Екібастұзда 515 млн теңгеден асатын су нысандары мемлекетке қайтарылды

154
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: DKNews.kz/AI-generated

Екібастұзда су шаруашылығы нысандары мемлекетке қайтарылды. Сорғы станциялары мен құбырлар коммерциялық мақсатта пайдаланылғанымен, мемлекет олардан өзіне тиесілі таза табысты алмаған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Екібастұз прокуратурасы мемлекеттік су шаруашылығы нысандарын жеке басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру кезінде заң талаптарының бұзылғанын анықтады.

Мемлекет өзіне тиесілі табыстан қағылған

Прокурорлар су шаруашылығы құрылыстарының уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімінсіз сенімгерлік басқаруға берілгенін анықтады.

Нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылған. Алайда мүліктің иесі саналатын мемлекетке тиесілі таза табыс аударылмаған.

Прокуратураның ұсынуы негізінде сенімгерлік басқару шарттары бұзылып, жалпы құны 515 млн теңгеден асатын нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жаңа конкурсқа қаржылық талап қойылады

Сорғы станциялары мен құбырлар қайтадан конкурсқа шығарылады. Бұл жолы болашақ басқарушыға міндетті қаржылық талап қойылмақ.

Нысандарды пайдаланудан түсетін таза табыс бес жыл бойы мемлекеттік бюджетке аударылуы тиіс.

Бұрынғы шарттар қолданыста болған кезеңде мемлекеттің қанша табыс ала алмағаны туралы прокуратура нақты мәлімет берген жоқ.

Бұған дейін біз Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасы мен оның гидротехникалық құрылыстарының мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -