Стэнли кубогын жеңіп алу – мыңдаған хоккейшінің бүкіл мансабы бойы ұмтылатын арманы. Минскінің «Динамо» клубында өнер көрсететін канадалық шабуылшы Обе-Кюбель үшін бұл арман әлдеқашан өмірбаянының бір бөлігіне айналған. Алайда кәсіби хоккейдегі ең биік мақсатқа жеткеннен кейін де оның жеңіске деген құлшынысы бәсеңдеген жоқ. Керісінше, алда жаңа сынақтар, жаңа командалар және үлкен жеңістің дәмін қайта сезінуге деген талпыныс бар.
Құрылықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында өткен астаналық «Барыс» пен минскілік «Динамо» арасындағы кездесу оңай болған жоқ. Минскіде өткен алдыңғы матчтағыдай, командалар қорғаныста тәртіпті ойын көрсетуге басымдық беріп, қарсыласына еркін әрекет етуге мүмкіндік бермеді. Қазақстан астанасындағы ойын қонақтардың 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Мұндай жағдайда аз ғана гол соғу мүмкіндігін тиімді пайдалана білу шешуші рөл атқарады.
«Бұл жақсы, нағыз еңбекпен келген жеңіс болды. Ойын үшінші кезеңге дейін тартысты өтті. Бізде гол соғатын мүмкіндік көп болған жоқ, дегенмен өз мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалана алдық», – деді Кюбель матчтан алған әсерімен бөлісіп.
Хоккейшінің айтуынша, негізгі қиындықтардың бірі қарсыластың ортаңғы аймақтағы ұйымдасқан ойыны болды. Минск командасы кеңістікті жақсы жауып, шабуыл аймағына кіруді қиындатты. Сондықтан шайбаны тартып алу үшін белсенді прессинг жасап, оны қайта иелену жолында көп күш жұмсауға тура келді.
«Екі кездесу де қорғаныс тұрғысынан өте сапалы өтті. Қарсыластың ортаңғы аймақтағы жүйесі жақсы жолға қойылған, сондықтан шабуыл аймағына кіру бізге оңай болған жоқ. Прессинг жасап, шайба үшін күресіп, оны қайта қайтаруға тура келеді. Меніңше, екі голымыз соғылған сәттерде дәл осыны жүзеге асыра алдық», – деп атап өтті шабуылшы.

Алайда Обе-Кюбельдің тәжірибесі тек ҚХЛ-дағы ойындармен шектелмейді. Оның мансабында әлемдік хоккейдегі ең мәртебелі жүлделердің бірі – Стэнли кубогы бар. Кез келген ойыншы үшін бұл ерекше жетістік, ал Николяның өзі үшін ол бала күнгі арманының орындалуы еді. «Колорадо Эвеланш» құрамындағы жеңіс, әйгілі хоккейшілерден үйрену мүмкіндігі және мұз айдынынан тыс жерде де жалғасқан достық: осының бәрі шабуылшы үшін сол кезеңді айрықша құнды етті.
«Стэнли кубогын жеңіп алу хоккеймен айналыса бастаған кезімнен, бала күнімнен бергі арманым еді. Оның үстіне, біз бұл жетістікке қалай қол жеткізгеніміздің өзі сол тәжірибені ерекше етті. Осындай мықты команданың бір бөлігі болу керемет еді. Мен көп нәрсе үйрендім, тамаша достар таптым. Бұл шынымен де ғажап тәжірибе болды», – деп еске алды хоккейші.
Кәсіби тұрғыда қалыптасуына ықпал еткен адамдар туралы сөз қозғағанда, Кюбель Александр Овечкинді ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ресейлік шабуылшының көшбасшылық қасиеттері мұз айдынында ғана емес, команданың күнделікті өмірінде де айқын көрінеді.
«Әрине, Александр Овечкин. Ол тамаша көшбасшы әрі керемет адам. Ол киім ауыстыратын бөлмеге әрдайым қуаныш сыйлайды, әзіл айтып, команданы біріктіре біледі және ерекше атмосфера қалыптастырады. Сондықтан мен дәл соны ерекше атап өтер едім».

Ұлттық хоккей лигасымен мен Құрылықтық хоккей лигасында ойнаған тәжірибесі Кюбельге хоккейге әртүрлі кәсіби тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді. Екі лиганың деңгейі жиі салыстырылғанымен, шабуылшы олардың арасындағы шеберлік айырмашылығын асыра бағаламайды. Оның пікірінше, негізгі айырмашылық ойыншылардың физикалық дайындығы мен ойын жылдамдығына байланысты.
«Мүмкін, ҰХЛ ойыншылары физикалық тұрғыдан сәл мықтырақ әрі жылдамырақ шығар. Бірақ шеберлік деңгейі туралы айтатын болсақ, ол әбден салыстыруға келеді. Мұнда тікелей салыстыру жасау қиын, әсіресе шайбалардың қалай соғылатыны мен ойынның жалпы өрбуін ескерсек», – дейді Кюбель.
Сонымен қатар Стэнли кубогын жеңіп алу оның қол жеткізген жетістігімен тоқтап қалуына себеп болған жоқ. Керісінше, басты спорттық мақсат әлі де өзекті.
«Тағы бір Стэнли кубогын жеңіп алу! Ал шындап айтсам, мені әлі де жеңіске деген ұмтылыс, одан әрі жақсару және өз командама көмектесу жігерлендіреді. Хоккей – өмірдегі керемет, бірақ салыстырмалы түрде қысқа кезең. Біз сүйікті ісімізбен айналысуға мүмкіндік алған өте бақытты адамдармыз. Сондықтан командамен бірге өткізген әрбір сәтті бағалауға тырысамын».

Хоккей алаңынан тыс уақытта кәсіби спортшының матч өтетін қалалармен танысуына көп мүмкіндік бола бермейді. Соған қарамастан, Кубель саяхаттау мен түрлі мәдениеттерді танып-білуді өз мамандығының ерекше бағалайтын қырларының бірі деп санайды. Астана ол үшін жаңа бағыт болды: хоккейші Қазақстан астанасына алғаш рет келіп, тығыз кестесіне қарамастан, қаланың сәулетіне назар аударып үлгерген.
«Өкінішке қарай, Астанада әзірге бос уақытым көп болған жоқ. Бірақ ұшып келген сәттен-ақ бұл өте әдемі қала екен деп ойладым. Бұл Азиядағы алғашқы ойын тәжірибем, ал мен әртүрлі мәдениеттерге әрдайым қызығушылық танытамын. Саяхаттағанды жақсы көремін, сондықтан мейрамханаларға баруға, жергілікті мәдениетпен танысуға, көрікті жерлер мен сәулет ескерткіштерін тамашалауға тырысамын».

Әсіресе, әуежайдан қалаға келе жатқан жолда көзіне түскен ерекше ғимараттар оның қызығушылығын оятқан. Тіпті хоккейші олардың қандай нысандар екенін командаластарынан сұраған.
«Астанаға алғаш рет келіп отырмын. Көлемі үлкен әрі әдемі ғимараттарды байқадым, тіпті командаластарымнан олардың қандай нысандар екенін сұрадым. Қаланың сәулеті маған қатты ұнады. Астанамен және оның мәдениетімен жақынырақ танысу үшін келесі жолы міндетті түрде көбірек уақыт бөлуім керек деп ойлаймын».
Бәлкім, келесі жолы Обе-Кюбель елордамызды аралауға көбірек мүмкіндік табар. Ал әзірге оның Қазақстаннан алған хоккейлік әсерлеріне тағы бір жағымды әсер қосылды: алғашқы әсеріне қарағанда, ойыншының назарын бірден аударған қаламен танысу.