Қазақстанда есірткі жеткізетін 19 арна жабылды. Үш ай ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 1,3 тоннадан астам есірткі затын тәркіледі. Оның едәуір бөлігін синтетикалық опиоид құрайды, деп хабарлайды DKNews.kz.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, тамыз бен қазан айлары аралығында есірткі жеткізетін сегіз халықаралық және 11 өңірлік арна жойылып, бес жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды.
Жарты тоннадан астам синтетикалық опиоид тәркіленді
Тәркіленген есірткі заттарының ішінде салмағы жағынан синтетикалық опиоид бірінші орында тұр. Оның көлемі 525 келіге жеткен.
Сонымен қатар ҰҚК қызметкерлері:
- 404,6 келі марихуана;
- 320,6 келі қарасора бұтасын;
- 18,4 келі синтетикалық есірткі;
- 14,2 келі гашиш;
- 11,1 келі апиын;
- күшті әсер ететін заттардың 2 650 таблеткасын тәркіледі.
Бұдан бөлек, есірткі өндіру кезінде қолданылуы мүмкін 2,6 тонна прекурсор алынды.
ҰҚК сегіз халықаралық операция өткізді
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес ел аумағымен шектелген жоқ. ҰҚК шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен бірлесіп, есірткіге қарсы сегіз халықаралық операция өткізді.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен 45 адам ұсталды. Олардың 40-ы Қазақстан азаматы, бесеуі шетелдік.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес есірткінің шығу тегі, тасымалдау бағыттары және қылмыстық істердің өзге де мән-жайлары жария етілмейді.
Бірнеше күн бұрын біз Қазақстан мен Ресейдің есірткінің халықаралық тасымалына қарсы күресті күшейту туралы келісімге келгенін жазған едік. Екі ел синтетикалық есірткінің жасырын өндірісі мен интернет арқылы заңсыз таралуына қарсы бірлескен іс-қимылды күшейтпек.

