Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысына қатаң талап қойды

420
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: UKIMET

ҚТЖ-ның басшылығы ауысты. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы болып тағайындалған Ерсайын Нағаспаев стратегиялық инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын жеделдетіп, кадрлық тәртіпті күшейтуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жандандыруға тиіс, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Ерсайын Нағаспаевты тағайындау туралы шешімді «Самұрық-Қазына» қорының басқармасы қабылдады.

Бектенов ҚТЖ қызметкерлеріне қатаң талап қойды

Жаңа басшыны таныстыру барысында Үкімет басшысы компаниядағы кадр саясатына ерекше назар аударды. Премьер-министр корпоративтік тәртіпті күшейтіп, басшылардың қабылдаған шешімдері үшін жеке жауапкершілігін арттыруды талап етті.

«Мемлекет басшысы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында елімізді Еуразияның жетекші көлік-логистикалық хабына айналдыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға ерекше назар аударды. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі үшін еліміздің негізгі көлік-логистикалық активі саналатын «Қазақстан темір жолына» айрықша жауапкершілік жүктеледі. Бұл – мыңдаған қызметкері және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкердің міндетін нақты айқындау қажет. Мемлекет игілігі үшін жұмыс істеуге дайын емес адамдар кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал әрі жауапты азаматтар екеніне сенімдімін. Үкіметтің, салалық министрліктің және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндетті орындауға мүмкіндіктеріңіз жетеді. Босаңсуға уақыт жоқ, дереу белсенді жұмысқа кірісу қажет», – деді Олжас Бектенов.

ҚТЖ-ны кім басқарады?

Ерсайын Нағаспаев теміржол саласын жақсы біледі. Әр жылдары «Қазақстан темір жолы» компаниясында қызмет атқарған ол 2025 жылдың ақпанынан бастап Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды.

Олжас Бектенов жаңа басшының өнеркәсіп, көлік және мемлекеттік басқару салаларындағы мол тәжірибесін атап өтті.

Енді Нағаспаевтың алдында транзиттік тасымал көлемін ұлғайту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және ұлттық компанияның жұмыс тиімділігін арттыру міндеттері тұр.

Үш стратегиялық теміржол жобасы аяқталуға тиіс

ҚТЖ-ның жаңа басшылығы бірнеше ірі теміржол магистралінің белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қамтамасыз етуі қажет.

2026 жылдың соңына дейін екі теміржол учаскесінің құрылысы аяқталуға тиіс:

  • «Дарбаза – Мақтаарал»;
  • «Мойынты – Қызылжар».

Ал 2027 жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Бұл магистральдардың уақытында іске қосылуы қазақстандық бизнес үшін де маңызды. Теміржолдардың өткізу қабілетін арттыру жүк тасымалының көлемін ұлғайтып, халықаралық көлік дәліздеріндегі инфрақұрылымдық шектеулерді азайтуға мүмкіндік береді.

ҚТЖ-ға отандық өндірушілерді қолдау тапсырылды

Үкімет басшысы локомотивтер мен вагондар шығаратын қазақстандық кәсіпорындарды қолдау мәселесіне де тоқталды.

Елімізде теміржол машина жасау саласының өндірістік кластерлері қалыптасқан. Ұлттық тасымалдаушының сұранысы отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Теміржол, теңіз және әуе тасымалы бір жүйеге біріктіріледі

Үкімет көліктің бірнеше түрін біріктіретін мультимодальды жүк тасымалы жүйесін дамытуды көздеп отыр.

Басым міндеттердің қатарында теңіз көлігі инфрақұрылымын дамыту және инвестормен бірлесіп Alatau Air Cargo жүк әуе компаниясының тиімді жұмысын ұйымдастыру бар.

ҚТЖ-ның жаңа басшылығына қойылған тағы бір талап – цифрландыруды жеделдету. Үкімет басшысының айтуынша, көлік саласындағы цифрлық технологиялардың әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр.

Бұған дейін біз Тоқаевтың ҚТЖ жұмысын сынға алып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруды тапсырғаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -