі», — деп түсіндірді сарапшы.

Компанияның түсіндіруінше, алғашқы төлем жолаушының әуежайда тамақтануына, ал екінші төлем ұзақ кідіріс кезінде қонақүйге орналасуына көмектесуге арналған.

Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – жолаушы рейстің кешіккенін растайтын құжат жинап, сақтандыру компаниясына жеке өтініш бермейді.

Қажетті ақпарат компания жүйесіне автоматты түрде түседі.

Рейс уақыты алдын ала өзгерсе, өтемақы төленбейді

Сақтандыру шартында жолаушылар назар аударуы тиіс бір шектеу бар.

Егер әуе компаниясы рейстің ұшу уақытын алдын ала өзгертіп, жолаушыға билетте көрсетілген бастапқы ұшу уақытына дейін хабарласа, бұл жағдай сақтандыру оқиғасы болып саналмайды.

Freedom Insurance компаниясы рейстің кешігуі мен ұшу уақытының алдын ала ауыстырылуы екі бөлек жағдай екенін түсіндіреді.

Сақтандыру шарты ұшу күні күшіне енеді. Автоматты төлем жасалуы үшін жүйе белгіленген уақыт шегіне сәйкес келетін нақты кешігуді тіркеуі керек.

Сондықтан билет сатып алғанда сақтандыру төлемінің мөлшеріне ғана емес, оның қандай жағдайда берілетініне де назар аударған жөн.

Ішкі рейстерді сақтандыру қыркүйекте іске қосылды

Freedom Insurance бастапқыда рейстің кешігуінен сақтандыруды тек халықаралық бағыттарға ұсынған. Бұл қызмет 2026 жылдың қаңтарында қолжетімді болды.

Ал қыркүйектен бастап Қазақстан ішіндегі әуе рейстеріне де сақтандыру рәсімдеу мүмкіндігі пайда болды.

Компания мәліметінше, қаңтар мен қазан аралығында халықаралық және ішкі бағыттар бойынша 1500-ден астам сақтандыру шарты жасалған.

Әзірге сақтандыру төлемдерінің басым бөлігі халықаралық рейстерге тиесілі. Себебі ішкі бағыттарға арналған өнім жақында ғана іске қосылды, сондықтан оның нәтижелері бойынша статистика әлі жинақталып жатыр.

Қазір сақтандыруды Freedom Travel арқылы әуе билетін сатып алу кезінде рәсімдеуге болады.

Компания алдағы уақытта бұл өнімді билет сатып алу қызметінен бөлек, дербес сервис ретінде ұсынуды жоспарлап отыр.

Freedom Insurance сақтандыру аясын кеңейтуге асықпайды

Қыс мезгілінде сұраныс артады деген болжамға қарамастан, компания сақтандыру шарттарын кеңейту жөнінде әзірге нақты шешім қабылдамаған.

Ол үшін сақтандыру төлемдерінің қаншалықты жиі жүргізілетінін, жүйедегі автоматты іске қосылу шарттарының қалай жұмыс істейтінін және өнімнің қаржылық нәтижелерін талдау қажет.

«Өнім сақтандыру төлемдерін бірден жүзеге асыратын параметрлік сақтандыру тетігіне негізделген. Әзірге нарықта оның тікелей баламасы жоқ. Қазір бізге өз статистикамызды жинақтап, өнімнің қолданылуына жан-жақты талдау жүргізу қажет», — деді Азамат Керімбаев.

Компания саяхатшыларға арналған өзге де сақтандыру өнімдерін әзірлеуді жоспарлап отыр. Алайда олардың нақты шарттары мен іске қосылатын мерзімдері әзірге жарияланған жоқ.

Ал алдағы қысқы маусымда ұшақпен сапарға шығатын жолаушылар үшін сақтандырудың қолданыстағы талаптарын білу маңызды. Рейс нақты кешіккен жағдайда 50 мың теңгеге дейін өтемақы алуға болады. Бірақ ұшу кестесі алдын ала өзгертілсе, сақтандыру төлемі берілмейді.

Бұған дейін біз ұшақтардың кешіккен жолаушыларды неге күтпейтінін және бірнеше минуттық кідірістің өзге рейстердің кестесіне қалай әсер ететінін де жазған болатынбыз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -