Бір қоңырау бүкіл жинақтан айыруы мүмкін. Алаяқтар егде жастағы қазақстандықтарды ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға немесе қаржысына қол жеткізуге мүмкіндік беретін қосымшаны орнатуға көндіреді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілі туралы ескертті.
Алаяқтар зейнеткерлерді ақша аударуға қалай көндіреді?
Қаскөйлер өздерін банк, полиция, емхана немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар белгісіз біреулердің шоттан ақша шешіп алмақ болғанын айтып, дереу әрекет етуді талап етеді.
Алаяқтар адамның жинаған ақшасынан айырылып қаламын деген қорқынышын пайдаланады. Қысымға түскен зейнеткер қаражатын сақтап қаламын деп, оны өз қолымен алаяқтарға аударып жіберуі мүмкін.
Қоңырау шалушы адамның жеке деректерін білуі де ықтимал. Алайда бұл оның банк немесе мемлекеттік мекеме қызметкері екенін дәлелдемейді.
Бір қосымша арқылы банк шотына қол жеткізуі мүмкін
Смартфонға бөгде қосымша орнату туралы өтініш аса қауіпті.
Алаяқтар алдымен зейнеткердің мобильді банкингті пайдаланатынын анықтап алады. Содан кейін ақшаны қорғауды сылтауратып, құрылғыны қашықтан басқаруға және банк қосымшаларына қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағдарламаны орнатуды сұрайды.
Қоңырау шалушы өзін банк қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырса да, оның нұсқауымен ешқандай қосымша орнатуға болмайды.
Егде жастағы ата-аналарды телефон алаяқтарынан қалай қорғауға болады?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:
- Бейтаныс адамдардың талабы бойынша ақша аудармаңыз.
- Банк картасының деректерін, CVV-кодты, құпиясөздерді, SMS-кодтарды және шоттағы қаражат мөлшерін жария етпеңіз.
- Қоңырау шалушының өтініші бойынша бөгде қосымша орнатпаңыз.
- Мекеменің ресми нөміріне өзіңіз хабарласып, ақпаратты тексеріңіз.
- Туысыңыз қиын жағдайға тап болып, шұғыл ақша қажет екені айтылса, оған өзіңіз қоңырау шалыңыз.
Егде жастағы ата-аналармен осындай жағдайларда не істеу керектігін алдын ала келісіп алған жөн. Мәселен, күтпеген жерден ақша аудару туралы өтініш түссе, алдымен жақындарымен байланысып, ақпараттың рас-өтірігін анықтауы қажет.
Алаяқтар қоңырау шалса, не істеу керек?
Күдік тудырған қоңырауды бірден тоқтату қажет. Егер бейтаныс адам өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса, сол мекеменің ресми байланыс орталығына өзіңіз хабарласыңыз.
Зейнеткер құпия деректерін айтып қойған, күмәнді қосымша орнатқан немесе ақша аударып үлгерген жағдайда дереу банкке және құқық қорғау органдарына жүгіну керек.
Банк оқиға туралы неғұрлым ерте хабардар болса, шоттағы қаражатты қорғау үшін соғұрлым жылдам шара қабылдай алады.
Бұған дейін біз «қауіпсіз шоттың» неліктен алаяқтардың тұзағы екенін және қаскөйлердің азаматтарды жинаған ақшасынан айыру үшін қандай тәсілдерді қолданатынын жазған едік.