Алматыда ерекше арт-нысан пайда болды. Алып шоколад тақталары мен кәмпиттер түріндегі композиция болашақ гастрономиялық көшенің бір бөлігіне айналмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, жаңа арт-нысан Зенков пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында, «Рахат» кондитерлік фабрикасына қарама-қарсы орнатылды.
Алып шоколадтар Алматының гастрономиялық тарихын бейнелейді
Композицияның тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған. Арт-нысан «Рахат» фабрикасының танымал өнімдерін бейнелеп, кәсіпорынның Алматының гастрономиялық мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесін айшықтайды.
Енді Көк базар маңында қала тұрғындары мен туристер үшін суретке түсетін тағы бір ерекше орын пайда болды.

Арт-нысанға бюджет қаражаты жұмсалған жоқ
Композиция демеушілердің қолдауымен орнатылды. Оны жасауға және орнатуға бюджет қаражаты тартылған жоқ.
Жаңа нысан Көк базар маңындағы қоғамдық кеңістікті жаңарту және гастрономиялық көшелерді дамыту жобасы аясында бой көтерді.

Көк базар маңындағы жұмыстар желтоқсанда аяқталмақ
Қазір базар төңірегінде қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Негізгі жұмыстарды 2026 жылдың желтоқсан айының ортасына дейін аяқтау жоспарланған. Гастрономиялық көшелерді дамыту жобасын «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үйлестіреді.
Бұған дейін біз Көк базардың тарихи келбетін сақтай отырып жаңғырту жобасы және Алматының 2026 жылғы әлемнің үздік гастрономиялық бағыттары қатарына енгені туралы жазған едік.