Қазақстанда заңсыз салынған нысандар сүріліп жатыр. 2026 жылдың басынан бері су заңнамасының талаптарын бұзған 18 нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шығарылып, жалпы сомасы 12,7 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Айыппұл төлеу нысанды бұзудан босатпайды
Бассейндік инспекциялар жерүсті су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс жүргізудің 18 дерегін анықтады. Әрбір заңбұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Заңсыз құрылыс иелері үшін мәселе айыппұл төлеумен шектелмейді. Соттың барлық 18 шешімінде салынып жатқан немесе құрылысы аяқталған заңсыз нысандарды мәжбүрлеп бұзу көзделген.
Су кодексі инспекторлардың өкілеттігін кеңейтті
2025 жылы қабылданған Су кодексі бассейндік инспекциялардың өкілеттігін кеңейтіп, су объектілерін қорғауға қойылатын талаптарды нақтылады.
Сонымен қатар министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп, «көлеңкелі су нарығымен» күрес жөніндегі жол картасын іске асырып жатыр.
«Бассейндік инспекциялар су заңнамасы талаптарының сақталуына тұрақты түрде тексеру жүргізеді. Сондай-ақ Бас прокуратурамен бірлесіп қабылданған “көлеңкелі су нарығымен” күрес жөніндегі жол картасы аясында іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ал өткен жылы қабылданған Су кодексі бассейндік инспекторлардың өкілеттігін кеңейтіп, су объектілерін қорғауға қойылатын нақты талаптарды белгіледі», — деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Өзен-көл маңындағы жылжымайтын мүлік иелері мен құрылыс салушылар су қорғау аймақтарындағы шектеулерді құрылыс басталмай тұрып ескеруі қажет. Заң талаптарын бұзу айыппұлмен қатар салынған нысаннан айырылуға да әкелуі мүмкін.
Бұған дейін біз 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап су жағасындағы құрылысқа қатысты 35 метр ережесі қай аумақтарда қолданылатынын және өзен-көл маңынан жер телімін сатып алғанда қандай шектеулерді ескеру керектігін жазған едік.