Қазақстанда КАСКО нарығы қысқарып барады. Соңғы он жылда нарық көлемі бес еседен астам өскенімен, сақтандыру сыйлықақыларының көлемі үшінші жыл қатарынан азайып келеді. Ал нарықтағы түсімнің 42,4%-ы екі компанияға тиесілі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Finprom.kz дерегінше, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында қазақстандық сақтандыру компаниялары автокөлікті ерікті сақтандыру бойынша 68,6 млрд теңге сыйлықақы жинап, клиенттеріне 20,4 млрд теңге төледі.
Екі компанияға нарықтың 42,4%-ы тиесілі
Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі бойынша Halyk Insurance көш бастады. Компания тоғыз айда 14,6 млрд теңге жинап, КАСКО нарығының 21,3%-ын иеленді.
Одан сәл ғана кейін тұрған Sinoasia B&R компаниясы 14,5 млрд теңге жинады. Оның нарықтағы үлесі 21,1%-ды құрады.
Сақтандыру сыйлықақылары бойынша үздік бес компания:
- Halyk Insurance — 14,6 млрд теңге;
- Sinoasia B&R — 14,5 млрд теңге;
- «Еуразия» — 7,5 млрд теңге;
- Freedom Finance Insurance — 7,2 млрд теңге;«
- сақтандыру компаниясы» — 6 млрд теңге.
Бес ірі сақтандыру компаниясына нарықтағы түсімнің 72,6%-ы, ал алғашқы ондыққа 98,6%-ы тиесілі. Қалған компаниялардың жиынтық үлесі небәрі 1,4%-ды құрады.
Автокөлік иелеріне қай компания көбірек төлем жасайды?
Сақтандыру сыйлықақылары бойынша екі көшбасшының көрсеткіштері шамалас болғанымен, нақты төлемдер көлемінде айтарлықтай айырмашылық бар.
2026 жылдың тоғыз айында Halyk Insurance клиенттеріне 4,7 млрд теңге төледі. Бұл Қазақстандағы КАСКО бойынша барлық сақтандыру төлемдерінің шамамен 23%-ын құрайды.
Екінші орында 2,3 млрд теңге көрсеткішпен «Мұнай сақтандыру компаниясы» тұр. Үшінші орынға 2,2 млрд теңге төлеген «Еуразия» жайғасты. «Сентрас Иншуранс» пен Sinoasia B&R компанияларының әрқайсысы 1,9 млрд теңгеден төлеген.
Halyk Insurance пен Sinoasia B&R жинаған сыйлықақылар көлемі шамалас болғанымен, Halyk Insurance клиенттеріне 2,5 есеге жуық көп қаражат төлеген.
Дегенмен төлемдердің жалпы көлеміне қарап, нақты сақтандыру жағдайында өтемақы алу ықтималдығын бағалау мүмкін емес. Ол үшін келісімшарт талаптарын, сақтандыру жағдайларының санын және оларды реттеу тәжірибесін де ескеру қажет.
КАСКО нарығы үш жылда 18,1 млрд теңгеге қысқарды
2016 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында қазақстандық сақтандырушылар КАСКО бойынша небәрі 12,8 млрд теңге сыйлықақы жинаған. Он жыл ішінде бұл көрсеткіш бес еседен астам өсті.
Алайда сала үшін рекордтық кезең 2023 жыл болды. Сол жылы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 86,7 млрд теңгеге жетті. Содан бері нарық біртіндеп қысқарып келеді.
Қаңтар–қыркүйек айларындағы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі:
- 2019 жыл — 19,6 млрд теңге;
- 2021 жыл — 25,1 млрд теңге;
- 2022 жыл — 36,9 млрд теңге;
- 2023 жыл — 86,7 млрд теңге;
- 2024 жыл — 76,5 млрд теңге;
- 2025 жыл — 73,3 млрд теңге;
- 2026 жыл — 68,6 млрд теңге.
2023 жылғы рекордтық көрсеткішпен салыстырғанда нарық көлемі шамамен 21%-ға қысқарған.
Қазақстанның сақтандыру секторындағы КАСКО үлесі де төмендеді. 2023 жылы автокөлікті ерікті сақтандыруға барлық сақтандыру сыйлықақыларының 10%-ы тиесілі болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 3,8%-ға дейін азайды.
Қыста КАСКО рәсімдегенде нені ескеру керек?
Қыс мезгілінде автокөлікті сақтандырудың маңызы арта түседі. Қалың қар, көктайғақ пен жолдағы көріну мүмкіндігінің нашарлауы жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Тіпті шағын жол апатының өзі қымбат жөндеуге ұласуы мүмкін.
Міндетті автосақтандырудан айырмашылығы, КАСКО жүргізушінің өз кінәсінен болған жол апаты кезінде де жеке автокөлігіне келген шығынды өтеуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай тәуекел келісімшартта қарастырылуы тиіс.
Полис талаптарына қарай автокөлікті ұрлау, өрт, табиғи апаттар, көлік бөлшектерінің ұрлануы және үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан келген шығын да өтелуі мүмкін.
Кейбір сақтандыру компаниялары полис құнын бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады. Мәселен, Halyk Insurance клиенттері Halyk мобильді қосымшасы арқылы КАСКО-ны 3, 6 немесе 12 айға бөліп төлей алады.
Сақтандыру полисін таңдағанда оның бағасымен қатар франшиза мөлшеріне, қамтылатын тәуекелдерге, келісімшарттағы шектеулерге және өтемақы төлеу мерзіміне назар аударған жөн. Жол апатынан кейін жөндеу шығынының қанша бөлігін автокөлік иесі өз қалтасынан төлейтіні осы талаптарға тікелей байланысты.
Бұған дейін біз қыста автосақтандыру рәсімдегенде әрбір жүргізуші нені білуі керектігін және қандай жағдайларда сақтандыру өтемақысын алуға болатынын жазған едік.