Қазақстанда жасанды интеллект инженерлерін даярлау басталды. ML School Kazakhstan мектебінің алғашқы легіне қабылданған мамандар екі жыл бойы медицина, бизнес, ғылым және қазақ тілін дамытуға арналған жасанды интеллект технологияларын тегін меңгереді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation бірлесіп іске қосқан білім беру бағдарламасына 800-ден астам үміткер өтінім берген. Математика мен бағдарламалау бойынша екі кезеңдік іріктеуден небәрі 32 адам өтті. Бір орынға 25-тен астам үміткер таласты.
Компьютерлік томографиядан сұранысты болжауға дейін
Алғашқы лекке жасанды интеллект негізінде өз шешімдерін әзірлеп жүрген мамандар қабылданды. Олардың қатарында үлкен тілдік модельдерді әзірлеушілер, зерттеушілер және экономиканың түрлі салаларында машиналық оқыту технологияларын қолданатын инженерлер бар.
Қатысушылардың бірі компьютерлік томография суреттерін талдау және микроскоп арқылы өсімдік тозаңын анықтау технологияларымен айналысқан. Тағы бір маман қазақ тіліндегі грамматикалық қателерді түзету, қазақша сөйлеуді тану және синтездеу модельдерін әзірлеген.
Студенттер арасында кредиттік тәуекелдерді бағалау, сұранысты болжау және қаржылық деректерді талдау үшін машиналық оқыту алгоритмдерін қолданған мамандар да бар.
Алғашқы лектің құрамы технологиялық компаниялармен қатар қаржы секторы, медицина және ғылыми ұйымдар үшін өзекті міндеттерді шешуде тәжірибесі бар мамандарды біріктіріп отыр.
«Жасанды интеллектіні дамыту үшін дайын шешімдерді қолдана білетін ғана емес, технологияны өздері жасай алатын адамдар қажет. ML School Kazakhstan мектебінің алғашқы легіне 800-ден астам өтінім түсіп, конкурстық іріктеуден 32 маман ғана өтті. Бұл машиналық оқытуды терең меңгеруге деген жоғары қызығушылықты және Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өзіндік сараптамалық әлеуетін дамыту мүмкіндігін көрсетеді», — деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Яндекстің тәжірибесіне негізделген екі жылдық оқу
Бағдарлама Яндекстің Деректерді талдау мектебінің (ШАД) академиялық тәсілдері мен тәжірибесі негізінде әзірленген. Оқу іргелі математикалық дайындық пен нақты инженерлік міндеттерді шешуді ұштастырады.
Студенттер математиканы, статистиканы, алгоритмдерді, нейрондық желілерді, компьютерлік көру технологияларын, генеративті жасанды интеллектіні және табиғи тілді өңдеу әдістерін меңгереді.
Дәрістер мен семинарларды Yandex сарапшылары, техникалық жоғары оқу орындарының оқытушылары және машиналық оқыту саласындағы зерттеушілер өткізеді.
Практикалық сабақтарда қатысушылар қолданыстағы ML-жүйелердің архитектурасымен танысып, қолданбалы және ғылыми-зерттеу міндеттерімен айналысады.
«Біздің міндетіміз — қатысушыларға машиналық оқыту негізіндегі шешімдерді өз бетінше әзірлеп, оларды түрлі салаларда қолдануға мүмкіндік беретін іргелі білім мен инженерлік дағдыларды меңгеруге көмектесу», — деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.
Қазақстан жасанды интеллект саласындағы өз мамандарын даярлауға басымдық беріп отыр
Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осыған байланысты технологиялық өнімдерді өз бетінше әзірлей алатын білікті кадрларды даярлаудың маңызы артып отыр.
«Бұл әлеуетті іске асыру үшін заманауи инфрақұрылыммен қатар озық технологиялық шешімдерді әзірлеп, енгізе алатын жоғары білікті мамандар қажет», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Болашағы зор бағыттардың бірі — қазақ тіліне арналған жасанды интеллект технологияларын дамыту. Алғашқы лекке қабылданған мамандардың сөйлеуді тану, мәтінді өңдеу және грамматикалық қателерді түзету саласындағы тәжірибесі қазақ тіліндегі цифрлық сервистерді әзірлеуде сұранысқа ие болуы мүмкін.
Жаңа мамандар жыл сайын қабылданады
Сабақтар Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында аптасына екі-үш рет, үш сағаттан өтеді.
Екі жылдық бағдарламаны аяқтаған түлектерге ML School Kazakhstan сертификаты беріледі. Сонымен қатар олар Яндекстің Деректерді талдау мектебінің кейбір курстарынан қосымша өте алады.
«ML School Kazakhstan мектебінің алғашқы қабылдауының өзі Қазақстанда талантты мамандардың қаншалықты көп екенін көрсетті. Қатысушылар арасында күрделі инженерлік және ғылыми-зерттеу міндеттерін шешіп жүрген, өзіндік жетістіктері бар мамандар бар», — деді Alem.ai Foundation корпоративтік қорының бас директоры Адина Магавина.
Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation машиналық оқыту инженерлері мен зерттеушілерінің кәсіби қауымдастығын қалыптастыру үшін мектепке жыл сайын жаңа қатысушылар қабылдауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін біз Tomorrow School мектебінде жасанды интеллект мамандарын қалай даярлайтыны және оқытудың жаңа форматы туралы жазған едік.
