Алматыдан Дубайға дейін: Қазақстан ІІМ күдіктілерді қалай іздестіреді

462
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: polisia.kz

Қазақстанда «Құқықтық тәртіп» операциясы жүріп жатыр. Бірнеше өңірде полиция заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен есірткіні тәркілеп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматтарды шетелде де қолға түсірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Polisia.kz мәліметінше, 20 қарашада басталған жедел-профилактикалық іс-шара еліміздің барлық өңірін қамтиды. Ішкі істер министрлігі мұндай операциялар елдегі криминогендік жағдайға қарамастан тұрақты түрде өткізілетінін мәлімдеді.

Маңғыстауда 130 келіге жуық есірткі тәркіленді

Маңғыстау облысында автокөлікті тексеру кезінде полицейлер марихуанаға ұқсас зат салынған пакеттерді анықтады. Кейін жедел іс-шаралар барысында базалардың бірінен есірткінің тағы бір партиясы табылды.

Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 130 келіге жуықтады. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Ал Қарағанды облысында полиция халықаралық сәлемдемені алу кезінде 47 жастағы ер адамды ұстады.

Кейінгі тінту барысында Польша, Үндістан және Германиядан жеткізілген 480 таблетка тәркіленді. Препараттардың бір бөлігінен аса ірі мөлшерде модафинил психотроптық заты анықталды.

ІІМ мәліметінше, препараттарға интернет арқылы тапсырыс берілген. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Алматыда 2022 жылы жоғалған қару табылды

Алматыда полиция қару-жараққа қатысты екі деректі анықтады.

Жергілікті тұрғыннан ойық ұңғылы винтовка, тапанша, оқ-дәрілер, үш пышақ және түрлі қару үлгілерінің макеттері тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар қараусыз қалған үйден 2022 жылдан бері жоғалған қару ретінде есепте тұрған аңшылық мылтық табылды. Оның жанында 30 патрон мен жарық-дыбыс гранатасы болған.

Екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

24 млн теңгелік алаяқтыққа күдікті әйел БАӘ-де ұсталды

Қазақстан полициясының іздестіру жұмыстары ел аумағымен шектелген жоқ. Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша еліміздің азаматы ұсталды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел Қытайдан тауар сатып алып, жеткізіп беремін деген желеумен жәбірленуші мен оның ата-анасының қаражатын иемденген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 24 млн теңгені құрайды. Қазір күдікті қамауда.

Ал Алматыда мемлекетаралық іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды. Ол жер телімін заңсыз сатуға байланысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілерге келтірілген шығын 125 мың АҚШ долларын құрайды.

Жүргізуші куәлігінен айырылған тұрғын қайта рөлге отырған

Петропавлда полиция қызметкерлері көлік басқару құқығынан бұрын айырылған 38 жастағы ер адамды тоқтатты. Ол сот шешімімен белгіленген тыйымға қарамастан қайта рөлге отырған.

Сот шешімімен ер адам әкімшілік қамаққа алынды.

ІІМ мәліметінше, Қазақстанда қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеуіне қарамастан, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңды қайталап бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасып жатыр.

«Құрметті азаматтар! Сіздерді заңды сақтауға, айналаңыздағы адамдардың құқықтарын құрметтеуге және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырамыз. Есіңізде болсын, қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады. Ал заң мен тәртіп – біздің ортақ жауапкершілігіміз», – деп мәлімдеді ІІМ.

Бұған дейін біз Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген ауқымды операция туралы жазған едік. Қарашаның алғашқы он күнінде елімізде 200 келіден астам есірткі заңсыз айналымнан шығарылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -